Кішкене достарға

Жерлесіміз Мүбәрак Жаманбалинов 1924 жылы Павлодар облысының Железинка ауданындағы Тәттімбет деген ауылда туған. Омбы педагогикалық училищесін тәмәмдап, көп жыл мектепте ұстаздық еткен. Кейін Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» (бұрынғы «Қызыл ту») газетінің редакциясында еңбек етті. Алғашқы өлеңдер жинағы «Айнабұлақ» деген атпен 1956 жылы жарық көрді. Жас ұрпақты тапқырлыққа, батылдыққа, жігерлілікке, ерлікке тәрбиелейтін «Сәлем» (1963), «Кішкене достарға» (1965), «Менің інім» (1970), Кеңес Одағының батыры Серікбай Мүткеновтің ерлік істері жайында баяндалатын «Батыр ұстаз» (1972) поэмалар жинағы, Иса Байзақовтың балалық шағы туралы «Ақын бала» (1983), «Ашық күн», т.б. өлең, жаңылтпаш, ертегі, жұмбақ топтамалары жарияланды.

Мүбәрак ата - қазақ балалар әдебиетіне қомақты үлес қосқан қаламгер. Төменде ақынның балаларға арналған өлеңдерін жариялап отырмыз.

 

Көрші атам

Күнде үйінің қасынан,
Көрші атамды көремін.
Жүгіріп кеп асыға,
Оған сәлем беремін.

Қолымды ол,
Күліп кеп,
Иіліп тұрып алады.
Міне, нағыз жігіт! - деп,
Сүйсініп бір қалады.

 

Бір аптада

Бір аптаның күндері өтті:
Дүйсенбіде гүлдер ектім,
Сейсенбіде жуа тердім,
Сәрсенбіде су әкелдім,
Бейсенбіде бақша баптап,
Жұма күні тақпақ жаттап,
Сенбіде мен кино бардым,
Жексенбіде бір демалдым.

 

Бес саусағым

Бас бармағым,
Бақташы бол!
Қырағы көз,
Сақ малшы бол!

Сұқ саусағым,
Сауыншы бол!
Өнеріңе
Табынсын ел!

Ортаң қолым,
Орманшы бол!
Күллі орманға
Қорғаншы бол!

Аты жоғым,
Аспазшы бол!
Өз қолыңнан
Дәм татсын ел!

Шынашағым,
Бақшашы бол!
Жемісіңді
Мақтасын ел!

 

 

Жырда ойнаған жасыным

Құрметті «Айналайын»! Талай-талай жас талаптың томағасын сыпырып, өнер қиясына қанат қақтырдың. Сондай талапты баланың бірі - Май ауданы Саты орта мектебінің 11-сынып оқушысы Ерлан Бағлан. Ол - ата-әжесінің тәрбиесін көрген салмақты, тәрбиелі бала. Әкесі Алдияр мен анасы Қамар отбасындағы төрт ұлын ізеттілікке, мейірімділікке тәрбиелеп отыр. Ерлан облыстық «Абай оқуларынан» 2-ші орын, өткен оқу жылында облыстық әдеби байқауда “Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясына ие болды. Сынып жетекшісі Гүлжанат Шәріпова талапты оқушысын үнемі мақтайды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беріп, ақындыққа баулыған ұстазы марқұм Әміржан Болатханұлы еді. Болашақ ақынға қанатың талмасын дейміз.

Сәлеммен - Самал ӘБІЛТАЕВА, Саты ауылы, Май ауданы.

 

Ұлы Абайдың әлемі
(Абай әнінен туған ой)

Адамдықты таптым Абай қойнауынан,
Арайлы, аппақ нұрлы аймағынан.
Қара сөздің патшасы Абай атам
Қара өлеңнің қалқыған қаймағынан.

Құр бекерге жылтырап, құрғап кебу,
“Бес асылды” жүрекпен тыңдап сену,
Арманым ед, шіркін-ай, арманым ед,
Абайдың әніндегі ырғаққа ену!

Қара сөзін қару қылсаң атамыздың,
Адаспайсың соңына ерсең баталы іздің.
Ағам, әкем, атама азық болған,
Рухани ем болған татар ізгім!

Нұрлы жүрек сыйлаған адамдарға,
Жөн сілтеген алдағы үлкен қадамдарға.
Ой-санаңды тазартып Абайды оқып,
Қара өлеңмен қадам бас, қаламды ал да!

 

Туған жерім...

О, туған жер,
жаннат бағын сыйлаған,
менің әнім, менің үнім - кең далам!
Қалықтаймын қыраның боп қияға,
Тұғырыма таудың басын қи маған!

О, туған жер,
бұлағың боп ағамын,
Бабамыздан мирас болған бағалым.
Қай үніңе айналайын көсіліп,
Есші кәне, Сарыарқа самалым!

О, туған жер,
күміс ауаң қамады,
сағыныштан сары уайым тоңады.
Еркелейін ертең тағы жол жүрер,
Қасиетті топырағыңның қонағы!

Тегіміз тау, ұлы бабам - кең далам,
Дерті көпке, мен ғайыптан ем болам.
Жер анамның құрсағында жаралған,
Батыр елдің барыс ұлы мен болам!

Сәйгүлік

Жігіттің серігі ғой жылқы деген,
Бабамыз жауды жеңген жылқыменен.
Ер қанаты, ер досы, ердің күші,
Тұлпар болды адамзат ырқыменен.

Жылқыға ешбір жануар тең келмейді,
Жылқыға мін, ағайын, кел, емдейді!

Қазақтың бір мінезі жылқы тектес,
Әлемге айтсаң әңгүдік ел сенбейді.
Көрініп жүр мықтылар бәйгелерде,
Қазақтың тұлпарына ат тең келмейді.

Ерлан БАҒЛАН, 11-сынып оқушысы Саты ауылы, Май ауданы.

 

 

Жүк тасушы
Корей ертегісі

Ертеде бір қарт жүк тасушы болыпты. Ешкімге де қандай да бір нәрсесін тасып беруден бас тартпапты. Ол ісі үшін бірдеңе берсе – алып, ештеңе бермесе – сұрамапты.

Бірде жүк тасушы өзеннен бергі жаққа жүзіп келе жатқан жыланды көреді. Жылан біраздан соң суға бата бастайды. Сол кезде ол өз көлігімен оны құтқарып, келесі бетке алып шығады. Жылан ештеңе демейді, тек жылай береді. Көзінің жасы тамған жерде осы күнге дейін әдемі гүлдер өсіп тұр.

Тағы бірде ол өз көлігінің жанында отыр еді, өзеннен бір батып, бір шығып, жүзіп келе жатқан елікті көреді. Ол дереу суға түсіп, елікті келесі жағалауға алып шығады. Аман қалған елік ештеңе деместен орманға кіріп кетеді.

Мейірімді қарт қысқыға салат дайындамақшы болып, орман аралап жүреді. Кенет бір ешкінің жерді аяқтарымен тарпып қазып жатқанын көреді. Дәл сол кезде бір қолында күрегі бар жолаушы шыға келіп, ешкі қашып кетеді.

– Оу, жолаушы, саған рақмет жаусын, мына жерді қазып көрші!

Жолаушы үш рет қана күрегін басып қазып еді, бір нәрсеге тигендей болды.

Ол нәрсе алтын екен.

– Саған көп рақмет! Істеген жұмысың үшін саған осы алтынның жартысын беремін, – дейді қарт.

– Бұл алтынды қазып алған менмін. Сондықтан ол менікі, – дейді жолаушы.

Олар көп дауласып, ешқандай бітімге келе алмай, ақыры қалаға барып, сотқа жүгінуді шешеді.

Сот алтынды жолаушыға береді де, күштеп алғаның үшін деп қартқа дүре соққызып, түрмеге қамайды.

Түнде қарттың жанына жылан келіп, аяғын шағып алады.

Келесі күні аяғы күп болып ісіп кетіп, ол өледі екен деп ойлайды. Түнде жылан тағы қарттың жанына жылжып келіп, шипалы жапырақтар береді. Ертеңінде осы жапырақтан ісік толық қайтып, ізі де қалмайды.

Ал жылан сол түні соттың әйелінің жанына жылжып келіп, қарт сияқты оның да аяғынан шағып алады.

Келесі күні оның аяғы күптей болып ісіп, бәрі оны өледі екен деп әбігерге түседі. Сол кезде түрменің бастығы сотқа шалда да осындай ісік болып, бірдеңеден қайтқанын айтады.

Сот шалды шақырып алып:

– Аяғыңның ісігі неден қайтты? – деп сұрайды.

– Маған жылан шипалы жапырақ әкеліп берді.

– Қайда ол жапырақтар?

Шал жапырақты көрсетіп, соттың әйелінің аяғына жапсырып байлайды. Содан ісік тез қайтады.

– Жылан неге саған жапырақ әкеліп берді?

Енді қарт жыланды және елікті өзеннен қалай аман алып қалғанын айтты.

– Ал елік саған не берді?

– Оның маған берген алтынын сіз жолаушыға алып бердіңіз.

Мұны естіген сот дереу әмір беріп, жолаушыны қуып жетіп қайтарып алады да, одан алтынды алып, қартқа береді. Ал жолау-шыны түрмеге жабады.

Орыс тілінен аударған - Серік САТЫБАЛДИН, Павлодар қаласы.

 

 

 

Ел бақыты

Еліміздің дана да дара, бірегей тұлғалары өмірге келген Баянауылдың киелі топырағында туғанымды мақтаныш етемін. Қазақ болып туғаныма, осынау елдің кішкене бір бөлшегі екенімді сезініп қуанамын. Біздің болашағымыз кең байтақ еліміздің келешегімен тікелей байланысты.

Мен - Тәуелсіз елдің жас ұланымын. Еліміздің егеменді, еркін ел атанғанына биыл 25 жылдан асты. Осы уақыт аралығында Тәуелсіздігіміздің тұғыры биіктеп, мемлекетіміз кемелденді. Елбасының көреген саясатының арқасында әлемдік деңгейдегі жетістіктерге қол жеткіздік.

Ғұлама ғалым Махмұт Қашқари «Бұтағы көп ағашқа құс қонар» деген екен. Бұл дәл біздің елге арналып айтылғандай. Қаншама ұлттың басын бір шаңыраққа біріктіріп, береке-бірлік сақтап отырған еліміздің саясатына тәнтімін.

Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «Ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі - Тәуелсіздік. Тәуелді ұлт байлықтың бәрінен айырылып, бейшара болады» деп жазған. Осы бір қанатты сөзді бойымызға сіңіріп, халқымыздың салт- дәстүрін, тілін, діні мен ділін қастерлеп, бағалауымыз керек. Ата-бабаларымыз аманат еткен киелі жерімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, Тәуелсіздіктің құнын бағалай білейік.

Тәуелсіздік - ел бақыты, ендеше қолға қонға бақытымыз мәңгілік болғай!

Айжан ҚАБЫЛДИНА, Шадыра мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешенінің түлегі. Баянауыл ауданы.

 

 

 

Әрі көңілді, әрі қызық

Ақсу қаласына қарасты Үштерек орта мектебінің жанындағы «Этно-мәдени» лагер-інде жазғы демалыста болған балалар бос уақыттарын қызықты әрі мазмұнды өткізді.

Лагерьде мектептегі «Жас Ұлан», «Ақжелкен» клубтары мен «Спортландия», «Шахмат», «Оптика», «Қызықты математика», «Өлкетану», «Компьютерлік Бум және Робототехника», «Жас қалам» үйірмелері жұмыс істеді.

Әр күнгі іс-шаралар мазмұнды өтті. Лагерьдегі оқушылар сайыс-тарға, рольдік ойындарға, пікір-таластарға қатысты, саяхатқа шықты. Қазір ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтармен танысты. Мәселен, ши тоқу, ұлттық киім түрлері мен ат әбзелдерінің құрылысын біліп, сүттен жасалатын тағам түрлерін жасап үйренді.

Біздің мектепте ұстаздардан құрылған «Жас толқын» атты педагогикалық жасақ бар. Олар жазғы демалыс кезінде балалар арасында патриоттық, адамгершілік тәрбиеге арналған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды. Сондай-ақ олар «Жаз-2017» аясында өткізілген қалалық «Бала достары» атты педагогикалық жасақтар байқауында қалалық кезеңде І орынды жеңіп алып, облысқа жолдама алды.

Міне, біздің Үштерек ауылындағы мектеп лагерінде ұстаздар шығармашылықпен қызықты іс-шаралар ұйымдастырса, демалған оқушылар да көптеген мәліметтермен танысты, білім көкжиегін кеңейтті, бастысы - жазғы демалыс қызықты өтті.

Бәтима ҚЫЗЫР, Үштерек ауылы, Ақсу қаласы.

saryarka-samaly.kz