Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» атты мақаласында жүктеген тапсырмаларын орындау мақсатында ұйымдастырылған, қазақ елінің таңбалы тарихынан сыр тартқан жоба биылғы жылы ерекшеліктерге толы өтті. Көктен бата жауған күн болды. Екі күн бойы тойланған мейрамды павлодарлықтар бес саусақтың саласындай, бір әулеттің балаларындай ауызбіршілікпен атап өтті. Қаз-қатар тігілген 115 ақ шаңқан киіз үй мерекенің сәнін кіргізді. Қайнаған қазан, жайылған дастарқан, ақ баталы аталар, ақ жаулықты аналар, сәукелелі арулар, алқалы азамат бәрі-бәрі осы жерден табылды. Торқалы тойды тойлауға келген халықта да қисап жоқ. Думанға жиылған жұрттың жүздерінен жылу, көздерінен қуаныш лебі есті. Салтты сақтап, дәстүрді дәріптеуге тырысты. Халықтың әсерін әрлеп, санасын селт еткізер шараларға куә қылған фестиваль павлодарлық өнер майталмандарының мерекелік концерттік бағдарламаларынан бастау алды.

Мерекені тойлауға келген қалың бұқараны алдымен облыс әкімі Болат Бақауов құттықтады.

- Қасиетті Ертіс-Баян жерінде «Ұлы Дала Елі» фестивалін өткізу игі дәстүрге айналып отыр. Биылғы ауқымды шара Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жүзеге асуда. Президентіміз айтқандай, «Біз бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз». Бүгінде Рухымызды тіктеп, жарқын болашаққа бет бұрдық. Айтулы шараға Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Қытай мемлекеттерінен келген меймандар мен өңіріміздің өркендеуіне әр жылдары үлес қосқан ел ағалары келіп отыр. Баршаңызға зор алғысымды білдіремін. Талай ғасыр бойы таңбалы тарихымызға куә болған Қарт Ертістің жағасына баршамызды перзенттік жүрек алып келіп отыр. Игілікті шара алдағы уақытта жалғасын табатынына кәміл сенеміз. Мереке құтты болсын! - деді облыс әкімі.

Мерекелік шарада Павлодар облысының Әнұраны тұңғыш рет шырқалды. Әуезді әнді көпшілік алдында қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары «МузАрт» тобы әуелетті. Әннің сөзін жерлесіміз, белгілі айтыскер ақын Асығат Тұрғанбек, әнін ҚР «Мәдениет саласының үздігі», танымал композитор Ұлықпан Жолдасов жазған.

Сонымен қатар шарада «Ұлытау» тобының сүйемелдеуімен Арқаның аспанында күй күмбірлеп, ұлттық нақышта киінген парашютшілер аспаннан «Ұлы Дала Елі» логотипіне оралған шашу шашты. Елімізге танымал ақындар, айтыс өнерінің майталмандары Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаева, Жандарбек Бұлғақовтар делебесі қозған ағайынға арнау айтып, жырға шөлдеген халықты қара өлең құдіретімен сусындатты.

- Мұндай салт-дәстүріңді дәріптеп, тарихыңды таңбалайтын шараның халыққа берері мол. Ұлттық дәстүрге көңіл бөліп, алыс-жақын елдерден қонақтарды шақырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Екі күнде өтетін шараға тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Қазақстанның қай аймағы болса да киелі. Дегенмен Ертіс өңірі - ақындық пен шешендіктің, батырлықтың, ғылымның мекені. Ұлы дала елі деп айтуға лайық. Қазақстанның рухани жаңғыруына үлес қосып отырған Павлодар өңірінің абыройы асқақтап, рухани ордаға айналсын, – деді Балғынбек Имашев.

Айта кетейік, мерекеде Балғынбек Имашев пен Айнұр Тұрсынбаева бүлдіршіннің тұсауын кесіп, бата берді. Абай есімді балғынның нағашы атасы Сапарғали мен әжесі Қорлан Кукумбаевтар аталмыш шараға Ақсу қаласына қарасты Жолқұдық ауылынан арнайы келген.

- Жиеніміздің тұсауын Айнұр Тұрсынбаева кесті, ал Балғынбек Имашев батасын берді. Көпшілік алдында қолма-қол суырып салып айтылатын сөз сайысы мен жыр жарысында топ жарып жүрген осындай ақындардың ізімен жүретін үлкен азамат болсын деген ниетпен келіп отырған жайымыз бар. Бұл - қазақтың ежелден келе жатқан ырымы. Немереміз кішкентай болса да, домбыраның дыбысын естісе, үнемі селт етеді, - дейді Қорлан Кукумбаева.

Фестивальде даңқты ақын, күміс көмей әнші, композитор, жерлесіміз Жаяу Мұса Байжанұлының «Құм жылан» күйін 300 өнерпаз бір демде орындап, халық ризашылығына бөленді. Күйшілердің ең кішкентайы тоғыз жаста болса, ең үлкен өнерпаз 60-та. Мерекелік шарада өнер көрсеткен 300 домбырашыға арнайы киім тіккізілген екен. Оның авторы – халықаралық деңгейдегі белгілі дизайнер «JADO», яғни Жадыра Сахиева. «JADO»-ның жетекшілігімен 50 қыз-жігіт өткен 5 ғасырды қамтитын сән үлгілерін көрсетіп, жұртты таң-тамаша етті. Осы арқылы көрермендер қазақ халқының өткен тарихына саяхат жасап қайтты десек, артық айтқандық болмас. Сәнгер этнофестивальде ұсынған топтамасын Нью-Йорк қаласында өтетін байқауға апармақ.

- Жұртшылық назарына тері және күміспен әшекейленген бес ғасырдың тарихи костюмдері ұсынылды. Киім үлгілерін көрсететін модель қыз-жігіттердің бәрі - осы Павлодар өңірінен. Оларды таңдау еш қиынға соқпады. Көркіне көз тоятын қыз-жігіттер өте көп екен, - деді сәнгер Ж.Сахиева.

Игі шарада домбыраның шанағынан күмбірлеп күй, әуезді ән мен жыр төгілді. Төкпе күйдің төресі, талайдың көңілін толқытқан шығармалардың авторы Секен Тұрысбек күй толқынымен көпшілікті тербетті. Сондай-ақ дәстүрлі мерекеде павлодарлықтарды «Alem band» және «BN» тобы мен Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Ресей, Моңғолия мемлекеттерінен арнайы шақырылған делегация құттықтап, әсем ән-күйін тарту етті.

Шарадағы тағы бір тың бастама «Келіндер бәйгесі» болды. Қазақ халқында қай кезде болмасын әулетке түскен келіннің орны ерекше. Әр ауданнан келген келіндер қонақ күту, тағам дайындау, сәлем салу, секілді күнделікті тұрмыста қолданылатын қазақы әдет-ғұрыптар бойынша бақтарын сынады. Фестиваль аясында қазақтың атбегілік, құсбегілік өнері де дәріптеледі. Өңіріміздегі аудандардан таңдалып алынған 70-ке жуық ат көшпенділердің кешегі келбетін көрсету үшін театрландырылған көрініске қатысты. Шарада өткен тазылар сайысы да думанның көрігін қыздыра түсті. Алматыдан арнайы келген «KAZAKH UNION» каскадерлік тобы арнайы шоу бағдарламасын көрсетті. Биіктігі 3 метрлік қыз бен жігіттің мүсіні де шараны тамашалауға келгендердің ықыласына бөленді. Мүсін табиғи гүлден жасалған. Еңсесі 3 метрден асатын қазақ батырының бейнесі сомдалған тағы бір туынды да алаңнан орын алған екен. Бұдан басқа жұрт қызығушылығын тудырған 10 метрлік қазақтың қара домбырасы болды.

Мерекелік шара барысында аймақ-аймаққа бөлінген алаңқайлар көрермендерді таң-тамаша етті. Мәселен, «Спорт, ойын-сауық» аймағында ұлттық ойындардан спорттық сайыстар ұйымдас-тырылды. Балаларға арналған сан түрлі қызықтарға толы бүлдіршіндер алаңы да жұмыс істеді. Ал «Шеберлер» аймағында жұртшылық назарына өңіріміздің әр ауыл-аймағынан келген шебер-лердің бірегей туындылары - сыйлық және кәдесый өнімдері, киізден және жібектен жасалған бұйымдар, зергерлік әшекейлер, қыш ыдыстар, бейнелеу өнері шығармалары көпшілік назарына ұсынылды. Этноауылға келген қонақтар үшін бірегей әрі ерекше заттардан жасалған көрме-жәрмеңкеде жанға жайлы естелік мүсіндер мен тұрмысқа қажетті заттарды сатып алу мүмкіндігі де болды.

Жәрмеңкеге Ертіс ауданынан шебер - Қанағат Аушахманов та келіпті. Ол аталмыш шараға балықтардан жасалған тың туындысын әкелген.

- Мамандығым - электрик. Бұл іспен хобби ретінде айналысамын. Балықтарды өзіміздің Ертіс өзенінен аулаймыз. Көбінесе шортан мен алабұға қолданылады. Оның ішін тазалағаннан кейін арнайы химиялық заттармен өңдеп, қайтадан жинақтаймыз. Оны арнайы тақтайшаға орнату үшін кез келген қарапайым ағашты пайдаға жаратуға болады. Осының бәріне ұлым Мейірлан көмектеседі. Қажет заттарды Алматы, Астана қалаларынан, кейде Мәскеуден тапсырыспен алдырамын. Көбінесе достарыма сыйға тартамын. Дегенмен естіп, біліп Ресейдің Омбы өңірінен келіп алғандар да бар, - дейді Қ.Аушахманов.

Этнофестивальде отандық «Кербез» сағатының да тұсау-кесері өтті. «Қобдиша» интернет дүкенінің иесі Гүлнәз Қадырдың айтуынша, павлодарлықтар тарапынан отандық тауарға сұраныс көптеп түсуде. Бұл іспен «Бизнес Бастау» мектебінің түлектері айналысуда. Ұлттық нышанның суреті орналасқан және ерекше мәнерде безендірілген сағаттың фосфордан жасалған тілі түнде жанып тұрады әрі су өткізбейді.

