Ғарифолла Есім - тарих тағылымынан тәлім алып, оны бойына біліктілікпен сіңіре білген ғалым. Бүгінде еңбегі еленген, халық қалаулысына айналған академик - мақтауға да, мақтануға да тұрарлық ел ағасы. Өмірі - өнеге ұлы тұлғалардың ұлағатты ісін ұрпаққа үлгі етіп, көркем сөзбен кестелеп, көп көңілінен шыққан мол мұраның авторы. Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы, қарымды жазушы, белгілі ғалым.

«Әркімге өзінің туған жері - Мысыр шаһары» дейді халқымыз. Ежелден аққулы өлке деп түрлі аңыздарға арқау болған өзен-көлдері, қыры мен ойы бірдей құлпырған әсем өңірде қоныстанған Лебяжі ауданында Хәкім Абайдың мүсінін орнатуға ғалымның ұйытқы болғаны да белгілі. Абайдың мүсіні жанында 2012 жылдан бері «Абай күні» өткізілуде. Міне, осы кезден бастап Аққу елінде жылда Хәкім ақынның туған күніне тәлім-тағылымы ұшан-теңіз игі шара өткізу дәстүрге айналды. Биыл академиктің туған күні жылдағы дәстүрге сай қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туған күнінде ұйымдастырылуы тегін болмаса керек-ті.

Алқалы жиынға облыс әкімі Болат Бақауов, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, танымал қаламгерлер, белгілі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Айтулы шара ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етуден басталды. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жұртшылық санында есеп жоқ. Өңірімізге танымал ақын Қуанышбек Шарманов ғалымға арнау айтып, жұртшылықтың ықыласына бөленді. Шарада ақын шығармаларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған аудандық «Абай оқуларының» жеңімпаздары марапатталып, оларға қаржылай грант тағайындалды.

Аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты шарада аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы мерейтой иесіне «Алтын барыс» төс белгісін табыс-тап, Елбасының арнайы Алғыс хатын, құттықтау жеделхатын оқып берді.

- Сіз білікті педагог, көрнекті ғалым ретінде ұзақ жылдар бойы білім саласында жемісті қызмет жасадыңыз. Көптеген шәкірттер мен ізбасарлар тәрбиеледіңіз. Қоғамдық өмірге де белсенді араласып, Парламент қабырғасында жүріп, еліміздегі Заңнаманың жетіле түсуіне атсалыстыңыз. Халқымыз өзіңізді өзіндік философиялық бағыттағы ғалым ретінде жақсы біледі. Қаламыңыздан туған көптеген туынды мен зерттеуіңіз қоғамның рухани дамуына үлкен серпін берді, - делінген жеделхатта.

Бұдан соң аймақ басшысы қазақтың ата салтына сай ғалымның иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Шара барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов те сахна төрінен табылып, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құттықтау хатын табыстады. Мерейтой иесінің қуанышын бөлісе келген жұртшылық қаламгерге ақжарма тілектерін арнады. Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Алтынбек Нухұлы академик бойындағы ұлы ойшыл Абай айтқан үш қасиеттің барын үлкен толға-ныспен жеткізді:

- Дана Абай дүниеде мәңгі өлмейтін үш нәрсе: білім, ғылым, өнер, деді. Осы үш қасиет данышпан Абайды терең зерттеп жүрген ағамыз, академик Есімовтің бойынан табылғандықтан, үш қырына, үш қасиетіне тоқталсам деп едім. Әндеткеннің бәрі әйгілі әншінің деңгейіне көтеріле алмайтыны сияқты, оқытушының бәрі де ұлағатты ұстаз деңгейіне жете бермейді. Ғарекең жетті. Себебі ол 21 ғылым докторын, 41 ғылым кандидатын дайындады. Ал мұндай кісіні қалайша ұлағатты ұстаз деп айта алмайсыз?! Екінші қасиеті, кемеліне келген ғалымдар ғана сүбелі еңбектер жаза алатынын әлмисақтан білесіздер. Міне, өткенімізді өшірмей, ұлыларын ұлықтай білетін ұлттың ұлы ретінде Ғарекең де жас ұрпағымыздың ұлттық рухын көтеретін, тағылымды тарихын, бірнеше салада жазған 82 кітап пен 600-ден аса тартымды туындыларын өмірге әкеп, көсіле отыра ғұлама ғалым екеніндігін көрсетті. Ағамыздың жібектей майда мінезі, кез келген жанды өзіне еріксіз баурап алатын ғажап болмыс иесі болуы – Ғарекеңнің үшінші қасиеті, - деп түйіндеді ойын.

Жиын барысында өңір өнерпаздары күмбірлете күй тартып, сарай ішін тебірентсе, әуелеткен әндері кеш шырайын кіргізе түскендей болды. Салтанатты шара соңында академик кешке жиналған жұртшылыққа алғысын айтып, ізгі тілегін жолдады.

Салтанатты шарадан соң мерекеге жиналған меймандар киіз үйлер тігілген аймаққа беттеді. Аққу жұрты қарсы алған қонақтар арасында АҚШ-тан келген Висконсин университетінің профессоры Гэри Киркинг де болды.

- Қазақстанға биыл бесінші рет келуім. Қазақ халқының қонақжай халық екенін үнемі еститінмін, бүгін де міне соған куә болып отырмын. Осындай мерекенің куәсі болғаныма өте қуаныштымын, - деді Г.Киркинг.

Бұл күн ғалымның еңбегіне, артына қалдырған мол мұрасына арналған жылы лебіздермен өрілді. Шара барысында көрермен назарына қаламгердің шығармалары топтастырылған кітап көрмесі де ұсынылды. Этноауыл жанында ұйымдастырылған ат бәйгесіне Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан және Астана қаласынан келген сәйгүліктер қатысты.

Мереке АМАНТАЙ
Лебяжі ауданы.

saryarka-samaly.kz