Ақырзаманға дайынсыз ба?

Шаруам бар деп орталыққа кеткен Мықтыгүл бiраздан соң опыр-топыр болып қайта оралды. Сол жақтағы төрт-бес дүкендi түгел аралап шығып, сауда жасап жарытпаса да, бiрер аптаға жетерлiк өсек-әңгiме жинап, үйге көз байлана бiр-ақ қайтатын Мықтыгүлдiң жылдам оралысынан бәрiмiз үрпиiсiп қалдық. Шынында да, тегiн емес екен.

– Әй, – дедi аңырайып отырған маған қарап, – Сен бейшара осылай диванның үстiнде, газетiңдi бетiңе ұстап отырып, омалып өлесiң ғой. Не боп жатқанын бiлесiң бе далада?

– Ж-жоқ,.. – дедiм зәрем ұшып.

– Қайдан бiлесiң сен, еркек боп үйден шықпасаң! Отыр солай, газетiңдi бетiңе жауып. Ақырзаман келе жатыр дейдi. Түсiндiң бе? Ақырзаман! Елдiң бәрi соған дайындалып жатқан көрiнедi. Сенiң отырысың мынау, жағаң жайлауда...

– Ақырзаман... қ-қай жақтан... қалай?...

– Е, қайдан бiлейiн, қай жақтан келе жатқанын. Жаңа орталықтан Дымқылдың қатынын жолықтырғам. Ол кесапаттың бiлмейтiн пәлесi жоқ қой. Сол айтты, желтоқсанның ортасында ақырзаман келедi екен. Соған дайындалып жатырмыз дейдi. Үйдiң астынан үлкен жертөле қазып, нан кептiрiп, ет тұздап, сонда тасып жатқан көрiнедi... Ертең ақырзаманда елдiң бәрi қырылып қалады. Сосын жертөледен шығып, дүкен бiткендi асықпай аралап, керегiмдi алам деп отыр.

– Сонда жертөлеге тығылса, аман қала ма екен?

– Әй, сен өйтiп кекетпе, о қатынның бiлмейтiнi жер астында. Аман қалмаса, айта ма? Сен давай, таста андағы газетiңдi, ендi оқығаныңмен, профессор болмайсың. Бiз де бiр әрекет қылайық.

– Не iстеймiз сонда?..

– Тыңда менi. Дымқылдан қай жерiң кем сенiң? Ең бiрiншi, мына жаман үйiңдi банкке кепiлге қой да, кредит ал. Несие дегенiм ғой.

– Ойбай, сонан кейiн қалай қайтарамыз оны?

– Әй, нақұрыс! Ертең банкiң де, басқасы да, бәрiмiз түгелдей қырылады екенбiз, сонда кiмге қайтармақсың?

– Сонан соң ол ақшаны не iстеймiз?

– Саспа, не iстейтiнiңдi мен айтам. Сенiң етегiңнен ұстап, қатын болғалы не қызық көрдiм? Давай, кредит ал, ана екi сиырыңды сат, шетелге кетемiз. Тым болмаса, шетелдi бiр көрiп өлейiк.

– Кiм... сен... Мықташ, әуелi ойланап алайық та. Мүмкiн... ақырзаман болмай қалар, сонда не iстеймiз? Банк ақшасын сұрайды ғой.

– Әй, мен саған не деп тұрмын? Ең әуелi шетелге бiр жетiп алайықшы, сосын бiр-ақ ойланамыз. Ақырзаман болмаса, тiптi жақсы, сол жақта қала беремiз. Бұл жақтағы тiрлiгiмiз онсыз да ақырзаманнан асып тұрған жоқ. Одан да сол шетелiңде қалайық.

Амалсыздан киiне бастадым. Есiкке жете бере, Мықтыгүл тағы тоқтатты.

– Сен келгенше мен қатырып тiзiм жасап қоям.

– Не тiзiм?

– Сенi өткенде жазықсыз жұмыстан қысқартқан бастығың бар ғой, соның дәл кетерде ит терiсiн басына қаптап кетем. Жуырда Кәкпiрдiң үйiнде қалжада болған ұрыста Тырақбайдың тырбиған жаман қатынында есем кетiп едi, соны қайтаруым керек. Ана бесiншiдегi ұлға кiлең екiлiк қойып жүрген мұғалiмнiң де сыбағасын берем дәл кетерде. Ертең шынымен ақырзаман келер болса, арманда кетiп жүрермiз. Та-а-ак, сосын не қалды еске түспеген?.. Айтпақшы, Арсызбайдан алған ана қарыз ақшаны қайтармай-ақ қоялық, әйтеуiр өледi екенбiз, оған ол ақшаның не қажетi бар? Бiрақ сен ашықауыз оған банктен несие алдық деп айтып қойып жүрме. Ол сосын үйден шықпай қояды. Бар ендi!

Банкке кетiп бара жатып ойлаймын, шынымен де Мықтыгүлдiң сөзiнiң жаны бар секiлдi. Сол шетелiңе кетсек, кетiп-ақ қалайықшы. Кiм бiледi, мүмкiн ақырзаман ол жаққа жете қоймас...

Сайлау БАЙБОСЫН.

saryarka-samaly.kz