Бұдан басқа, тұрғындардың назарына әлеуметтік желілер арқылы сатылатын күмістен жасалып, алтын жалатылған әшекей бұйымдар ұсынылды.

Көрме сөресіне сондай-ақ Павлодар ауылының фермерлері жылыжайда өсірілетін қызанақ, қияр, алма және өңірімізде алғаш рет өсірілген астрахандық қарбыздарын қойды.

Аталмыш шара мерекелік отша-шумен аяқталды. Ұлт демей, ұлыс демей, халықты біріктірген мейрам шын мәнінде рух серпілткен мән-маңызымен, әсерімен есте қалды.

Мереке АМАНТАЙ

 

Павлодар облысының Әнұраны

Сөзі: Асығат Тұрғанбек
Әні: Ұлықпан Жолдасов

Ғажап далам, бақ далам,
Саңлақтарын баптаған,
Сенен артқан асыл өлке жоқ маған.
Туған елім, тұлғалы елім байрақты,
Төскейіңде түлеген,
Көктеуіңді тілеген
Ұлы дала ұландары айбатты.

Қайырмасы:
Ұлы далам бабалар басқан мекен,
Ертіс-Баян - тарихи дастан мекен.
Аймалаған ай нұрын,
Маралды көл - байлығым,
Байтақ өлкем, жарқырап нұрлана бер.

Ғұламалар, ғалымдар,
Алашқа әйгі дарындар,
Бұл далада сақтан қалған сарын бар.
Аңыз далам ғасырлармен сырласқан,
Көсемдер мен батырлар,
Шешендер мен ақындар
Топырағыңда тербетілген марғасқам.

 

 

Керекуге келген үндістер

Үндістер Ертіс бойына өзге әлемнен
Сыр шертіп жетті
Есте жоқ ескі әуенмен...
Әйтсе де, білем, Ақбетке ұқсас Анд тауы,
Және де инкі түркімен туыс әуелден!..

Ендеше, інім, жатсынып жұртқа қарама,
Керекуімді көр, ауылдарымды арала.
Сыбызғы үнді сағынышыңды сызылтып,
Жанымды баурап жеттің ғой Ұлы Далама!

Ел айырылғанда қайғыдан мен де құлап ем,
Қайтадан тұрып мың батпан зілге шыдап ем!
Он ғасырдан соң оралды туған жеріне,
Үндістің ұлы көшімен кеткен бұл әуен!

Инкілер енді ұмытқанымен қымызды,
Іздеймін қырдан солардан қалған бір ізді.
Мың алғыс саған, туыстарымды танытқан
Қаз даусыменен сыңсыған қурай сыбызғы!..

Арман ҚАНИ.

 

 

Рүстем БАЙКЕЕВ, «Ұлытау» тобының домбырашысы:

- Елбасы мақаласындағы басым бағыттар мен тың жобалар қазақстан-дықтар үшін жаңа серпіліс, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты десек болады. Алға қойған міндеттерді орындау үшін діні мен ділі, ұлты мен салтына қарамастан, әрбір қазақстандық барынша атсалысуы қажет. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын мұндай шара халықтың рухани байлығы мен мәдениетін, салт-дәстүрін зерттеп, зерделеу үшін, болашаққа боямасыз қалыппен жеткізу үшін қажет. Еліміздің әр аймағында ұйымдастырылса деген тілек те бар.

Ержан ДҮРБЕК, Моңғолия елінен келген делегат:

- Моңғолия еліндегі Бай-Өлке жерінен келдік. Алдымен төрткіл дүние көз тіккен «ЭКСПО-2017» халық-аралық көрмесінде болдық. Кейін ат басын киелі Ертіс-Баян жерінде өтіп жатқан осы шараға арнайы бұрдық. «Ұлы Дала Елі» ұландарының рухы биік болсын.

Нүрила АБАЕВА, зейнеткер:

- Бір ұлтты екіншілерінен ерекшелендіріп тұратын - оның тілі, діні, әдет-ғұрпы, салт-санасы, ұлттық қолөнері, тұрмыстық бұйымдары, ұлттық ойындары, сол сияқты тағы басқа өзгелерге ұқсамайтын қасиеттері. Осылардың бәрі ұлттық құндылық-тарға жатады. Кеңес кезінде көптеген ұлттық құндылығымызды «ескінің қалдығы» деген сылтаумен көзін құртпақ болды. Сөйтіп ұлттың өзін жоюға тырысты. Егеменді ел болғаннан бері ұлтжанды азаматтар ұлттық құндылығымызды қалпына келтіруге ниеттенуде. Елбасының сындарлы саясатының арқасында еңсеміз тіктелді, ұлттық құндылықтар ұлықталуда. Оны сақтап, қадірлеуге, болашаққа аманаттауға міндеттіміз. Себебі ұлттық құндылық – ұлттың тірегі.

saryarka-samaly.kz