Манар Дауылбаев – Павлодар шекара жасағының командирі, подполковник. Өзі таңдаған мамандық бойынша 27 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Ол 1973 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында дүниеге келген. 1990 жылы мектепті бітірген соң, Алматы қаласындағы шекарашылар училищесіне оқуға түседі. Аталмыш оқу орнын 1995 жылы тәмамдаған. Кейін Зайсан, Қызылорда шекара жасақтарында және Шымкент қаласындағы Оңтүстік өңірлік басқармасында түрлі лауазымда қызмет атқарады. 2015 жылы Қызылорда шекара жасағында штаб бастығы лауазымында жүріп Минск қаласындағы шекара Академиясына оқуға түседі. Бұл оқу орнын 2017 жылдың ақпан айында тәмамдап, Павлодар шекара жасағының командирі болып тағайындалды.

Манар Қадылбекұлы бұл салада еңбек етуді бала күнінен армандағанын айтады.

-Зайсан ауданы шекаралық аймақ болып есептеледі. Оқушы кезімнен шекарашы сарбаздарды көріп өстім. Сол себепті шекара мамандығын таңдадым. Шекара қызметі асқан жауапкершілікті талап етеді. Біз үшін әрбір сәт санаулы. Қызметте «Істей алмаймын», «Бармаймын» деген сөздер мүлдем айтылмайды. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, бұйрық ешқашан талқыланбайды, мүлтіксіз орындалады. Ауа райының қолайсыз, құбылмалы жағдайларында да қызмет тоқтамайды. Елімнің аумағын қорғау – мен үшін үлкен абырой, - дейді подполковник.

Манар Дауылбаевтың сөзінше, күнделікті жұмыс барысында шекара бұзушылар жиі ұсталып жатады. Әсіресе, көлеңкелі бизнеспен қолға түсетіндер көп. Биыл 3 есірткі өткізу әрекеттері анықталған. Құрықталған азаматтар жазаға тартылады. Көп жағдайда шетел азаматтарының Қазақстан аумағынан белгіленген мерзімде шықпау бойынша тәртіп бұзушылығы тіркеледі. Мәселен, Ресей елінің азаматы Қазақстанда 30 күн ғана қала алады екен. Егер аталмыш мерзім аздық етсе, ішкі істер органдарына өтініш жазып, уақытын ұзарта алады. Тәртіп бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

- Өңіріміздің шекара бақылау бекеттерінде сарбаздар тұтас Павлодар аумағын қорғайды. Отан алдындағы борышын атқарған азаматтар шекара қызметінде келісімшарт бойынша еңбек ете алады. Денсаулықтары жарамды, орта, жоғары немесе арнайы білімі бар тұлғалар бұл қызметке жарап тұр. Бұл ретте Чкалов көшесі, 52-үй мекенжа-йында әр аптаның бейсенбісі сағат 15.00-ден– 17.00-ге дейін жұмысқа қабылдау шарасы өтеді. Үміткерлердің денсаулығы мен отбасы жағдайы толық тексеріледі, - дейді подполковник.

Атап өтерлігі, 1 шілдеден бастап шекарашылардың жалақысы 25 пайызға өскен. Баспананы жалдау құны да мемлекет тарапынан қарастырылады.

Жыл сайын әскери оқу орындарында білім алғысы келетін түлектер де аталмыш шекара жасағына келе алады. 21 жасқа дейінгі мектеп, колледж бітірген азаматтар қазан айынан бастап құжаттарын өткізе алады. Биыл 15 үміткердің 7-еуі жоғары әскери оқу орындарына түскен. Олар келешекте шекара қызметінде офицер лауазымында еңбек етеді. Мамандар келесі жылы да 15-20 азаматты дайындауды жоспарлап отыр.

Манар Қадылбекұлы - жүректі жауынгер ғана емес, үш баланы тәрбиелеп отырған ардақты әке, аяулы жар.

- Ұлдарым жолымды қуса еш қарсылық білдірмеймін. Өз елінің шекарасын күзетсе, одан асқан абырой болмас. Қорған мықты болмаса қарақшының қарасы көбейеді. Шекарашылар үшін күннің батуымен жұмыс күні бітпейді. Керісінше, шекараны қорғау одан әрі күшейе түседі. Себебі кез келген уақытта дабыл қағылуы мүмкін. Біз үшін әрбір сәтте дайын болу маңызды. Біз үшін халықтың сенімі мен амандығы бірінші орында. Елімізді бейбітшіліктен айырмасын, -
дейді командир.

Ел аумағын күзету – қатерлі де қауіпті қызмет. Отанды қорғау кез келген жауынгерге бұйыра бермейді. Бұл міндетке көзінің оты бөлек азаматтар ғана лайық. Себебі өз өмірін қауіпке тіге отырып, мемлекет аумағын қорғайды. Елдің шетінде, желдің өтінде жүріп, қарауыл еткен ерлердің ісі – нағыз ерлік.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz