Гиппарион фаунасы! Иә, қай тұрғыдан алып қарасақ та, өңіріміздің тарихы, экологиясы, палеобиологиялық, геологиялық аспектілерінен, бірнеше миллион жылдар бұрынғы жер бетіндегі тіршілік дамуынан сыр шертетін әлемдік маңызға ие тарихи орын - табиғат жаратылысының біздің жерімізге сыйлаған теңдессіз ескерткіші деп бағалауға болар.

Әлемдегі және Еуроазиядағы омыртқалы жануарлар мен құстар табылған ірі гиппарион фаунасының ашылғанына келесі жылы 90 жыл толмақ.

Өте көне дәуірдегі, осыдан 2,7 миллион жыл бұрын плиоцен дәуіріндегі Павлодар аумағында өмір сүрген құстар мен жануарлардың сүектері көмілген орынды 1928 жылы ресейлік зерттеуші ғалым-палеонтолог, кейін КСРО-ның Ғылым Академиясының директоры болған академик Юрий Димитриевич Орлов ашып, бірнеше омыртқалылардың қаңқасын қазып алыпты. Осы тарихи орынның ашылуы жайлы ғалым: «Батыс Сібір мен Солтүстік Қазақстанда 1928 жылдың жазының алғашқы жартысы жаңбырлы болды. Қазақстанның білікті жас геологтарының бірі Е.Шлыгин екеуіміз ұзақ уақыт шатырда отырдық. Палеонтологиялық зерттеулеріміз мардымсыз болды. Бірақ менің алдымда Ертіс бойына барып, оның жағалауынан көне дәуірде өмір сүрген ұсақ жәндіктерді зерттеу жұмысы тұрды. Омбыдан бастап Ертістің оңтүстік жағалауын Павлодарға дейінгі жерін сүзіп өттім. Кемемен Павлодарға жақындай бере оң жақ жағалаудағы ұзынға созылған сары түсті құм мен теңбілді балшық жар көзге түсті. Мұны мен алдын ала неогендік кезеңнің дүниесі екенін болжадым...» деп жазыпты.

Іле-шала бұл орын әлемге әйгілі болды. 1929 жылы алғашқы экспедиция жасалды. Әлемді таңқалдырған тарихи орын ЮНЕСКО-да тіркелді. Міне, сол кезеңнен бастап Павлодар жеріне ондаған экспедициялар зерттеулер жүргізіп, сол кездегі КСРО-дағы көптеген ғылыми зерттеу институттары мен музейлері «Қазқонақтан» табылған жануарлар мен құстардың қаңқасын иеленді. 1929 жылы екі вагон қаңқа Москваның Палеонтология музейіне жеткізілген екен.

«Қазқонақтың» тарихи орны Ертіс өзенінің жағалауына таяу тұрғындар «Қытай қорғаны» деп атап кеткен көп қабатты тұрғын үй мен собордың маңы Ш.Айманов көшесін ендей өтіп, теміржол көпіріне дейінгі 2,2 га жерді алып жатыр. Бағзыда бұл арадағы алаңда үлкен ауыл болған деседі. Суға келген құстардың ауылды айналып, өзен үстімен ұшып барып, су ішуге қонатыны белгілі. Құс аулаушылар оларды сол арада күткен. ХІХ ғасырда сол себеппен бұл жер «Қазқонақ» («Гусиный перелет») деп аталып кеткен.

«Қазқонақ» ашылғаннан кейін жүргізілген түрлі зерттеулерде бұл жерден осыдан 5-14 миллион жылдар бұрын өмір сүрген аңдар мен құстардың шамамен 68 түрінің (одан да көп болуы ықтимал) қаңқасы табылып, бұл маңның ауа райы сол дәуірлерде Африканың саваннасына ұқсас болғандықтан суда да, құрғақта да өмір сүре алатын саламандра, тасбақаның «троникс» деген түрі, басқа да омыртқалылар класына жататын жануарлардың өмір сүргені анықталған.

Ғалым Ю.Д.Орлов Павлодардағы фаунаны зерттеуге кіріскенде ең алдымен омыртқалы жануарлардың қаңқасын, тістерін тапқан екен. Бір ғажабы, бұл жерден африкалық омыртқалылардың қаңқасы, оның ішінде африкалық фауна өкілдерінің бірі, ірі хайуан - жирафтың тісін тапқан. Табылған қаңқалардың арасынан жирафтың, гиенотиптік жыртқыштар, мүйіз тұмсық, осыдан 3-9 миллион жыл бұрын өмір сүрген үш ашалы (үш тұяқты) жылқылардың қаңқасын құрастырған. Бұл дүние-жүзілік палеонтология әдебиетіне енгізілген үлкен жаңалық болды. 1929-1930 жылдарда Павлодарда КСРО-ның Ғылым Академиясының Палеонтологиялық институты, кейін Қазақстанның Ғылым Академиясы зерттеулер жүргізіп, соның нәтижесінде 20-дан астам бұғы, 40 шақты жираф, 130 мүйізтұмсық, 200-ден астам гиппарионның қаңқасы табылған. Бұл - фаунаның бір ғана бөлігінен табылған қаңқалар. Кейін 1960 жылы ҚазКСР ҒА-ның ғалымдары «Қазқонақтың» шеткі және орта аумағынан су шайып кеткен шақылдақ (тышқан), шиқылдақ (торғай), жұмыртқалардың қалдығы, құрғақта да, суда да өмір сүретін құстардың қаңқасын тапты. Міне, осыған байланысты зерттеуші ғалымдар «Қазқонаққа» кешенді гиппарион фаунасының классикалық эталоны деп маңыз берген болатын.

Кезінде әлемнің назарын аударған Павлодардағы «Қазқонақ» не себептен гиппарион фаунасы деп аталды?

Зерттеуші мамандардың айтуына қарағанда, ең сирек кездесетін, осыдан 130-140 млн. жыл бұрын өмір сүрген теңіз плиозаврлары ірі омыртқалы жануарлардың қалдықтары Батыс Қазақстан жерінен табылса, соның бірі Қапшағай су қоймасынан да кездескен. Осы жануарлар өмір сүрген дәуірде Қазақстанның аумағы толығымен су астында болған, климаты да қазіргіден өзгеше қалыптасқан. Соған орай осы жануарлар су астында өмір сүріп, бірін-бірі жыртқыштықпен талаған. Кейін 65-70 млн. жыл бұрын теңіз суы сәл қайтқан уақытта құрғаған аймақтарда динозаврдың көптеген түрлері пайда болған. Олардың кейбір түрлері Орталық Қазақстанның аумағынан да табылған. Теңіз суы тартылып, климат та субтропикалық климатқа ауысып, сол дәуірде ең алғашқы тұяқты жануарлар, жыртқыштар пайда болды.

55 млн. жыл бұрын теңіз суы Балқашқа дейін жетіп, кең далаға жайылған су тартылған уақытта субтропикалық флора (өсімдіктер әлемі) бірте-бірте солып, жер бетінен жоғалуға айналды. Қазіргі қазақ даласында Тянь-Шань, Алтай сынды таулы өлкелер көрініс тапты, көлдер, баяу ағатын өзендер мен батпақты аймақ пайда болды, жылы климат орнығып, қалыптаса бастаған ауа райында енді ірі мүйізтұмсықтылар индрикотерия, ірі шошқа пішіндес жануарлар өмір сүре бастады. Таңқаларлық ірі бұл жануарлардың қаңқалары қазір Палеонтологиялық музейдің экспозициясында сақтаулы.

Шамамен 23-22 млн. жыл бұрын мицена дәуірінде қазіргі Қазақстанның аумағында ірі «көл дәуірі» пайда болып, жоғарыда аталған жаунарлардың кейбір түрлеріне қоса, анхитерия (орман жылқысы) тұқымы кең жайылды. Қазақстанда архитерия өмір сүрген 15 орын, атап айтқанда: Орталық Қазақстаннан солтүстікке дейінгі аумақтан, Ертіс маңы, Торғай, Зайсан жерінен табылды. Кейінгі дәуірде климат құрғап, бір сөзбен айтқанда, қазіргі ауа райына ұқсас болған кезеңде орман жылқыларына қоса, үштұяқты жылқы гиппарион осы аймақта үйір-үйірімен өмір сүрген.

Сондықтан көне дәуірде өмір сүрген жануарлар кешенін «Гиппарион фаунасы» деп атады. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл фаунаның ең ірі орны Ертіс өзенінің Павлодар қаласындағы оң жағалауындағы «Қазқонақтан» табылған. Басқа омыртқалыларға қарағанда бұл жерден 200 гиппа-рионының қаңқасы шықты. Бұлардың қай-қайсысы болмасын еуропалық музейлерде құны мыңдпаған доллар тұратын аса бағалы экспонатқа айналған.

«Қазқонақтан» сондай-ақ, тұрқы қабыланнан кішірек, мысық тұқымдастарға жататын қылыш тісті махайродтың қаңқасы шыққан. Жалпы алғанда жартығасырлық зерттеулер нәтижесі бойынша бұл орыннан көне дәурлерде өмір сүрген жануарлар мен өсімдіктердің 800 орны табылған.

Бір атап өтерлігі, кең байтақ еліміздің аумағында табиғи ерек-шелігі, жан-жануарлар, құстар әлемі арқылы мән берілген қорықтар мен табиғи суаттар баршылық. Ерейментау, Баянауыл жерінде сирек кездесетін ақ құр, құр дейтін құс түрлері, бір сөзбен айтқанда фауна-флора тұрғысынан (фауна-жануарлар, флора өсімдіктер әлемі) үлкен маңызға ие өңір. Қызылтауды, мәселен, экологиялық аймақ деуге болады. Ол жақты арқар, борсық, қасқыр, құндыз, күзен, қоян, ақ құр, сұр құр, бүркіт мекендейді. Жалпы, Қазақстан бойынша 60-қа жуық қорықтар мен суаттар бар. Олардың арасында біздің облыс бойынша ерекше мән берілетін Қарасор, Қызылқақ, Жалаулы, Шүрексор, Маралды, Сабындыкөл, Жасыбай көлдері бар.

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz