Аталмыш елдімекендерде басшылыққа 3 үміткер сайлауға түскен. Мәселен, Ленин кентінің әкімі лауазымына Ленин кенті әкімі аппаратының бас маманы Дәулет Ахметов, Павлодар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік мекемесінің сектор меңгерушісі Марат Қожахметов және Павлодар қаласының №19 жалпы орта білім беру мектебінің директоры Дәулет Тайгулиннің кандидатурасы ұсынылды. Халық қалаулыларының дауыс беруі нәтижесінде Дәулет Тайгулин Ленин кентінің әкімі деп танылды. Ол барлығы 16 дауысқа ие болды.

Дәулет Аманкелдіұлы 1972 жылы Семей облысы, Шұбартау ауданы, Қорық ауылында дүниеге келген. 1997 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін бітірген. 2010-2013 жылдары Павлодар қаласы №33 жалпы орта білім беру мектебінің директоры болып қызмет атқарған. 2013 жылдан бастап Павлодар қаласының №19 жалпы орта білім беру мектебінің директоры болды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Үйленген, екі баланың әкесі.

Ал Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мемлекеттік мекемесінің қызметкері Серік Шуақбаев, Кенжекөл мәдени ойын-сауық орталығының директоры Ерлан Мұсапов және Павлодар қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің қызметкері Марат Досымханов Кенжекөл ауылдық округінің әкімі лауазымына ұсынылды. Үміткерлердің ішінен депутаттар дауыс беру арқылы Серік Шуақбаевты сайлады.

Серік Ниязбекұлы 1958 жылы дүниеге келген. 1987 жылы Семей зоотехникалық-ветеринарлық институтын бітірген. Павлодар ауданы Чернорецкий кеңшарында бас мал дәрігері болған және «Табыс» шаруа қожалығын басқарған. 2010-2013 жылдары Павлодар ауданы Чернорецкий ауылының әкімі қызметін атқарды. 2017 жылға дейін «Восток» шаруа қожалығын басқарса, биыл шілде айынан бастап қалалық ТҮКШ бөлімінде істеді.

***

Науқан аяқталды

Павлодар облысында ауылдық округтің құрамына кірмейтін ауылдар мен ауылдық округтердегі әкімдердің сайлауы өз мәресіне жетті. Қалалық және аудандық мәслихаттың депутаттары 16-17 тамыз күндері үміткерлерге дауыс беріп, жаңа басшыларды сайлады.

Павлодар облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Вера Ерашованың айтуынша, қалалық және аудандық сайлау комиссиялары 279 кандидатты тіркеген. Құпия дауыс беру негізінде халық қалаулылары тиісті таңдау жасаған. Сайлау науқаны кандидаттарына арнайы талаптар қойылды. Үміткер ҚР азаматы болуы керек. Олардың жасы 25-тен кем болмауы тиіс. Жоғары білімді, Павлодар аумағында өмір сүруі қажет. Осынау мағлұматтардың барлығы тиісті құжаттармен расталды.

- Ауыл әкімдеріне дауыс беру орындары бекітілген талапқа сәйкес, қажетті құралдармен жабдықталды. Сайлау науқаны өңіріміздің 13 аймағында өтті. Дауыс беруге барлығы қалалық және аудандық мәслихаттың 167 депутаты қатысты. Бұл сайлаушылар тізіміне енгендердің 99,4 пайызын құрайды. 279 үміткердің ішінен 98 ауыл әкімі сайланды. Жаңа басшылардың 80-і - ер азамат, 18-і – әйелдер, - дейді В.Ерашова.

Вера Ерашованың сөзінше, науқанда жеңіске жеткен әкімдердің жас ерекшеліктері әртүрлі. Мәселен, депутаттар 25-30 жастағы аралықта – 6, 30-35 жас аралығында - 10, 35-45 жас аралығында – 25, 45-55 жас аралығында 45 әкімге таңдау жасады. Қалған 12 басшы 55 жастан асқан азаматтар.

Атап өтерлігі, ең жас әкім - 1991 жылы туған Қайкен Ерғанант Аязбиұлы. Ол Май ауданы Майтүбек ауылының әкімі деп танылды. Сондай-ақ, Качир ауданы Тереңкөл ауылдық округіне Данияр Айтышев, Железин ауданы Қазақстан ауылдық округіне Азиза Ибраева сайланды. Олардың екеуі де 1990 жылы туған.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz