Елбасы айтып өткендей, бұл атау - біздің Отанымыздың кешегісі мен бүгінгісін саралап, болашағымызға айқын бағдар беретін темірқазығы. Өңірімізде қатарынан екінші мәрте ұйымдастырылғалы отырған «Ұлы Дала Елі» жобасынан көпшіліктің күтері мол. Бұл фестиваль өткен жылы халықтың ыстық ықыласына бөленді. Игі бастаманың дәстүрлі түрде ұйымдастырылуын қалайтын бұқараның қарасы қалың. Желіге бие байлаған, домбыраның құлағында ойнаған, жауырыны жерге тимеген, надандықты сүймеген, жеті атасын жаттап өскен, рухы биік, жан дүниесі бай, салт-дәстүрі мен қолөнері өз алдына бір төбе қазақ елінің таңбалы тарихын көз алдыңызға әкелетін жоба биылғы жылы ерекшеліктерге толы болады деп күтілуде.

Осыған орай, аталған фестивальді ұйымдастырушы Павлодар облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Мейірмановты әңгімеге тартқан едік.

- Асылбек Бекболатұлы, 12-13 тамыз күндері екінші мәрте ұйымдастырылғалы отырған «Ұлы Дала Елі» фестивалінің мақсаты мен міндеті не?

- Шараның негізгі мақсаты - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» атты мақаласында жүктеген тапсырмаларын орындау. Қазақстан халқының рухани-мәдени құндылықтарын сақтау және молайту. Қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру арқылы отансүйгіштікті нығайту. Бірлікті және қоғамдық-саяси тұрақтылықты, этноконфессиялық келісімді сақтап қалу. Осы шара арқылы елімізде және шетелдерде Қазақстанның «Ұлы дала елі» ретіндегі имиджін қалыптастыру. Еуразия кеңістігіндегі көшпенділердің мұрагері саналатын қазақ мәдениетінің ұлттық брендін қалыптастыру және оны халықаралық деңгейге көтеру. Қарапайым халыққа ұлттық құндылықтарды сақтап, одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдай жасау. Төл мәдениетімізді дәріптеуге бағытталған іс-шараларға мемлекеттік органдарды және бизнес қауымдастықтарын жұмылдыру.

- Биылғы шараның ерекшелігіне тоқталсаңыз...

- Былтырғы жылы тұңғыш рет ұйымдас-тырылса да, фестиваль жоғары деңгейде өткен болатын. Биыл да игі бастаманың мәртебесін аласартпауға қолдан келген мүмкіндіктерді жасаудамыз. Алдағы шара бұрынғысына қарағанда ерекшеліктерге толы болмақ. Фестиваль барысында былтырғы болған элементтерді қайталамауға тырыстық. Атап айтсақ, осы шарада Павлодар облысының әнұраны тұңғыш рет қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары «МузАрт» тобының орындауында шырқалады. Әнұранның сөзін жерлесіміз, белгілі айтыскер ақын Асығат Тұрғанбек, әнін ҚР «Мәдениет саласының үздігі», танымал композитор Ұлықпан Жолдасов жазған.

Қазақы дәстүрден көрініс беретін фестивальде көпшілікке шашылатын шашу да ерекше болмақ. «Ұлытау» тобының сүйемелдеуімен Арқаның аспанында күй күмбірлеп, ұлттық нақышта киінген парашютшылар аспаннан «Ұлы Дала Елі» логотипіне оралған шашу шашады. Республикаға танымал ақындар, айтыс өнерінің майталмандары Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Жандарбек Бұлғақовтар арнау айтады.

Осы фестивальде даңқты ақын, күміс көмей әнші, композитор, жерлесіміз Жаяу Мұса Байжанұлының «Құмжылан» күйін 300 өнерпаз бір мезетте орындайтын болады. Жаяу Мұса атамыздың күйші болғанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Шара аясында сегіз қырлы бабамызды халыққа насихаттасақ дейміз. Сонымен қатар «Құмжылан» күйін тартатын 300 домбырашыға арнайы киім тіккізілді. Авторы – халықаралық деңгейдегі белгілі дизайнер «JADO», яғни Жадыра Сахиева. «JADO» -ның бұдан басқа да халыққа ұсынар дүниелері бар. Оның жетекшілігімен 50 қыз бен жігіт өткен 5 ғасырды қамтитын сән үлгілерін көрсетпек. Осы арқылы көрермендер қазақ халқының өткен тарихына саяхат жасап қайтатын болады.

- Неліктен таңдау «JADO»-ға түсті?

- Ж.Сахиева - әлемге белгілі сәнгер. Ол - қазақтың екі мыңнан астам ою-өрнегін арнайы зерттеген қолөнертанушы. Павлодарлықтарға ұсынатын сән үлгілерін ол АҚШ-тың Нью Йорк қаласында өтетін әлемдік деңгейдегі бәсекеге апаруды жоспарлауда.

Шарадағы тағы бір тың бастама - «Келіндер бәйгесі». Қазақ халқында қай кезде болмасын әулетке түскен келіннің орны ерекше. Әр ауданнан сынға түсетін келіндер, қонақ күту, тағам дайындау, сәлем салу, секілді күнделікті тұрмыста қолданылатын қазақы әдет-ғұрыптар бойынша бақтарын сынайды. Арнайы дайындалған қазылар алқасы сайысқа қатысушыларға баға беретін болады.

Сонымен қатар фестивальге Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Қытай елдерінен арнайы делегация келеді. Қандастарымыз көрермендерге өздерінің концерттік бағдарламаларын ұсынуға ниетті.

- Фестивальге бас-аяғы қанша адам қатысады?

- Бізде бұл туралы арнайы бір мәлімет жоқ. Тек қана концерттік бағдарламаларға, қойылымдарға мыңға жуық өнерпаз қатысады деп жоспарлануда. Барлығы 115 ақшаңқан киіз үй тігілетін болады.

«Ұлы Дала Елі» шарасы барысында қазақтың атбегілік, құсбегілік өнері де дәріптеледі. Өңіріміздегі аудандардан таңдалып алынған 70-ке жуық ат көшпенділердің кешегі келбетін көрсету үшін театрландырылған көрініске қатысатын болады. Шарада өтетін тазылар сайысы да думанның көркін қыздыра түсеріне сенімдіміз.

Алматыдан арнайы келген «KAZAKH UNION» каскадерлық тобы арнайы шоу бағдарламасын көрсетеді. Биіктігі 3 метрлік қыз бен жігіттің мүсіні де жиынды тамашалауға келгендердің ықыласына бөленеді деп ойлаймыз. Мүсін табиғи гүлден жасалады. Еңсесі 3 метрден асатын қазақ батырының бейнесі сомдалған тағы бір туынды да алаңнан орын алатын болады. Бұдан басқа да республика көлеміне танымал мүсіншілердің туындылары шарадан көрініс табады.

Фестивальдің жүргізушілері – танымал актер, Нұрлан Әлімжан мен белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіт. Концерттік бағдарламаларға қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары «МузАрт» тобы, Төреғали Төреәлі, «Ұлытау» тобы, «Alem band», «BN» топтары қатысады деп күтілуде.

- Мұндай ауқымдағы шаралар өзге облыстарда өте ме?

- Алматыда «Ұлы Дала рухы» атты фестивальдің екі мәрте өткізілгенін білемін. Басқа өңірлерде осыған ұқсас шаралардың ресми түрде аталып өтілгендігін естімеппіз.

Осы бір игі бастаманы ары қарай дамытып, ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді дамыту ойымызда бар. Қадірменді жерлестер, «жұмыла көтерген жүк жеңіл», деген. Ендеше баршаңызды «Ұлы Дала Елінде» асыға күтетін боламыз.

Алпысбай ХОНЖ

 

 

Фестиваль бағдарламасы

12 тамыз

11.30–13.30 – Павлодар облысы шығар-машылық ұжымдарының өнер көрсетуі (Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармония, «Шаңырақ» ОХШ мен МСҚО)

14.00 – 15.30 – Белгілі қазақстандық ақындардың арнаулары /Айнұр Тұрсынбаева, Балғынбек Имашев, Жандарбек Бұлғақов/

15.30 – 16.30 - Алматыдан шақырылған әртістер «Alem band» және «BN», Райымбек Сатыбалдының өнер көрсетуі

16.30 – 17.30 - Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Ресей, Моңғолия мемлекеттерінен шақырылған делегация-ларының концерті

13 тамыз

10.00–11.00 – Павлодар облысы шығармашылық ұжымдарының өнер көрсетуі (Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармония, «Шаңырақ» ОХШ мен МСҚО)

11.00 –11.20 – Салтанатты ашылу. Ойын-сауық шараларының көрінісі./Би ұжымдары, бүркітшілер, саятшылар, аңшылар, жорғалар көрінісі, жаршылар/

11.20 – 11.25 – Павлодар облысының 300 домбырашысының орындауында Жаяу Мұсаның «Құмжылан» күйі

11.25 – 11.35 – «Ұлытау» этнотобының сүйемелдеуімен өтетін парашютис-тердің шашуы

11.35 – 12.00 - JADO брендінің негізін қалаған атақты дизайнер Жадыра Сахиеваның ұсынған «Көшпелі халықтың бес ғасырлық киім үлгісінің тарихы» атты ұлттық киімін киген 50 модельдің дефилесі

12.00 – 13.50 –Төреғали Төреәлі, Нұрлан Әлімжан, «МузАрт» тобы өнер көрсетеді. «Ұлы Дала Елі» гимнінің тұсаукесері

13.50 – 14.10 – Ат-каскадерлік көрінісі

14.10 – 15.00 – Көшпелі халық тағамдарының көрінісі

14.10 – 15.00 – Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрінің концерті

15.00 – 17.00 – «Көкпар», «Аударыспақ», «Теңге алу», «Қыз қуу» жарыстары

15.00 – 17.00 – Келіндер сайысы

20.00 – 22.00 – Төменгі жағалауда Қазақстандық эстрада жұлдыздары мен Павлодар облысы әншілерінің «Ertis promenade» атты шоу-концерті (Төреғали Төреәлі, «МузАрт» тобы, Райымбек Сатыпалды, «Ұлытау» этнотобы, «Alem band» және «BN» топтары).

Отшашу.

 

 

Автобустардың жүру кестесі

«Ұлы Дала Елі» фестивалін тамашалағысы келетін тұрғындарды арнайы автобустар тасымалдайды. Мәселен, 12-13 тамыз күндері 1 кластағы үлкен №38 автобус таңғы сағат 05.45-тен темір жол вокзалынан қозғалып, кешкі сағат 21.10-ға дейін қызмет көрсетеді. Автобустардың жүру арақашықтығы 20 минутты құрайды. Жоғарыда аталған күндері бұл бағытта 7 автобус жолға шығады. Егер көлік кешіккен жағдайда 8 777 798 21 28 ұялы телефоны бойынша жауапты тұлға Ернар Қоңырхановқа хабарласуға болады.

Дәл осы күні, яғни 12 тамызда темір жол вокзалынан «Ұлы Дала Елі» фестиваліне шағын кластағы автобустар қатынамақ. Жалпы саны 5 автобус таңғы сағат 09.00–ден кешкі сағат 19.00-ге дейін қызмет көрсетеді. Фестивальге жеткізетін бұл көліктің жүру арақашықтығы 30 минут. Ал 13 тамыз күні шағын автобустар таңғы сағат 8.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін жұртшылықты тасымалдайды. Автобусқа жауапты тұлға - Павел Брославский. Телефоны: 87014294299. Үлкен автобустардың кестесі алғашқы күндегідей сақталады.

saryarka-samaly.kz