Топырағы сортаң, ылғалы аз шөлейтті өңір үшін көкөніс өсірудің ең тиімді жолы – жылыжай шаруашылығын дамыту. Осыны түсінген жергілікті шаруалар аталған салаға бет бұра бастады.

«Құсанов» жеке кәсіпкерлігі бұл саладағы кәсібін шамамен 7 жыл бұрын, жалғыз шағын жылыжайдан бастаған. Еңбегі жанып, жұмысы бірден табыс әкелген. Себебі табиғи, сапалы көкөніс өнімдеріне сұраныс қашанда жоғары. Бизнестің бұл түріне деген қызығушылық кәсіпкер бойына әкесінен дарыған деуге болады.

- Әкем 20 жылға жуық уақыт бойы жылыжай өнімдерін өсірумен айналысты. Ол кезде біз Павлодар ауданына қарасты Черноярка ауылында тұратын едік. Бірақ кәсібіміз соншалықты дами қоймады. Жерді жекеменшік тұлғалардан жалға алып жұмыс істегендіктен табысымыз мардымсыз болды. Бұдан кейін Павлодар ауылына қоныс аудардық. Жергілікті әкімдік қолдау білдіріп, жылыжай шаруашылығын дамытуға жер учаскесін берді. Қазір кәсібіміз өрге домалап келеді, - дейді жеке кәсіпкерлік басшысы Рустам Құсанов.

Кәсіпкер «Алаған қолым - береген» деген қағиданы берік ұстанатынын жеткізді. Әкімдік тарапынан көрген қолдаудың есесін қайтаруға ұмтылады. Өнімін мейлінше арзан бағамен босатуға тырысуда. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. Елді мекенге демеушілік көмек қажет болғанда да аянып қалмайды. Дегенмен, бұл жайында сәл кейінірек.

Жылыжай шаруашылығы оңай кәсіп емес. Әр өнім мұқият күтімді талап етеді. Бүгінде шаруашылық иелігінде 6 гектар жер бар. Оның шамамен 2 гектарына қырыққабат, 1,5 гектарына қызанақ, 1,5 гектарға қияр отырғызылған. Бұдан бөлек 0,5 гектар жерді жылыжай алып жатыр. Биыл алғаш рет қарбыз өсіруді қолға алыпты.

Шаруашылықтың жері Ертіс өзенінен алшақ орналасқан. Сондықтан өсімдіктерді суару үшін ұңғыма қазуға тура келген. Қазіргі кезде шаруашылықта үш ұңғыма бар. Олардан егіс аумақтарына, жылыжайға су тартылған. Мұнда тамшылатып суару әдісі қолданылады. Жалпы, жылыжай салып, ұңғыма қазып, суару жүйесін құру үшін шамамен 7 млн. теңге қаржы жұмсалған.

Р.Құсановтың айтуынша, мамыр айының соңында жылыжайдан қиярдың алғашқы өнімін алған. Сол кезден бері шамамен 150 килограмм қияр сатыпты. Өнімнің бұл түрін қазан айына дейін жинайды. Көкөніс бағасы қолжетімді. Мысалы, кәсіпкер қиярдың бір килограмын 100 теңгеден босатуда.

Рустам Шоқасымұлы бұл жетістіктермен тоқталып қалмауға бекініп отыр. Келесі жылы жылыжай аумағын ұлғайтып, баялды, тәтті бұрыш отырғызуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, голландиялық жүгері отырғызуды қолға алмақ. Қарбыздың егіс аумағын арттырмақ.

Павлодар ауылының әкімі Аждар Жүсіповтің айтуынша, «Құсанов» жеке кәсіпкерлігінің басшысы қоғамдық шараларға белсене араласады. Демеушілік көмегін аямайды. Қияр, қызанақ сияқты өзге де өнімдерінің алғашқы партия- сын Павлодар ауданына қарасты Шақат балалар үйіне, қарттар үйіне жіберген. Бұдан бөлек, ауылдағы түрлі мерекелік шараларға да қолдау көрсетеді.

Атап өтерлігі, Павлодар ауылының маңында 60 гектар көлемінде игерілмей жатқан жер бар. Жергілікті әкімдік аталмыш жер учаскелерін «бағбаншылықпен айналысамын» деген тұрғындарға үлестіріп беруде. Ауыл әкімінің сөзіне сүйенсек, алғашында 1 отбасыға 1 гектардан беруді жоспарлаған. Уақыт өте келе жұмысы өрге домалаған кейбір кәсіпкерлер үшін бұл жер көлемі аздық еткендіктен, жалға берілетін жер көлемін ұлғайтқан.

- Көкөніс, бау-бақша өнімдерін өсіріп, жылыжай шаруашылығын дамытамын деген тұрғындарды қолдауға тырысамыз. Жердің бостан-босқа жатқаны ешкімге пайда әкелмейді. Егер қолынан іс келетін азаматтар болса, неге жер бермеске? Қазір осы аумақта ауылымыздың 5 тұрғыны жылыжай ашып, шағын бизнесін дамытуда. Соның арқасында ауылдықтар көкөніс, бау-бақша өнімдерімен толық қамтылып отыр. Онымен қоса, аталмыш кәсіпкерлер жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмысқа тартуда, - дейді.

Жоғарыда атап өткендей, Павлодар ауылында ірілі-ұсақты 600 жылыжай бар. Оның басым бөлігі тұрғындардың аулаларында шоғырланған. Оның ішінде 370 жылыжайда қияр өсіріледі. Гүл өсіруді қолға алған тұрғындар да бар. Шағын болса да, 1 жылыжайдың табысы бір отбасын асырауға артығымен жетеді дейді жергілікті тұрғындар.

Бұдан бөлек, Павлодар ауылында 47 жеке кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеуде. Олардың қатарында 24 дүкен, дәріхана, тіс емханасы бар. Бүгінде тігін цехы мен жекеменшік балабақша ашуға ниеттеніп отырғандар бар көрінеді. Жергілікті нәзік жандылар үшін жақында ашылған косметологиялық орталық қызмет көрсетеді. Ауыл халқы үшін мұндай кәсіп түрі таңсық болатын. Ал үстіміздегі айдың соңында Павлодар ауылындағы №40 мектепте мүмкіндігі шектеулі балалар үшін 3 коррекциялық сынып ашылмақ. Осылайша, елді мекенде шағын кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz