Бір түрлі Кездесу

- Балақай, неге жылайсың?
- Мектепке баратын автобустан қалып қойдым.
- Ештеңе етпейді, келесісі келеді ғой.
- Ол келгенде тым кеш болады.
- Әке-шешең қайда?
- Жұмыста болулары керек.
- Болулары керек дегенің қалай?
- Ағай, шынымды айтсам, оларды көрмегеніме бір апта уақыт болды.
- Үйге қонбай жүрсің бе?
- Жоқ, керісінше олар жұмыстан өте кеш келеді. Ата-анам үйге келгенде мен тәтті ұйқының құшағында жатамын.
- Ойбай-ау, сабағыңды кім қарайды?
- Өзім.
- Олардың мұнысы несі? Баланы осыншама қинауға бола ма екен?
- Ағай, сізде кредит жоқ па не?
- Аааааа, енді түсіндім. Демек бастарыңда қарыздарың бар.
- Иә, үй мен машина, шаңсорғыш, кір жуатын машина, теледидар, тоңазытқаш, папамның құндыз тымағы, мамамның шубасы, сосын менің қолымдағы мына телефон да несиеге алынған.
- Ммммммммм, дұрыс екен.
- Ағай, телефоныңызды беріңізші.
- Оны не істейсің?
- Ойын ойнағым келіп кетті.
- Мә, ала ғой. Бірақ менде ойын жоқ.
- Қап!
- Балақай, сөмкеңді неге жерге қойып қойғансың? Кірлейді ғой.
- Көтеріп көрсеңіз түсінесіз!
- Ойпырым-ау, мынаның ішіне тас салып алғансың ба?
- Жоқ, ағай. Бүгінгі болатын алты пәннің кітаптары ғой.
- Қалқам-ау, сабақ оқимын деп жүріп, қабырғаларың қайысып, омыртқаларың майысады ғой. Тиісті мамандар осы оқулықтарды ыңғайлы жеңіл етіп шығарса несі кетеді? Жүр, балақан, автобусың келді. Сені мектебіңе дейін шығарып салайын.
- Рақмет, ағай, өзім де бара аламын.
- Оның еш қиындығы жоқ. Мен саған көмектесемін. Кеттік. Ұста қолымнан.
- Ағай, тұра тұрыңызшы, сіз педофил емессіз бе?
- Астапыралла, оны қайдан шығардың?
- Өткенде интернеттен оқығанмын.
- Ондайды ойыңа да алушы болма мен кәдімгі өзің секілді қазақтың қарапайым қара баласымын ғой.

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz