Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Сәуле Османованың айтуынша, 2016 жылы аймақ басшысы біздің өңірдегі мемлекеттік тілдің дамуын ары қарай насихаттап, ана тіліміздің қоғамнан өз орнын табуына ықпал ете алатын арнайы жобаны қолға алуды тапсырған. «Тіл керуені» - соның жемісі. Облыстық басқарма мен «Ана тілі» орталығының бірлесіп ұйымдастырған тың жобаның мақсаты – қазақ тілін, ұлтымыздың салт-дәстүрін, мәдениетін дәстүрлі емес бағытта насихаттау. Яғни, флеш-тренинг, ойын түрінде дәріптеу. «Тіл керуенінің» тағы бір ерекшелігі – дәрістердің киіз үйде өткізілуі. Жобаға қазақ тілін меңгеруге ниетті барлық санаттағы адамдар қатыса алады. Дені - өзге ұлт өкілдері.

- Биыл 100-ден астам адам дәріс алды. Жалпы, жоба қолға алынғалы бері 200-ден астам адам оқыды. Әрине, олардың бәрі қазақшаны түбегейлі меңгеріп кетпесі анық. Бірақ ауызекі тілде сөйлеуді меңгереді. Бүгінгі фестивальге Президент әкімшілігінің Павлодар облысына жауапты мемлекеттік инспекторы Ербол Әлиқұлов «Тіл керуені» жобасын республикалық деп жариялау туралы ұсыныс білдірді. Себебі мұндай жоба өзге аймақтарда қолға алынбаған, - деді С.Османова.

«Тіл керуені» фестивалі аясында Торайғыр көлінің жағасына 9 киіз үй тігілді. Бұл күні ұлттық қолөнершілердің туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық тағамдарын дайындалу барысы көрсетілді. Сондай-ақ, облыстың мандайалды суретшілері Торайғырдың тұмса табиғатын кескіндеді. Шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Этноауылды облыс әкімі Болат Бақауов пен Президент әкімшілігінің Павлодар облысына жауапты мемлекеттік инспекторы Ербол Әлиқұлов аралап, арнайы жайылған ақ дастарқаннан дәм татты.

- Осы жылдың ақпан айында «Тіл керуені» жобасына қатысу мүмкіндігі бұйырды. Сәтті жүзеге асырылып келе жатқан жобаға қатысудың артықшылықтары көп. Қазақ тілін меңгеруде теориялық білімнен бөлек, түрлі психологиялық ойындар, флеш-тренинг секілді оқытудың әдеттен тыс нысандарын ұсынды. Меніңше, мұндай жоба біздің облысқа аса қажет. «Тіл керуені» жыл сайын жалғасып, өңірдегі қазақ тілінің дамуына өз үлесін қоса берсе екен деген тілегім бар, - деді «Тіл керуені» жобасының қатысушысы, екібастұздық Виктория Камалитденова.

Бұл - «Тіл керуені» жобасы ұйымдастырған екінші фестиваль. Алғашқысы былтыр Торайғыр ауылында өткізілген-ді. Екібастұз бен Ақсу қалаларының, Шарбақты, Ақтоғай және Железин аудандарының өкілдері жобаға белсене қатысуда.

Осы жылдың қазан айында «Тіл керуенінің» күзгі маусымы басталады. Бұл жобаның ары қарай жалғасуына облыс әкімі Болат Бақауов та ниеттес екенін білдірді.

Фархат ӘМІРЕНОВ

saryarka-samaly.kz