«Мұртты қорған» аумағында жұмыс жасап жатқан ПМПИ-дің жанынан ашылған «Margulan Centre» өңірлік археологиялық орталығының директоры Тимур Смағұловтың айтуынша, сақ дәуіріне жататын қорғандарды зерттеу осыдан үш ай бұрын басталған.

- Қабірде жерленген жауынгердің сүйек қалдықтарына зер салсақ, оның жас адам болғаны анық байқалады. Зерттеу жұмыстары толықтай аяқталған соң, бұл адамның нақты қандай әлеуметтік топқа жатқанын білуге болады. Сондай-ақ, антропологиялық зерттеулер оның түр - әлпетін анықтауға мүмкіндік береді. Бәлкім, жауынгердің портреттік бейнесін де алып қалуымыз ықтимал. «Мұртты қорғаннан» табылған қабір өлке тарихын айтарлықтай толықтыра түспек, - дейді Т.Смағұлов.

Осыдан біршама уақыт бұрын Баянауылға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Болат Бақауов «Мұртты қорғанды» арнайы көріп, сөз арасында ескерткішке жақын маңдағы қаңырап бос тұрған ғимаратты жөндеп, оны археологтардың игілігіне беруге болатындығын айтқан-ды. ПМПИ басшылығы айтылған осы бір ойдан нақты нәтиже шығарған. Яғни, қаңыраған ғимараттың есік-терезелерін бүтіндеп, төбесін жауып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Қазір бірнеше бөлмеден тұратын бұл ғимаратта «Margulan Centre» өңірлік археологиялық орталығының мамандары орнығып, жұмыс істеуде. Мұны аталмыш орталықтың Торайғыр ауылындағы филиалы десе де болады.

- «Мұртты қорған» Баянауылдың туристік маршрутына енгізіледі деген үміттеміз. Себебі біз бұл жерде ауқымды жобаларды жүзеге асырмақпыз. Атап айтқанда, болашақта мұнда ашық аспан астындағы музей және Баянауылдың археология музейі ашылады. Бұл музейлер біздің өлкенің тарихына қызығушылық танытқан кез келген адамды бейжай қалдырмасы даусыз. Қазірдің өзінде «Мұртты қорғанды» тамашалаушылардың қатары көбейіп келеді, - дейді Т.Смағұлов.

Сондай-ақ, Тимур Смағұлов «Мұртты қорған» ескерткіші орналасқан аумақта балбал тастар аллеясын ашу туралы ойын жеткізді. Оның сөзінше, облыстың әр аумағында жатқан балбал тастарды осы жерге жинап, ерекше жоба жасауға болады.

«Мұртты қорғаннан» табылған жас жауынгердің қабірін көріп, «Margulan Centre» өңірлік археологиялық орталықтың ғимаратында болған облыс әкімі Болат Бақауов археолог мамандарға табыс тіледі.

Фархат ӘМІРЕНОВ
Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz