Әр адамзат баласына «Туған жер» қастерлі ұғым болып саналады. Бұл ұғымның астарында ұлтқа, тілге, жерге деген патриоттық сезім қалыптасқан. Бүгінде «Туған жер» жобасы жалпыұлттық патриотизмнің негізгі өзегі болып отыр. Қазіргідей күн санап өзгеріп жатқан жаһандану дәуірінде рухани жаңғыру біздің ел үшін аса қажет. Елін-жерін сүйетін нағыз жанашыр азаматтарды тәрбиелеуге негізделген бағдарламаны іске асыруға жұмыла бірігетінімізге сеніміміз мол. Себебі ұлттың дамуында ұлттың бірлігі аса маңызды. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға бағытталған рухани дүниелер үшін төл тарихымызды, тарихи-мәдени ескерткіштерімізді дәріптеу қажет. Сондай-ақ рухани жаңғыруымыздың жаңа тұрпаты - ұлттық кодымыздың ерекшеліктерін сақтауды ұмытпауымыз қажет. Ал осы ұлттық код яғни рухани құндылықтарымыз - тіліміз, діліміз сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Өзге елдің, әсіресе батыстың жаңғыру үлгісі шарықтап, өзектегіні жайлап жатқанда өз еліміздің болашағын кемел ететін дүниелерді насихаттау қажет-ақ.

Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңғыру арқылы Қазақстан өзінің жарқын болашағын жасауға бірегей мүмкіндігі бар. Сондықтан елге, жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыратын «Туған жер» жобасы қолға алынды. Аталмыш бағдарлама аймағымызда өткеннен сыр шертетін көне ғимараттар мен тарихи ескерткіштерді, мәдени нысандарды қалпына келтіруді, өңірлерде өлкетану, экологиялық тазарту жұмыстарын жүргізуді, ауыл-аймақты абаттандыруды көздейді.

Жалпы, «Туған жер» бағдар-ламасының ауқымы кең. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, рухани байлығымызды жаңғыртуға шақырған бағдарлама төрт бағыттан тұрады. Бірінші бағыт білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуге, екіншісі жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруге, үшіншісі туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтей отыра, қала-ларды, аудандары көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер қорын арттыруға мән береді. Төртінші осы шараларды ақпараттық қолдауға бағытталған. Қазіргі таңда барлық аймақтарда бағдарламаны іске асырудың басым бағыттары айқындалып, ұйымдастырушылық жұмыстар атқарылуда.

«Туған жер» бағдарламасын Павлодар облысында іске асыру мақсатында бірнеше жобалар мен шаралар қабылдануда. Сондай жобалардың бірі - тілдік мәдени-туристік бағыттағы «Тіл керуені» жобасы. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен рухани құндылықтарын жаңғырту, тіліміз бен музыкамызды, әдебиетімізді бойымызда сіңіруді дәріптейтін жобаның мақсаты мемлекеттік тілді қазіргі заманға сай ерекше сабақ түрлері: ойын сабақтары, флеш-тренингтер, ойынның психологиялық сипаттағы жаңа технологиялары арқылы үйрету, сондай-ақ оны жаңаша үлгіде насихаттау, қоғамдағы тілдік қарым-қатынас жүйесіне енгізу. Ұлт рухының басты тірегі - тіліміздің тазалығын сақтау мен құнарлылығын арттыруда атқарылар жұмыстардың бағыты белгілі. Бұл жоба әртүрлі жастағы қазақ тілін түрлі деңгейде меңгерген адамдар үшін мәдениетімізді, өңірдің тарихымен таныстыру мақсатында ұйымдастырылуда. Туған тілімізге құрмет көрсету, тарихи құндылықтарымызды сақтап, келер ұрпаққа мирас етуді көздейтін жоба аясында қазіргі уақытқа дейін 200-ден аса адам оқытылды.

Сонымен қатар «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында басқармада бірнеше іс-шаралар іске асырылуда. Ағымдағы жылы Ресей Федерациясы Алтай өлкесі Благовещенка ауданының Байғамұт ауылында өз қандастарымыз үшін қазақ тілінің тегін курстары ұйымдастырылып, оған 50 адам қамтылды. Сабақ барысында нақты тілдік ортадағы ситуативтік процесі қазақ тілінде қарым-қатынас жасауға жағдай жасалды. Сонымен қатар аталған бағдарламаны жүзеге асыруға қатысты түйінді пікірлер талқыланған «Тіл, мәдениет, жастар - жарқын болашақ!» атты жастар форумы ұйымдастырылды. Шара барысында «Латын графикасы және қазақ тілі» мен «Мемлекеттік тіл - жастар» тақырыбындағы секциялық бөлімдерде қатысушылар тарапынан латын әліпбиіне көшудің ұтымды тұстары мен пайдасы туралы тұжырымдар айтылып, жастар өз ойларын ортаға салды.

Алдағы уақытта басқармамен қолға алынатын жобалар мен іс-шаралар аз емес. Олардың «Туған жер» бағдарламасының мақсаттары мен міндеттеріне сай болуы, қоғамдық санаға ықпал ету деңгейі мен ауқымы ескеріле отырып, жоғары деңгейде ұйымдастырылмақ.

Г.НҰРМАҒАНБЕТОВА, облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бас маманы.

saryarka-samaly.kz