- Біз жылу беруді жыл сайын 1 қазанға жоспарлайтынбыз. Қазір қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жетекшісі Қизат Советұлы 10 қыркүйекке дайындалу керектігін айтуда. Біз жылу маусымын 15 қыркүйектен бастағымыз келеді. Өткен жылы 5 қыркүйекте әлеуметтік саладағы мекемелерді қоса бастаған едік. Барлығы жоспарға сай жүріп жатты. Ал 1-15 қазан аралығында тұрғын үй секторы қосылуы тиіс-тін. Күн ерте суытып кетіп, 10 қазанда қар түсті. Түнде аяз тұрып, ПИК-тер өздігінен желілерді жүйеге қоса бастады. Нәтижесінде желілердің теңгерімі бұзылды. Мұндай жағдай қайталанбауы үшін көршілес Ресей мемлекетіндегі қалалардың тәжірибесін зерттедік. Ол жақта жылу маусымы 15 қыркүйекте басталады. Дегенмен ауа райы жылы болса, ПИК-тер үйлерді мерзімнен бұрын қоспаса да болады. Үйлерінде жылу есептегіш құралдары орнатылған тұрғындар тұтынған жылу үшін ғана ақша төлейді, - деді қала әкімі Н.Әшімбетов.

Бұл ретте «Павлодар жылу желілері» ЖШС-нің бас директоры Марат Иманаев та өз пікірін білдірді.

- Былтыр қаладағы тұтастай тұрғын үй секторы, әлеуметтік нысандар мен заңды тұлғалар қазан айының алғашқы аптасында бір мезетте өздіктерінен жапқыштарды аша бастады. Қала бойынша ыстық сумен қамтамасыз ететін жүйеде төрт тонна су айналып тұрады. Қыс мезгілінде бұл көрсеткіш 20-22 мыңға дейін жетеді. Бұл суды химиялық цехтар дайындайды. Ол үшін біраз уақыт керек. Біз жылуды батарейлерге жіберу үшін маусымды ерте бастауды сұрап тұрған жоқпыз. Осы 20 мың тонна суды тікелей үй іші мен квартал ішіндегі желілерге толтырғымыз келеді. Бұдан басқа, өндірістік аумақтарда жөндеу жұмыстарынан кейін толтырылмаған желілер бар. Химиялық суды тарату үшін бізге уақыт керек. Орташа есеппен алғанда қала бойынша екі апта кетеді, - дейді ол.

Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қизат Жақыповтың ұсынған ақпаратына сүйенсек, 8 тамыздағы жағдай бойынша 1330 көпқабатты үйдің 319-ы жылуға қосылуға жүз пайыз дайын. Оның 55-інде тұтынушылардың жылу желілерін қолдану бойынша дайындық актісі бар.

Дайындық актілерін алу үшін «Павлодар жылу желілері» ЖШС-не 1264 тұрғын үйден өтініш түскен. 480 үйге аралық акті берілген. 153 тұрғын үйде жөндеу жұмыстары – жылу жүйелерін алмастыру және тексеру жүргізілуде.


Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz