Аталмыш міндет Павлодар өңірінде тиісті деңгейде қолға алынуда. Облыстық әділет департаментінің басшысы Ернар Сейдімбектің айтуынша, мемлекеттік сот орындаушыларына жүктеме көп. Сондықтан бұл қызметті біртіндеп жекеге өткізу - оң шешім.

Бүгінде аймағымыздағы жеке сот орындаушыларының саны – 77. Алдағы уақытта 28 мемлекеттік сот орындаушыны қысқартып, жоғарыдағы санды одан әрі көбейту көзделуде. Бұл сот және өзге де актілердің орындалу сапасын арттыруға, өндірушілер тарапынан сот актілерінің орындалмауына қатысты шағымдарды азайтуға, орындалу мерзімін қысқартуға, актілердің орындалуын қамтамасыз етуге жұмсалатын мемлекеттік шығындарды қысқартуға бағытталған. Жеке сот орындаушылары қарызды, алиментті өндіру, борышкерді көшіру істерімен айналысуға құқылы.

Жыл басынан бері сот орын-даушылардың қарауына 2204 іс түскен. Оның 1630-ы алиментті өндірумен байланысты. Алимент төлеуден бас тартып жүрген азаматтардың ісін жеке сот орындаушыларға тапсыруға болады. Мамандар борышкерді іздеу ісімен айналысып, қарызды өндіріп алудың барлық амалын орындайды. Бұл ретте борышкердің тұрғылықты мекенжайын анықтап, жұмыс орнына берешегі жөнінде хабарлайды. Сөйтіп, мойнындағы қарызды еңбекақысынан өндіреді. Аймағымызда бұл мәселе өзекті күйінде қалып отыр. Сондықтан жауапты органдар «қашқын әкелерді» жазаға тартудың барлық амалын қолданып келеді.

Атап өтерлігі, Павлодарда мойнындағы берешекті өтемей, алимент төлеу жөніндегі міндетті орындамағаны үшін бір борышкер ҚР Қылмыстық Кодекстің 139-бабы бойынша 2 жыл 4 айға сотталды. Мамандар бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын айтуда.


Айдана Қуанышева

saryarka-samaly.kz