Бұл күні сала үздіктері анықталып, құрметке бөленді. Салтанатты жиын барысында аймағымызда көптеген әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізіп, ел игілігіне сапалы ғимараттар ұсынған «ГСУ Құрылыс» компаниясының 20 жылдық мерейтойы аталып өтті.

1997 жылы құрылған «ГСУ Құрылыс» компаниясының аймақ экономикасын дамытуда өзіндік қолтаңбасы бар. 20 жылда компания қаладағы сәулетті ғимараттар мен зәулім сарайлардың құрылысын жүргізді. Көк тіреген көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салып, халық игілігіне берді.

Салтанатты шараға қатысқан Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Андрей Балашов құрыш қолды құрылысшыларды мерекелерімен құттықтап, осы салаға ерен еңбек сіңіргендерге қала әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті.

- Құрылысшылар жер бетіндегі бейбіт, жасампаздықтың иесі деп білеміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Құрылыс - ел экономикасының локомотиві» деп атап көрсеткен еді. Бұл - құрылысшылардың еңбегіне берілген аса зор баға. «ГСУ Құрылыс» компаниясы облыс экономикасының дамуына сүбелі үлес қосуда. Өңіріміздегі ауыз толтырып айтарлық нысандардың бәрінде сіздердің маңдай терлеріңіз, қолтаңбаларыңыз бар. Еселі еңбектеріңіз еселене берсін. Барша құрылыс саласының қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтаймын, -
деді А.Балашов.

Салтанатты жиында облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Раисов елдің әлеуметтік-экономикалық деңгейінің өсуіне айтарлықтай өз үлесін қосып жүрген серіктестік директоры Нұрлан Темірболатовқа «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» төсбелгісін табыстады. Сондай-ақ құрылысты дамытудағы кәсіби шеберлігі мен жемісті еңбегі үшін бірнеше азаматқа облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті.

Бұл кәсіпті қажыр-қайраты мол, шыдамы берік, қиялы ұшқыр адамдар ғана сүйікті ісіне айналдыра алады, дейді аталмыш салада 44 жыл қажырлы еңбек еткен құрылысшы Болат Сәдуақасов.

- Бала күнімнен құрылысшы болуды армандадым. Қарапайым шебер болып бастап, тәжірибе мен біліктілігімді арттыра жүріп, бесаспап маманға айналдым.
44 жылымды осы салаға арнадым. Жұмысымыз қиын да қызық. Кеңес кезеңіндегідей емес, көп дүние өзгерді. Қаламыздың бұрынғы келбеті мен бүгінгісін тіптен салыстыруға келмейді. Біз салған үйлердегі отбасы шаттығын көргенде, сәби дауысын естігенде кеудемізді қуаныш кернейді. Еңбегіміздің, төккен теріміздің ақталған тұсы да осы шығар, - дейді Б.Сәдуақасов.

Иә, шындығында құрылысшылар еңбегі бүгінде өңірімізге жаңа серпін бергендейақ. Халық игілігіне қаланған кірпіштер берік болсын деп тілейміз.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz