Атышулы бейнеролик YouTube желісінде жарияланған болатын. Видеода полиция қызметкерінің жас жігіттерді ұрып жатқанын көруге болады. Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, генерал-майор Марат Қожаев 4 қызметкердің де жұмыстан босатылғанын айтты. Дәмхана келушілеріне күш қолданған қызметкердің әрекеті лауазымын асыра пайдаланған деп бағаланады. Сондай-ақ, ішкі істер департаментінің қызметкерлеріне бағынбағаны және күш қолданғаны үшін осы оқиғаға қатысы бар азаматтар да жауапкершілікке тартылады. Қылмыстық істі тергеу барысында оқиға орнынан алынған бейнежазбаны қолға түсірілген. Тәртіп бұзған сақшылардың басшылығы, яғни жол-патрульдік полициясы, батальон командирі және олардың тәрбие жөніндегі орынбасарлары, взвод командирлері жоғарыдағы қызметкерлерінің жағаұстатарлық әрекеті үшін де тиісті жазаға тартылған. Мемлекеттік қызметші тәртіпсіздікке жол берген әріптесін тоқтату үшін шара қолдануы керек. Бірақ аталмыш жағдайда олардың ешқайсысы әрекет етпеген.

Айта кетейік, 3 тамыз күні жергілікті дәмханалардың бірінде полицейлер тұрғындарды соққыға жыққан болатын. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде 11 тамыз күні тарады. Тәртіп сақшылары шақырту бойынша дәмханаға келушілер арасындағы жанжалды тоқтату үшін келген. Нәтижесінде құқық қорғау органының қызметкерлері заңбұзушылыққа барып, азаматтарды соққыға жыққан.

Марат Шәдетханұлының сөзінше, Павлодарда тәулік бойы ішімдік саудалайтын сауда нүктелері өте көп. Алғашқы 7 айдың ішінде шаһардағы дәмханалардан 100-ден астам өтініш түскен. Осыдан 2 ай бұрын «Арай» сауда үйінің маңында бір топ жас жігіт төбелесіп, салдарынан 43 жастағы азамат пышақ жарақатынан көз жұмған еді.

- «Арай» сауда үйі жанындағы дәмхана күндіз-түні жұмыс істейді. Спирттік ішімдіктерді сатады. Бұл жағдай дәмхана маңында қылмыс пен құқық бұзушылықтар жасауға себеп болуда. Мұндай олқылыққа жол бермеу мақсатында «Арай» ЖШС басшылығына құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасауға себеп болатын жағдайларды жою туралы бірнеше рет ұсыныс жолданды. Бұдан бөлек, тамақтану орнының жұмыс уақытын шектеу немесе спирттік ішімдіктерді сатуға тыйым салу жөніндегі ұсыныстар өкілетті органдарға да жіберілді. Бұл полицейлердің құзіретіндегі мәселе емес. Павлодар қаласында осындай бағыттағы дәмханалардың санында шек жоқ. Шу шыққан кезде шақырту түскен бойда қызметкерлеріміз жедел түрде оқиға орнына барып, тиісті шара қолданады. Біз шағын және орта бизнестің ісіне қарсылық білдіре алмаймыз. Бұл жағдайды атқарушы органдар ғана қолға ала алады, - деді М.Қожаев.

Генерал-майор ішкі істер саласына жұмысқа тұрғысы келетін қызметкерлердің сапасына алаңдаушылық білдірді. Оның сөзінше, құқық қорғау органдарында қызмет етуге ниет білдірген азаматтарға аса жоғары талап қойылмайды. Арнайы білімі мен Отан алдындағы борышын өтесе болды. Созылмалы ауруға шалдықпаған болу керек. Павлодар - қуатты өндіріс аймағы. Жастардың барлығы еңбекақыны жақсы төлейтін кәсіпорындар мен зауыттарға қызметке орналасады. Ал полиция қатарын толықтырғысы келетіндердің жалақы мөлшері төмен деңгейде. Сондықтан құқық қорғау органы жоғары жалақыға қол жеткізе алмаған қыз-жігіттерді жұмысқа қабылдауға мәжбүр.

- 2017 жылы ішкі істер органдарында 330 бос жұмыс орны ұсынылды. 193 азамат жұмысқа тұруға ниет білдірді. Алайда оның 35-і немесе 18 пайызы ғана іріктеуден өтті. Полиция қатарына жастарды тарту мақсатында бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша келісімге қол қойылған, - деді Марат Қожаев.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz