Масатыдай Маралды

1. Ең алдымен Маралды атырабы - қазақтың біртуар азаматтарының Отаны. Қазақстанның Халық жазушысы, балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Мұзафар Әлімбаевтың туған өлкесі. Бұл мекен - Естайдай ерге ән салдырған, хор қызындай Қорланға тамсандыртқан киелі жер. Табиғаты талайды таң қалдырған. Тарихы да тереңде. Бұл мекен жайында аңыз да аз емес.

Бұдан бұрын газетімізге берген сұхбатында жергілікті ғалым, Маралдының тумасы, биология ғылымдарының докторы Қайырбай Базарбеков былай деген еді: «Мойылды мен Тұздыкөлден бөлек, Лебяжі ауданындағы Сейтен, Бөрлі, Ертіс ауданындағы Қызылқақ дейтін көлдердің шипасы көп. Жалпы, облысымызда пайдасы мол тұзды көлдер көп. Олар қалай пайда болған? Өте Ерте дәуірде Қара теңіз, Каспий теңізі, Арал теңізі – Батыс Сібір ойпатымен өзек арқылы біздің аймақпен жалғасқан. Жылдар өте жердің беті көтерілгенде ойпат жерлерде теңіз суы қалып қойған. Сол теңіздерде өмір сүрген шаян секілділер де қалды...».

Ғалым қазақ даласындағы кей өңір өзгеше бір қасиетімен ерекшеленетінін айтады. Сол секілді біздің аймақтың, оның ішінде ойпаң жерге орналасқандықтан, ауа райы тымықтау келетін Маралдының да ерекшелігі көп. Қыста жылқы емін-еркін тебінге шығады, ірі қара мал, қой-ешкінің өсіп-өнуіне де ыңғайлы. Осы Маралдының бір қайран қалдыратыны – бұл ара 20 миллиондай жыл бұрын Африканың саваннасына ұқсас, ауа райы жылы болған екен. Бұлай дейтіні - сол кезеңде осы төңіректе «Ақтөбе пілі» дейтін піл өмір сүрген көрінеді. Ғалымның сөзіне сенсек, 1933 жылы ресейлік Орлов деген палеонтолог ғалым Маралды төңірегінен осы пілдің қаңқасын тапқан. Сонымен қатар аталмыш атыраптан табылған мүйізтұмсық, түйеқұстың жұмыртқалары көп дүниені аңғартса керек.

Атыраптың Маралды аталуына бұрын осы маңда маралдардың көптеп мекен етуі себеп болған. Ал көлдің бір ерекшелігі - оның айналасы бұлаққа толы. Енді өткені осындай мекенге қалай бармасқа? Бұл ретте, М.Әлімбаевтың «О, Маралдым, Маралдым» әуезді әні демалушыларды қарсы алып тұрса, қандай ғанибет.

Тұзды судың тиімділігі

2. Көл жағасына ертіп әкелер екінші себеп, әлбетте, тұзды көлдің суы. Тынығуға келген әрбір азаматтың Маралдыға аялдауының басты себебін сұрасаңыз, алдымен айтатындары да – осы. Яғни барша ағайын мұндағы көлдің тұзды суына шомылып, емдік қасиетін сезінуге ағылып жатыр.

Ғалымдардың сөзіне сүйенсек, Маралды көлі химиялық құрамы жағынан Мойылдыдан да асып түседі. Жалпы, тұзды судың адам ағзасына пайдасы барын баршамыз білеміз. Жаңа туған сәбиді ширату үшін қырық күн бойы тұзды суға түсіреміз. Одан кейін де иммунитетті арттыру үшін дәріханалардан арнайы теңіз тұзын алып, шомылуға мән береді көпшілік. Әрине, сатып алып жүргеніміз алыстан әкелінетін теңіз тұзы дерсіз. Бірақ оның сақталуы, тасымалдануы кезінде талай химиялық қасиетінен айырылуы бек мүмкін емес пе?! Ал Маралды көлінің тұзды суы – табиғи сый. Еш қоспасы жоқ, есесіне пайдасы зор. Тері ауруларына таптырмас ем.

Айта кетейік, көлге алыстан көз тіксеңіз, су қызғылт түске боялғандай көрінеді. Себебі шілде-тамыз айларында мұнда парфюмерлік өнеркәсіпте кеңінен қолданылатын артемия салин құрты өсіп-өнеді.

Балшық - байлығы

3. Көл жанындағы шағын көлшіктегі емдік қасиеті мол балшықты аспан астындағы бейне бір шипажай дерсіз. Жұрт мұндағы балшықтың шипасы мол деседі. Саздың қазіргі таңда екі түрі сақталыпты. Бірі – қара, екіншісі – көгілдір. Алғашқысы көбінде адамның буын ауруларын емдеуге қолданылса, екіншісі теріні әрлендіруге жақсы. Көгілдір саз көлдің түбіне тұнған. Пайдалану үшін оны қыздырудың да қажеті жоқ.

Бірақ, көл суы мен балшықтың пайдасы әлі де терең зерттелмек. Маралды көлінің маңын демалыс аймағына айналдыра бастаған «Курорт Маралды» ЖШС-нің жоба жетекшісі Дүйсенбай Дүйсеновтің айтуынша, алдағы уақытта көл мен саздың емдік қасиетін анықтау үшін арнайы зерттеу жүргізіледі. Емдік қасиеті бар балшықтың қоры 100 мың текше метр деп бағаланып отыр.

Демек, Маралдыға бағыт алсаңыз, мұнда тек қана тынығып қана қоймай, денсаулығыңызды нығайтуға мүмкіндік мол. Осыны ескеріңіз.

Тез жетесіз!

4. Демалыс аймағының тұтыну-шылар үшін тағы бір тиімділігі – жетер жол мен оның орналасуында. Яғни демалу үшін алыс жол жүріп, шаршамайсыз. Павлодар қаласынан жеңіл көлікпен шықсаңыз, небары 40-50 минутта жетіп қаласыз. Екі ортаны жалғайтын жолдың басым бөлігі асфальтталған. Тек ауданға баратын жолдан Маралдыға қарай бұрылатын жеті шақырымдай қашықтықта грейдерлі-қиыршықтасты жол төселген. Бірден айтайық, бұл қолайсыздық та уақытша. Бұйыртса, келесі жазғы маусымда тақтайдай жолмен зыр етіп жететін боласыз. Д.Дүйсенбаевтың айтуынша, мемлекет тарапынан қолдау ретінде жолдың аталған бөлігі жөнделеді. Сонымен қатар электр желісін тарту қажет. Кәсіпкер биыл өз күшімен уақытша электр сымын тартпақ. Ал келесі жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша электр қуаты жеткізіледі.

Көлге көрік кірді

5. Бұрын жетім балаша жабырқаулы көлдің жағасы қазір жайқалып сала берді. Әлбетте, айналаңыздың бәрі жарыса жазып, айтып жатқан Маралдыны сан рет естігеннен гөрі бір рет көріп қайтқан жақсы емес пе?! Ал бір рет барған адам келесі жолы да қайта оралуға тырысатыны анық.

Инвестор биыл көлдің жағасын бекітіп, келушілердің көңіліне жағатын пирс (суға қарай сұғындыра салынған құрылғы) орнатқан. Дәл осы орын Маралдыға табан тіреген әрбір туристің суға қарап, кең тыныстауына, өз ойымен оңаша қалуына жайлы-ақ. Демалыс аймағының әкімшісі Жанна Асылованың айтуынша, бүгінде пирс келушілердің міндетті түрде суретке түсетін орнына айналған. Яғни көл жағасындағы демалыс аумағының бір ерекшелігі көркі болып тұрғандай.

Сонымен қатар, күнге қыздырынып жатуға да орын, катамаранға отырып, 5,5 мың гектарды алып жатқан көл бетін айдындап келуге әбден болады. Оларды жалға алу құны да қымбат емес. Жарты сағатқа 700 теңге төлейсіз. Демалыс күндері аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламаларын тамашалауға болады. Демалыс орнында ұтыс ойындары өткізіліп, жеңімпаздарға жеңілдік беретін дисконттық карталар үлестіріледі.

Айтпақшы, тұзды судан кейін шайыну үшін бұрын демалушылар Маралдыдан алшақтау тұщы көлге баруға мәжбүр еді. Енді аймақтағы арнайы душтарда шайынып алуға болады.

Қолжетімді!

6. Тұрғындардың көбінің ақша-сының аздығынан алысқа барып тынығуға мүмкіндігі бола бермейді. Маралдыда дәл осы жағы ескерілген. Табиғаттың байлығын су тегінге тұтынасыз десе болады. Өйткені демалыс аумағына кірерде әр көліктен 1000 теңге ғана алынады. Бүгінде демалыс күндері Маралдыға 1 мыңға жуық көлік кіреді. Жеңіл көлік, шағын автобустардың әрқайсысында орта есеппен 4-5 адам болатынын ескерсек, бір күннің өзінде қаншама турист осында тынығады. Жұмыс күндері де адам қарасы үзілмейді, дейді Ж.Асылова. Кемінде 300-400 машина тіркеледі. Кәсіпкер бүгінгідей халықтың жаппай келетінін күтпесе керек. Сондықтан, енді кең ойлап, ауқымды жұмыстар жоспарлауға бел буып отыр.

Көл жағасында тізілген 300-ге жуық ағаш жатақтарды да, маңындағы емдік балшықты да тегін қолданасыз. Ас-суыңызды ала барсаңыз, қалтаңыздан ешқандай тиын шықпайды. Ал дайын тамақты тұтынамыз десеңіз, оның да жағдайын жасап қойған. Яғни шағын дәмхана ашылған. Дәмхана мәзірін меймандарға лайықтап, бағасын да қолжетімді етуге тырысамыз, дейді.

Көл жағасына бірнеше күнге барсаңыз, мұнда тігілген үш киіз үйге жайғаса аласыз. Он адамға бес мың төлесеңіз болғаны. Палаткалар да жалға беріледі. Демек, бірнеше күн көл жағасына түнеп, көркем жердің рақатын сезінуге жол ашық.

Тарту толастамақ емес

7. Инвестордың жоба-жоспарлары мұнымен бітпейді. Құрылыс қызу. Қазіргі таңда арнайы темір конструкциялардан киіз үй пішіндес би алаңы салынып жатыр. Сонымен қатар келешекте қалтаңыз көтерсе, демалыс орнының vip-алаңында тынығуға тағы болады. Бұл аумақта қазір құрылыс жұмыстары басталып кетіпті.

Үлкен көл мен балшықты көлдің арасын байланыстыратын көпірдің де құрылысы таяу. Жанна ханым бұл көпір демалушылардың екі ортада жүріп-тұруына қолайлылық туғызу үшін жасалып жатқанын айтты. Қолжетімділік демекші, кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай жасауға ынта танытып отыр. Олардың көл жағасына жетуіне ыңғайлы болуы үшін пандустар дайындауда.

Тынығушылар үшін үлкен тартулардың бірі маралдар болмақ. Кәсіпкер Маралдының атына сай осында тірі маралдар ұстамақ ниетте. Бүгінде 80 бас жануар сатып алыпты. Көл жағасынан қашықтау орынға қоршауын да дайындап қойған. Яғни демала келсеңіз, ұл-қызыңызға кезінде көрікті жерді мекен еткен киелі жануарды тірідей көрсетуге мүмкіндік аласыз.

- Аймақ тұрғындары көрші елдің Яровое деген жеріне ағылып жатқанын көріп, олардың барынша туған өлкемізде тынығуына жағдай жасауды мақсат тұттық. Біртіндеп Маралдыны өзге демалыс аймақтарынан кем түспейтін аймаққа айналдыруды көздейміз. Әлбетте биыл тек бастамасы ғана. Асығыс-үсігіс жасағымыз келмейді. Сондықтан бастаған кәсібімізді сапалы әрі талапқа сай дамытпақпыз. Әлі көлдің суы мен балшығын зерттеп, шипажай орнын ашу жоспарда бар. Мұның бәрі - алдағы күннің еншісінде. Ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін білікті мамандар көмегіне жүгінеміз. Қысқасы, көлдің әлеуетін қалай ұтымды пайдалану қажеттігін қарастырамыз. Ал қазір келушілердің санына қарап, аймақтың болашағы зорына көзіміз жетіп отыр. Яғни үмітіміз ақталды, жұмсалған еңбек пен қаржының бекер еместігін аңғардық, - дейді Дүйсенбай Дүйсенов.


Маржан ЖАПАРОВА, Астана қаласы:
- Ғаламтордан Маралды жайында оқып, ойланбастан жол тарттым. Алыстан келгенім бекер болмағанына қуаныштымын. Суға түсе, аз уақыттан соң адам денесінің босаңсып, айтарлықтай жеңілдеп қалғанын сезіндім. Балшығының пайдасын естіп, ендігі жолы отырса-тұрса қол аяғы сырқырайтын әке-шешемді әкелмек ойдамын.

Татьяна ЧУПИНА, Ресей, Омбы облысы:
- Аяғым сырқырап ауырады, сондықтан Ресейден арнайы келдім. Өйткені бұл көлдің суының, балшығының емдік қасиеті жоғары екен. Бұл маң келешекте үлкен демалыс аймағына айналатыны көрініп тұр.


Түйін:
Көркем көлдің бар байлығын байыбымен бағамдасақ, берері мол екенін байқауға болады. Алғашқы қадамның өзі ақтала бастағанына қарап, Мойылдының егізіндей өңірімізде Маралды атты шипажайдың өркен жаятын күні де алыс емес сияқты. Бастысы, бұл табиғат байлығын бас пайда үшін емес, тұрғындардың игілігі үшін игерсе, құба-құп. Ендеше қаз тұра бастаған аймаққа келешекте еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, өзге елдерден де турис- тер ағылатын құтты мекенге айналуын тілейік.


Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz