Ресми деректерге сүйенсек, соңғы екі жылда елімізде түрлі деңгейдегі 2 мыңнан астам шенеунік парамен ұсталған. Жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың салдарынан мемлекетке 50 млрд. теңге шамасында залал келтірілді. Бұл - анықталған, дәлелденген деректер. Ал жымысқы әрекеттері жасырын түрде қалып келе жатқан мемлекеттік қызметшілер қаншама? Рас, мемлекет аталмыш індетпен күресудей-ақ күресіп келеді. Бүгінде «айран ішкендер де, шелек жалағандар да» құрықталып жатқаны соның дәлелі бола алады. Шалыс басқан қатардағы маманнан бастап министр- лерге дейін тиісті жазасын алуда. Бірақ жемқорлық тыйылар емес. Жазалап тоқтата алмаған жемқорлықты жалақы көтеру арқылы «әспеттеп» тоқтата аламыз ба?

«Ауруын жасырған өледі»

Еліміздің бас прокуроры Жақып Асановтың айтуынша, жемқорлық көп тараған саланың бірі - құқық қорғау органдары. Осы ретте, Павлодар облыстық Ішкі істер департаментіне хабарласқан болатынбыз. Алайда аталмыш мекеменің ресми өкілдері өз араларындағы жемқорлық фактісі, парақорлықпен ұсталған немесе жұмысынан қуылған әріптестері туралы ақпарат бере алмайтындарын жеткізді. «Бұл - жасырын ақпарат» деді. Сірә, ұялса керек. Бірақ «ауруын жасырған өлетінін» ескеру қажет.

Есесіне, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Павлодар облысы бойынша департаментінің басшылығынан толыққанды жауап алдық. Аталмыш мекеме ұсынған ақпаратқа сүйенсек, өткен жылы аймағымыз бойынша 21 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылған.

Департамент басшысының міндетін атқарушы Тыныштық Жүсіповтің айтуынша, соңғы бірнеше жылда мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы біршама көтерілген.

- Әрине, бұл шара жемқорлықты жою бағытында ғана жасалып отыр деуге болмайды. Бұл қатардағы мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайын көтеру үшін де қолға алынған. Атап өтерлігі, биыл шілде айынан бастап мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бонустық жүйемен бағалау әдісіне көшетін боламыз. Барлық жасалып жатқан істер оң нәтижесін береді деген ойдамыз. Дегенмен алтын көрсе, періште жолдан таяды деген нақыл сөзді ұмытпағанымыз жөн. Соңғы кездері министр- лер, басқа да жоғары шенді мемлекеттік қызметшілер пара алғандары үшін тұтқындалып жатқаны мәлім. Сондықтан менің ойымша, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңында көрсетілгендей, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмыстарын кеңінен жүргізгеніміз жөн, - дейді Т.Жүсіпов.

Сондай-ақ, Тыныштық Ғарифоллаұлы жемқорлыққа деген төзбеушілік әрбір қазақстандықтың азаматтық ұстанымына, ал адалдық ұғымы мінез-құлық нормасына айналуы тиіс екенін атап өтті. Тұрғындар арасында сыбайластық індетіне қарсы мәдениет, берік иммунитет, оған деген жұртшылықтың сынауы болмай, қалаған нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Әрбір қазақстандық, әрбір отбасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бүкіл қоғамның ісі екенін түсіну керек.

Сарапшылар не дейді?

«Тәуекелді бағалау тобы» сараптау ұйымының директоры, белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев шенеуніктердің санын қысқартып, жалақысын көтеру бұл саладағы жемқорлықты жоюға септігін тигізе алмайтынын атап өтті. Оның сөзінше, мемлекеттік қызметшілерді қысқартқанымызбен, уақыт өте келе олардың қатары қайта толысып шыға келеді.

- Қазақстанның мемлекеттік аппараты өз-өзіне жұмыс істейтін организм іспеттес. Егер бір жерін сылып алып тастасаңыз, екінші жерінде ол өз жоғалтқан әлеуетін еселеп қалпына келтіруге тырысады. Сондықтан шенеуніктерді қысқарту арқылы жемқорлықтың мәселесін шеше алмаймыз. Жалақы көтергеннен де пара алушылардың саны азая қояды деп ойламаймын. Бұл - тиімсіз әдіс, - дейді саясаттанушы.

Д.Сәтпаев жемқорлыққа қарсы күресте ең тиімдісі - мемлекеттік аппарат қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету.

- Әр органда маманнан бастап басшысына дейін жұмысы қоғам мен ақпарат құралдарының жіті назарында болуы тиіс. Екіншіден, түрлі лауазымдарға қызметшілерді таныстық арқылы емес, білімі, қарым-қабілетіне қарап тағайындау қажет. Және олардың мансабы қызметінің нәтижелілігіне қарай өскені жөн. Үшіншіден, пара алу қатаң жазаны талап етеді. Сонда ғана тәртіп болады. Онымен қоса, өмірінде бір рет болсын құқық бұзған мемлекеттік қызметшінің енді қайтіп бұл салада жұмыс істемеуі бақылануы тиіс, - дейді Д.Сәтпаев.

Ал Қазақстанның жемқорлыққа қарсы қоғамдық омбудсмені Дина Елгезектің айтуынша, шенеуніктердің жалақысын көтеру сыбайластық індетімен күресте тиімді әдіс болып табылады.

- Өкінішке қарай, елімізде мемлекеттік қызметшілердің алатын жалақысы өте төмен. Бұл оларды пара алуға итермелейтін факторлардың бірі деп есептеймін. Шенеуніктердің жалақысын біршама көтеру - дұрыс бастама. Кезінде Сингапур елінің көшбасшысы болған Ли Куан Ю жемқорлықты жою үшін нақ осы әдісті пайдаланған. Нәтижесі көп күттірген жоқ. Елдегі сыбайластыққа осылай тоқтау қойылды, - дейді Д.Елгезек.

Ли Куан Ю әдісі

Жалпы, «мемлекеттік қызмет саласындағы жемқорлықпен жалақы көтеру арқылы күресуге бола ма?» немесе «әлем елдері жемқорлықпен қалай күресуде?» деген сауал төңірегінде ой өрбітетін болсақ, жоғарыда сарапшыларымыз атап өткен Ли Куан Ю-дің әдісі еске оралады.

XX ғасырда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа моделін енгізген мемлекеттердің бірі – Сингапур. 1965 жылы тәуелсіздігін алған бұл елде парақорлық өршіп тұрған еді. Кез келген мәселе пара беру арқылы ғана шешілген. Сингапурды бірнеше жыл басқарған Ли Куан Ю осы бассыздықтарға нүкте қойған адам ретінде тарихта қалды. Ол елде сыбайлас жемқорлықпен күресудің кешенді жоспарын әзірлеп, оны іс жүзінде ұтымды пайдалана білді. Бірінші кезекте заңдарды қатаңдатты. Соттық жүйенің тәуелсіздігін жоғарылатты. Шенеуніктердің жалақыларын өсірді. Сыбайлас жемқорлықты тергеу бойынша дербес Бюро құрылды. Бастысы, шағын және орта бизнеске есік ашып, олардың дамуына тосқауыл болатын түрлі әкімшілік кедергілерді жойды. Аталған тынымсыз жұмыстар көп ұзамай өзінің нәтижесін берді. Қазір Сингапур әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің үздік ондығына кіреді.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті Дания, Швеция, Канада, Финляндия, Норвегия, Исландия, Жапония, Германия, Израиль сынды мемлекеттер табысты жүргізіп келеді. Олар сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп деп есептейді.

Түйін

Материалды әзірлеу барысында қазақ әдебиетінің қара нары, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның жемқорлық туралы айтқан сөзі еске түсті. «Өкініштісі «Кедей бай болсам дейді, бай Құдай болсам дейді». Кедей бай болсам деген жерде тоқтай қалса ғой. «Стоп!» десе. Жоқ, бай Құдай болсам дейді. Бұл – қанағатсыздық. Бәленің бәрі осы қанағатсыздықтан туа береді. Қомағай құлқын - обыр оппа. Оны толтыра алмайсың. Өзі тойса да, көзі тоймайды. Өлгенде топырақ қана тойдырады. Казіргі жегіштердің көбі сондай. Акуланы сойғанда қарнынан тас та, тасбақа да, темір де, терсек те шыға беретін көрінеді. Ал біздің адам-акулаларымыздың қарнын жарып жіберсең, Қазақстанның алтыны да, мырышы да, хромы да, мұнайы да, арақ зауыттары да, қант зауыттары – бәрі-бәрі ақтарылып шыға келер еді», - деген екен Шерағаң. Елімізде қолға алынып жатқан жаңашылдықтар індетті дерттің бетін қайтаруға көмектесер деген үміт мол.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz