Бұрнағы күні Павлодарда педагогикалық қызметкерлердің «Білім беру жүйесінде кадрлық қамтамасыз етудің негізгі стратегиялық бағдарлары: жетістіктер мен болашағы» атты дөңгелек үстел болып өтті. Жиынға еліміздің барлық облыс-тары мен Астана, Алматы қалаларындағы білім беру басқармаларының әдістемелік кабинеттерінің өкілдері, мектеп директорлары қатысты.

- Тамыз конференциясы қарсаңында білім саласы айрықша дамыған облыстарда осындай шараларды жиі ұйымдастырудамыз. Республикамыздың кез келген өңірінде кадр мәселесін шешу басты назарда болуы керек. Сапалы мұғалім – саналы шәкірттің кепілі. Бүгінгі отырыста әр облыс- тан келген мамандар өзара тәжірибе алмасады. «Назарбаев» зияткерлік мектептері мен аймақтардағы инновациялық лицейлер оқушыларға физика, химия пәндерін ағылшын тілінде үйретуге мүмкіндік алып отыр. Бұл жастарымыздың ғылым саласында әлемдік деңгейге көтерілуіне жаңа мүмкіндіктер жасайтыны сөзсіз. Бүгінде ұстаздарды қайта даярлау мақсатында мемлекет тарапынан қаражат бөлініп отыр, - деді ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаментінің бас сарапшысы Айман Дүйсенбаева.

Қазіргі таңда білім беру саласы бойынша Павлодар облысы алдыңғы қатардағы облыстардың тізімінен көрінуде. Аталған секциялық кеңестің Павлодарда өтуінің басты себебі де осы.

Дөңгелек үстел басында пікір алмасқан ұстаздар ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынасты, өзара сыйластық пен түсіністікті арттырудың жолдарын қарастырды. Сондай-ақ, білім саласындағы өзгерістер мен педагог мамандарды даярлауға қатысты жаңалықтарды талқылады. Осы тұрғыда білікті мамандар сөз сөйлеп, тәжірибелерімен бөлісті. Олардың қатарында сан қырлы шәкірт тәрбиелеп, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүрген «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының мамандары да бар.

Ұстаздардың басын бір арнаға тоғыстыратын пленарлық отырыс 22 тамызда Астана қаласында өтеді. Оған еліміздің ең үздік және жаңашыл ұстаздары қатысады деп жоспарлануда.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz