Тұтынушының субсидия алғандағы үстемеақысы 19%-дан аспауы керек. Бұл ретте аталған несиенің 7/10% мемлекет төлейді. Қарыздың қалған айырмасын кәсіпкер өзі өтеуге тиісті.

Бүгінде республика бойынша 10,0 мың кәсіптік жоба субсидияланған. Оның 7% павлодарлық кәсіпкерлерге тиесілі. Аймақтағы шағын бизнестің өкілдері субсидияны игеруде еліміз бойынша 2-орынға шығып отыр.

«Даму» қорының шарапатын көргендердің бірі - Павлодардағы «Auto Gas-PV» жеке шаруашылық серіктестігі. Аталған серіктестік 2016 жылы «Даму» қоры кепілдігінің нәтижесінде 20 млн. теңгенің несиесіне қол жеткізген.

- Қазірде біз тұтынып жүрген АИ-92 бензинінің сапасы аса жоғары емес. Ал АИ-95-жанармайын машинасына құюға екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан да тұтынушылардың көпшілігі көліктеріне газ қондырғысын орнатуға көшті. Біз кәсібімізді осыдан бастауды жөн көрдік. Бүгінде күніне 4 машинаға газ қондырғысын орнатуға мүмкіндігіміз бар. Бағасы құрылғының сапасы мен көліктің ерекшелігіне қарай 105 мың теңгеден басталады. Сонымен қатар бүгінде ауыл шаруашылығындағы техникаларға арналған гидрошлангалар да жоғары сұранысқа ие болып отыр. Кәсібімсізді кеңейтіп, осы жылдың қаңтар айынан бастап гидрошлангтерді құрастырумен де айналысудамыз,-дейді серіктестік менеджері Олег Петушин.

Ай сайын гидрошлангтің 2400 данасын дайындайтын кәсіпкерлік «Стальмонтаж», «Ақтоғай-Агро», «Победа» секілді аймаққа белгілі қожалықтармен тізе қосып жұмыс жасауда.

Осыдан үш жыл бұрын шағын бизнеске бет бұрғандардың бірі – Александр Эскиджян. Оның айтуынша, алғашқыда тәтті тоқаш пен печенье өнімдерін үйінде пісіріп сата бастаған. Мемлекет тарапынан шағын кәсіп ашуға ынталы азаматтарға көрсетілетін көмектің бар екендігін білген соң құжаттарын жинап,
«Даму» Қоры арқылы 9 млн. теңге несие алған. Кәсіпкер бұл қаражатқа өзіне қажетті құралдарды сатып алған. Бүгінде оның қолынан шыққан өнімдер облыстың барлық аудандарында, Семей мен Астана қалаларында да саудаланады. Кәсіпкердің ендігі межесі Ресейдің Қарасуық, Славгород, Құлынды өңірлеріне тауарларын ұсыну.

Тәулігіне 600-700 килограмм тағам шығаратын жеке кәсіпкер 19 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz