Қор басшысының сөзіне сенсек, жаңа жүйе әлеуметтік әділдікті көздейді. Міндетті сақтандыру мемлекет пен тұрғындар арасындағы ынтымақтастыққа негізделген.

Мамандардың айтуынша, қорға міндетті мөлшерлемені аудару қарқыны жақсы. Тіпті болжанған сомадан асып түскен. Естеріңізге салайық, елімізде тұрғындардың 14 санаты үшін мемлекет төлейтін болады. Облысымызда мұндай санатқа жататын 305 мың тұрғын бар. Олар өздерінің әлеуметтік мәртебесін растауы тиіс. Облыста 5-6 мың тұрғынның әлі әлеуметтік мәртебесі белгісіз. Мүдделі органдар бірлесіп, мәселенің анық-қанығын анықтауда. Мамандардың мәлімдеуінше, бұл тізімдегілердің көбі базада облыста тұрғанымен, әлдеқашан көз жұмған немесе қоныс аударған. Ал жұмыс істемейтін азаматтар жұмыссыз ретінде тіркелмесе, оларға міндетті сақтандыру жарнасын төлеу турасында ешқандай талап қойылмайды. Алайда ауырып, медициналық мекемеге жүгінген жағдайда мемлекеттік кепілді медициналық көмектен тыс қызмет құнын өз қалтасынан төлеуге тура келеді.

Міндетті сақтандыру жүйесінің бір тиімділігі азаматтар ем-домды аударған жарнасының сомасына байланысты емес, қажеттілігіне қарай алу мүмкіндігіне ие. Мәселен, бір адам үшін орта есеппен жылына 30 мыңдай ақша аударса да, қажет болса, ол азамат құны 1 млн. теңге көлеміндегі қызметке жүгіне алады.

- Айта кетейін, жұмыс істейтін зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істесе, оларға жұмыс беруші ешқандай міндетті сақтандыру жарнасын аудармайды. Сонымен бірге, студенттер, оқушылар жаз мезгілінде жұмысқа тартылса, оларға да арнайы жарна төленбейді. Бұл санаттағылар мемлекет есебінен емделеді, - деді Н.Қасымов.

Қор директоры өзі басқарып отырған ұйымның нақты немен айналысатынын да атап өтті. Айтуынша, қор дәрі-дәрмек, құрал-жабдық сатып алуға араласпайды. Тек медициналық қызметтерді сатып алады, солардың құнын төлейді. Сонымен қатар емдеу істерінің сапасын бақылауда ұстайды. Бұл мақсатта мекемеде медициналық қызметтерге мониторинг жүргізетін жеке бөлім қарастырылады. Ал бақылауды пациенттерге хабарласып, пікірін білу, сауалнама жүргізу арқылы жүзеге асырмақ. Науқастардың арыз-шағымын қарайтын жеке бөлім тағы бар. Н.Қасымов қордың қаржысын бөлу жағы ашық түрде жүргізіледі деп сендірді. Әр азамат қордың сайтында жеке кабинетін құрып, өзіне жұмсалған қаржы мөлшерін бақылап отыруына болады.

Жүйе шеңберінде медициналық қызмет көрсетуге жекеменшік емдеу ұйымдары да қатыса алады. Ол үшін жуырда елімізде жүйеге қатысуға ниет білдірген әлеуетті қызмет көрсетушілердің бірыңғай тізімі түзіледі. Ал қыркүйек айының 15-інде сақтандыру қоры алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелеріне тұрғындардың тіркелу науқанын бастайды. Яғни тізімде бар жекеменшік ұйымдарға да тіркелу мүмкіндігі туады. Нұрлан Қасымовтың айтуынша, қазірдің өзінде жүйеге қатысуға жекеменшік ұйымдар ауызша ниет білдіріп отыр. Енді бәрін қағаз жүзінде рәсімдегеннен кейін, тұрғындар жекенің қолындағы қай ұйымға тіркеле алатындарын білетін болады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Оразалиннің айтуынша, жүйенің мақсат-міндетін, жалпы жүзеге асыру барысын арнайы құрылған облыстық штаб тұрғындар арасында түсіндірумен айналысуда. Бұл құрылым биыл жыл соңына дейін жұмыс істейді. Қажет болса, келесі жылы да жалғастырылуы мүмкін. Сондай-ақ ол жұмыс істеп жатқандар мен салығын уақытылы төлеп отырған кәсіпкерлер үшін медициналық қызмет бұрынғыша бірқалыпты жүре беретінін атап өтті. Ал табысын заңдастырмаған өзін-өзі қамтып отырған азаматтарға ойлану қажет, дейді басқарма басшысы.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz