Ауыл әкімі Аждар Жүсіповтің айтуынша, Бүкіләлемдік банк арқылы арнайы грант жеңіп алған жас ұстаз Қымбат Матай бірде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталық ашуға ғимарат сұрай келіпті. Содан ауыл басшылығы елді мекенде бос жатқан бір қабатты ғимараттың ауылдан әлдеқашан көшіп кеткен иесін тауып, ұсыныс жасаған. Ғимараттың қожайыны мұнда кәсібін дөңгелетуге ниеттілер болса, өзіне тиесілі мүлкіне күрделі жөндеу өткізіп, жалға беруге дайын екенін айтқан. Осылайша, бір ғимарат бірнеше кәсіптің ашылуына түрткі болды.

Ауылда жетпіске жуық бала айрықша білім беруді қажет етеді. Ауылда оларды дамытатын, оқытатын ешбір орталық жоқ. Енді Қ.Матай жеңіп алған 1 млн. теңгеге банк арнайы жабдықтар жеткізіп, жәрдемге зәру бүлдіршіндерді дамытуға күш салмақ. Бәрі тегін жүргізіледі. Бүгінде бір кабинетте балаларды оқыту басталып кетсе, қыркүйекке қарай тағы екі бөлмесі дайын болады. Ауылдың тағы бір азаматы кешенде шаштараз ашуға ниет танытыпты. Оған да ғимарат иесі екі кабинетті қажетіне қарай жөндеп берген. Кешенге косметикалық өнімдер сататын дүкен де жайғасыпты.

Сонымен қатар жаңа кешенде тіс емханасы да жұмыс істейді. Ауыл әкімі қаладан 25 жылдық еңбек өтілі бар тіс дәрігері Мәдениет Ибраевты шақырыпты. Ғимарат иесі бизнесменнің кәсібіне лайықтап үш кабинет дайындап берген. Бірінде емделушілерді тіркеу жүргізілсе, бірінде құрал-жабдықтарды залалсыздандырылады, енді бірінде емдеу шаралары атқарылады. Стоматологиялық ем-дом алуға ауыл тұрғындары жазылып та үлгеріпті. Мамандар мұнда қызмет құны қалалықтан төмен болады деп сендіруде.

Ауыл әкімінің айтуынша, кешеннің қосалқы ғимаратында қазан айына қарай дәмхана да ашылады. Нысанның айналасында орналасқан мекеме қызметкерлеріне мұндай дәмхана ыңғайлы болар еді, дейді ауыл әкімі. Бір айта кетерлігі, кешенде кәсібін ашқандардың және алдағы жоспарын ұсынғандардың бәрі дерлік ауылдың тұрғындары. Бастысы, бұл кешеннің ашылуы ауылдықтар үшін тиімді болып отыр.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz