Болгариялық маманның «Ертістен» кететіндігі туралы ақпараттың тарағанына біраз уақыт болды. Алайда, Димитар «өткелде ат ауыстырмай» павлодарлық ұжымды маусым соңына дейін жаттық-тыратындығын айтқан-ды. Ақыры, ол клуб басшылығымен өзара келісімге келіп, Павлодардағы қызметін тәмамдады.

Д.Димитров 2015 жылдың маусым айында «Ертістің» бас бапкері болып тағайындалды. Оған жүктелген міндет тұралап қалған ұжымды үздік алтылыққа енгізу еді. Себебі, бұл уақыттағы «Ертістің» жағдайы мәз емес-ті. Біріншілікті сәтсіз бастаған жерлестеріміз тур өткен сайын төмен сырғи берді. Димитардың келуімен «Ертістің» ойыны жандана бастады. Болгариялық маманның жетекшілігімен Кереку футболшылары тоғыз тур бойы жеңілістің ащы дәмін татпады. 9 ойында алты рет жеңіске жетіп, үш мәрте тең тарқасты. Осылайша, Димитардың келуімен «Ертіс» маусымды 6 орынмен тәмамдады.

2016 жылғы біріншілік «Ертіс» үшін сәтті өрілді. Жерлестеріміз қола жүлдені қанағат тұтты. Осылайша, келесі маусымда Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне қатысуға мүмкіндік алды. Осы орайда, мынаны ескеруге міндеттіміз. Әр біріншілік сайын «Ертістің» құрамы шамамен 90 пайызға өзгерді. Әрине, бұл жақсы дүние емес. Ал Димитар осындай жағдайда жұмыс істеп, команданы алға сүйреді. Оның үстіне клуб қаржылық проблемаларға тап болды. Болгариялық маман бұған да мән бермей, өз ісін атқара берді. Сөйтіп, ол Қазақстан футболындағы басты дүние ақша емес, намыс пен табандылық екенін дәлелдеп берді. Сонымен қатар, облыс әкімі Болат Бақауов Димитарды осы бір жетістігі үшін «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.

2016 жылғы маусымда ең көп гол соққан екі команданың бірі осы «Ертіс» еді. Біріншілік барысында біздің жігіттер қарсыластар қақпасын 52 рет дәл көздеген. Бірінші орында - алматылық «Қайрат» (75 доп). Бұл да команданың, бапкердің жетістігі.

«Ертіс» биыл Д.Димитровтың басшылығымен Еуропа лигасында да сәтті өнер көрсетті деп айта аламыз. Алдымен Еуропа лигасының алғашқы айналымында Болгарияның «Дунав» командасын жарыс жолынан шығарды (1:0, 2:0). Екінші кезеңде атақты «Црвена Звездаға» (Сербия) тап болдық. Қос матчтың қорытындысы – 1:1, 0:2. Азулы «Црвена Звезданы» айналып өту мүмкін болмады.

Павлодарлық клуб осы жылы Димитардың жетекшілігімен барлығы 28 ойын өткізді. Оның 12-сінде жеңіске жетіп, 8-інде тең түсті, 8 ойында ұпай жоғалтты. Дәл қазір «Ертіс» чемпионаттың турнирлік кестесінде төртінші сатыда тұр. 22 ойыннан кейін 34 ұпай жинады. Павлодарлықтардың үшінші орынға «таласатын» тамаша мүмкіндігі бар.

Аз ғана жылдың ішінде толайым табысқа қол жеткізген Димитар Димитровтың есімі Павлодар футболының тарихында үлкен әріптермен жазылып қалары анық. Бұл ретте, жанкүйер қауымның Димитарға айтар алғысы да шексіз екенін ұмытпайық. Айтпақшы, Д.Димитров тізгінін ұстайтын «Лудогорец» Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде өнер көрсетеді. Оның бұл кезеңдегі қарсыласы – қазақстандық маман Владимир Чебурин жаттықтыратын Литваның «Судува» клубы.

Димитар кетті. Енді оның орның кім басады? Қазір бас бапкердің міндетін Сергей Климов атқаруда. Бейрсеми деректерге сүйенсек, «Ертістің» тізгінін жергілікті маман Талғат Байсуфинов қайта ұстауы мүмкін. Талғат бұл команданы 2010-2014 жылдар аралығында жаттықтырды. Оның жетекшілігімен «Ертіс» жүлдегерлер қатарынан да көрінді. Жалпы, жергілікті жанкүйерлердің Т.Байсуфиновке деген ықыласы жоғары. Сондай-ақ, «Ертістің» бапкері атануы мүмкін үміткерлердің қатарында қарағандылық «Шахтердің» бұрынғы жаттықтырушысы Виктор Кумыков пен Владимир Чебурин, Илиан Илиев секілді мамандардың есімдері аталуда. Әрине, бәрін уақыт көрсетеді.

Бейсенбі күні жергілікті футболсүйер қауым жанкүйерлер арасында Херо деген атпен танылған Димитар Димитровты Отанына сәттілік тілеп шығарып салды.

Рахмет саған, Херо!

Фархат ӘМІРЕНОВ

saryarka-samaly.kz