Айта кетейік, Израиль мен Қазақстан арасындағы алыс-беріс біртіндеп дамып келеді. Бүгінде екі ел арасындағы тауар айналымы 301 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Израильдің іскер азаматтары елімізде ауыл шаруашылығы экономикамыздың тірегі екенін түсінсе керек, аймағымызда ауыл шаруашылығы саласында кәсіп ашуға әзір. Мемлекет деңгейінде келісімдер де жасалуда. Мәселен, Израиль делегациясының өкілдері еліміздегі «ҚазАгро» ҰБХ» акцио-нерлік қоғамымен 200 млн. АҚШ долларының келісіміне отырған. Енді осы әріптестік аясында меймандар өңірлерде өтімді жобаларды жүзеге асыруға ынталы. Екі жақты келісім бойынша әр жоба құнының 25 пайызы Қазақстан тарапынан төленсе, қалған 75 пайыз инвестицияны израильдіктер салады.

- Екі елдің қарым-қатынасы жоғары деңгейде. Әлбетте, қаржы саласы бойынша тәжірибені өзге елдер де әкеле алар. Ал біз ауыл шаруашылығы саласын дамытуда қолғабыс жасаймыз. Жоғары жақтағылар Павлодар облысы инвестиция салуға қолайлы деп кеңес берген еді. Бұл ұсыныстың орынды екенін байқап отырмыз. Енді бірнеше жобаны қарастырып, барынша жақын уақытта жүзеге асыру мүмкіндігі бар істі бірден қолға алсақ деген ойдамыз, - деді қаржылық блоктың жетекшісі Арие Гольдштейн.

Облыс әкімі Б.Бақауов айма-ғымызда қандай жобаларды жүзеге асыру қажеттігін атап өтті. Алдымен құс етін өндірудің өтімді екенін мәлім етті. Себебі сұраныс бар, қазіргі таңда бұл өнімнің басым бөлігі сырттан келеді. Аймақ басшысы Ертіс өзенінің бойында орналасқан өңірде суармалы егін шаруашылығы жобасын қолға алған азамат та ұтылмайтынын айтты. Мал шаруашылығының ет және сүт өндірісі бағыттарына да инвес-тиция салған жөн, деді Б.Бақауов.

- Өңірімізде электр қуатының құны айтарлықтай арзан. Сондықтан жылыжай салып, көкөніс өсіру де өте тиімді. Бұл бағытқа мүмкіндік мол. Ал мұндай өнімдер өтімді. Сонымен қатар қант қызылшасын өсірудің де тиімділігін айтқым келеді. Негізі бұл өнім еліміздің оңтүстігінде өсіріледі. Біздің шаруа-
лар да тәжірибе жүзінде егіп еді, шығымы жақсы, ал қызылшадағы қант құрамы екі есеге артық екені анықталды. Оны Алматыға апарып өңдеу өңіріміз үшін тиімсіз. Осыны ескерсеңіздер болады. Бидай көптеп егіледі, бірақ оның 30 пайызын ғана ұнға айналдырамыз. Демек, диірменді дөңгелеткен азаматтың да ұтары көп. Шығымы жақсы картоптан крахмал және «картоп-фри» өндіруге де жағдай жеткілікті, - деді аймақ басшысы Б.Бақауов.

Израильдіктерді еліміздің кең жері мен судың молдығы қызықтырып отыр. Себебі өздерінде тіршілік көзі жоқтың қасы, ал жер телімі жетіспейді, оған қоса жұмыс күші де қымбат көрінеді. Меймандардың сөзіне сенсек, тамшылата суару технологиясының «отаны» Израиль екен. Сондықтан аймағымызда суармалы егістік алқабын арттыруға қызығушылық танытып отыр. Израильдің ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңесшісі Шмуель Фридман балық шаруашылығын дамыту, оның ішінде албырт балығын (еті жұмсақ қызыл балық) өсіруді ұсынды. Айтуынша, балықтың бұл түріне сұраныс та жоғары, бағасы қымбат. Тіпті, арнайы биржалық құны да бар. Облыс әкімі бұл жобаны жүзеге асыруға инфраструктурасы бар орынның дайын екенін мәлімдеді.

Кездесуде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында инвесторларға Үкімет тарапынан жасалатын қолдау құралдары түсіндірілді. Мәселен, әр жобаға инженерлік коммуникацияларды мемлекет есебінен тартып беру мүмкіндігі бар. Сонымен қатар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы да бюджеттен қаржы қарастыруға болады. Қолдаудың бұл түрлері ең тиімді әрі кәдеге жарату жағынан көп уақытты талап етпейді.

Енді израильдік мамандар өңіріміздегі бірқатар шаруашы-лықтардың жұмысымен, жобалармен танысып, келешекте бірлесе қолға алатындарын анықтамақ. Содан соң аймақ басшысымен тағы кездесіп, қызығушылық тудырған нақты жобалар жайында пікір алмаспақ. Ары қарай ой іске ұласпақ.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz