«Кешікпей келем деп ең...»

Өндірісте «қашықтықтан басқару» деген ұғым бар. Түрлі кәсіпорындарда көптеген құрал-жабдықтарды бір адам алыстан отырып-ақ басқара береді. Бұл - озық технологиялардың арқасында мүмкін болып отырған игілік. Жұмыстың мұндай жүйесіне көшкен зауыттар дамудың даңғыл жолына түскен болып есептеледі. Тек мемлекеттік басқару саласында емес...

Бүгінде «әкімдер өздеріне сеніп тапсырылған елді мекендерді виртуалды, яғни ғаламтор арқылы басқаруға көше ме?» деген қорқыныш бар. Бірте-бірте осыған келе жатқан сыңайлы. Себебі қалада тұрып, ауылда әкім болып істейтін шенділердің, яғни, «қонақ» әкімдердің қатары артып келеді.

Бұл тақырыпқа Павлодар ауданына қарасты Красноармейка ауылы тұрғындарының жанайқайы себеп болды. Аталмыш елді мекен облыс орталығының іргесінде орналасқан. Соған қарамастан ауылда шешімін күткен мәселелер бар. Үстіміздегі жылдың мамыр айында жерілікті тұрғындардың шағымынан кейін аталған елді мекенге барып, мәселенің мәнісін біліп қайтқан едік. Ол кезде жұртшылық «таза ауызсуға жарымай отырмыз, жолымыздың сапасы сын көтермейді» деп шағымданды («Сарыарқа самалы» газеті, 2017 жылдың 16 мамырдағы саны, «Аты да, заты да түзелмеген ауыл» атты мақала). Мақала жарияланғалы бері үш айдың жүзі болды. Алайда Красноармейка ауылының тұрғыны Жоламан Қыстаубайұлының айтуынша, мәселе әлі күнге дейін «баяғы жартас - сол жартас» күйінде қалып отыр.

- Ел болып мәселелерімізді айтып-ақ келеміз. Өкінішке қарай, естір құлақ жоқ. Қайдан естісін? Депутатымыз да, ауылдық округтің әкімі де Павлодарда тұрады. Бізбен бір ауылда тұрып, сапасыз, лай суды ішіп, сол ойлы-қырлы жолмен жүрер болса, жағдайымызды түсінер еді. Жаз айлары жауынды болғанын білесідер. Ауылдың іші лай батпақ болып кетеді. Жолдармен жүру мүмкін емес. Әкімге мәселені айтайын десек, жұмыс орнында болмайды. Қашан сұрасақ та, қарамағындағылар «ол қалаға кетіп қалған» дейді. Сонда әкімді қайдан іздеуіміз керек? - дейді Жоламан ақсақал.

Ауылда тұрып, күнделікті қалаға қатынайтын тұрғындардың жағдайын түсінуге болады. Олардікі - күнкөріс қамы. Ал қалада тұрып, күнделікті ауылға шапқылайтын әкімдердің тірлігі қаншалықты орынды? Әлде ауыл халқының арасында бас болар азаматтар жоқ па? Осы сауалдардың жетегімен қаладағы әкімдерін сарғая күтіп жүретін бірнеше ауыл тұрғындарымен тілдестік. Сондай ауылдардың бірі - Павлодар ауданына қарасты Заря селолық округі. Ауыл тұрғыны, Павлодар ауданының Құрметті азаматы, ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері Николай Николаев:

- Өкінішке қарай, әкіміміз көп жағдайда жұмыс орнында отырмайды. Кейде тіпті аптасына 2-3 күн ғана жұмысына келетін кездер болады. Ал біз мәселемізді арқалап, әкімді аңдумен жүреміз. Қалада тұратын әкім бізді қайтсін? Оның үйі жылуға қосылған, пәтеріне суы келіп тұр, ауласы жарықтандырылған, баласы балабақшамен қамтылған, асфальт төселген жолмен ғана жүреді. Дұрыс қой. Оған ауылдың, мұндағы халықтың жағдайы қызықты емес. Елдің билікке деген наразылығы осыдан туындап жатыр. Ауыл тұрғындарына жылы сөз айтсаң, соның өзі үлкен демеу. Мәселесін түбегейлі шешіп тастамасаң да, «жағдайыңыз қалай?» деп көңілін бір сұрап қойсаң марқайып қалады. Ал біздің әкіміміз мұны да білмейді.

Ауыл әкімдерін ауыл тұрғын-дарының өздері сайлауы тиіс. Бар мәселе осыдан туындап отыр. Ауылда әкімдікке лайықты, қолы іс білетін, білімді азаматтар бар. Бірақ оларды билікке жібермейді. Ал ауылдың тыныс-тіршілігін таңсық көретін, қарапайым тілмен айтқанда, картоптың қалай өсетінін, малды қалай күту керектігін білмейтін әкімнен не пайда?

Бізде шешімін күткен мәселелер көп. Ауылды көріктендіру мәселесі ақсап жатыр. Жалғызілікті қарияларға көмек керек. Жекелей мәселемен барсаң да ат-тонын ала қашады. Мен - ауданның қоғамдық кеңес мүшесімін. Бұрнағы күні аудандық әкімдікке кеңес жиынына бару қажет болып, әкімнен көмек сұраған болатынмын, ол «қалай жетсең олай жет» деп шығарып салды. Бұл әкімнің айтар сөзі ме? – деп өкпесін білдірді.

Әкімдерімен «сағынып» көрісетін-дердің қатарында Мичурин ауылының тұрғындары да бар. Ауыл тұрғыны, жергілікті қоғамдық кеңестің төрағасы Қайыр Рақымжановтың айту-ынша, ауыл халқы жергілікті әкімдерге сенуден қалып барады. Себебі көмек керек жағдайда әкімді таба алмай жатады.

- Тамыз айының басынан бері Мичуринде әкім жоқ. Себебі бұл қызметті атқарған Амангелді Бекмағанбетов тұрғындардың наразылығынан кейін жұмысынан кетіп тынды. Жергілікті халықтың ашынатын жөні бар. Ауылда шешілмеген мәселелер баршылық. Соның бастысы – жайылымдық жер. Әкімдіктегілер ауылдың айналасындағы жерлерді кәсіпкер-лерге таратып берген. Ал халық қорасындағы азын-аулақ малын бағатын жер таба алмай, дал болып жүр. Мәселемізді арқалап, әкімге барсақ, үнемі орнын сипап қайтамыз. Қол астындағылардың бар айтатыны: «Әкім қалада жиналыста жүр». Әрине, әкім ауылда тұрмаған соң тұрғындардың мәселесін керек етпейді?! Ол тіпті, ауыл халқының басым бөлігін танымайтын еді. Оған қарапайым халықтың қамы қажет емес. Аудан әкімінің көңілін тапса болғаны, - дейді Қ.Рақымжанов.

Атап өтерлігі, Қ.Рақымжановтың өзі 1996-2004 жылдар аралығында Мичурин ауылында әкім қызметін атқарған. Бұл - ел дамуының қиын кезеңдерінің бірі. Соған қарамастан жергілікті тұрғындарды біріктіре білді. Ауыл халқы «Қайыр аға жұртшылықпен біте қайнасып жұмыс істеді. Әрқайсымыздың мәселемізді жете білетін еді» деп ол кездерді ерекше ықыласпен еске алады. Ал зейнеткердің өзі болса, әкім болу үшін тек білім ғана емес, халықпен тіл табыса білу қажет дейді.

- Күн сайын ауылдан қалаға арлы-берлі қатынағаннан жол жүрудің өзіне қанша шығын кетіп жатыр десеңізші? Оны ойлап жатқан шенеунік жоқ. Әкімдердің несі кетіп жатыр. Астында мемлекеттің берген қызметтік көлігі бар. Оның жанармайын да мемлекет көтеріп отыр. Мен ауылда әкім болған кезде күніне небары 5 литр бензин беретін еді. Сондық ауыл ішінде жаяу жүрдім. Ал қазір әкімдер қалаға қатынауға күніне ондаған литр бензин шығындайды. Бүгінде ауылымызда 2800 шамасында тұрғын бар. Соның ішінен әкім болуға лайықты, бас болар бір азамат табылады ғой?! Енді әкім тағайындағанда жоғарыдағылар осыны ескерсе дейміз. Бізге жай-күйімізді жақсы білетін, өз ортамыздан шыққан басшы қажет, - дейді Қ.Рақымжанов.

Жоғарыда аталған Красноармейка, Мичурин ауылдарынан бөлек мұндай мәселе тағы бірнеше ауылдарда бар. Атап айтсақ, Павлодар ауданына қарасты Заря, Черноярка, Заңғар ауылдарының әкімдері жұмысына қаладан қатынайды. Бұдан бөлек, облыс орталығына қарасты Ленин кенті мен Кенжекөл ауылдарының жаңадан тағайындаған әкімдерінің тұрғылықты жері де Павлодар қаласы.

«Ауылға көшемін»

Ауыл халқының шағымын естіген соң, «қонақ» әкімдердің өздерімен тілдесуге бекіндік. Бір қызығы, жергілікті атқамінерлердің барлығы бұл мәселені қалыпты жағдай деп түсінетін болып шықты. Қалада тұрып, ауыл әкімінің қызметін атқаруда еш сөкеттік жоқ дейді олар. Ол ол ма? Кейбір әкімдер жұмыстың жүрмей жатқанына тұрғындарды кінәлап шыға келді. Мысалы, Красноармейка ауылының әкімі Амангелді Закирьянов «тұрғындар бос сөйлегеннен басқа ештеңе білмейді» деп айды аспаннан бір-ақ шығарды.

- Менің ауылда тұратын үйім жоқ. Сондықтан қаладан барып-келіп жұмыс істеймін. Шынымды айтайын, қазір өзімнің де жұмысқа деген ынтам жоқ. Себебі жергілікті тұрғындар сынауды ғана біледі. Ауылда көптеген жұмыстар атқарылды. Бірақ тұрғындар бос сөзге үйір. «Мені орнымда отырмайды» дейді. Егер бір күнде аудан әкімдігіне 3 рет шақырса мен қалай жұмыс орнымда отырамын? Соны да түсіну керек. Тұрғындар әкім қызметінде өз араларынан шыққан азаматты көргісі келеді. Жарайды. Егер солай болатын болса, онда мен қызметімді босатуға әзірмін, - дейді А.Закирьянов.

Ал Павлодар ауданының Заңғар ауылына жаңадан тағайындалған әкім Руслан Қанатұлы «қоныс аударуға әзірмін» дейді.

- Өкінішке қарай, ауылда тұратын үйім жоқ. Сондықтан Павлодар қаласынан қатынап, жұмыс істеуге мәжбүрмін. Бірақ бұл жұмысыма пәлендей кедергі келтіріп жатыр деп айта алмаймын. Негізі, ауылға көшіп баратын жоспарым бар, - дейді әкім.

Павлодар ауданына қарасты Черноярка ауылына үстіміздегі жылдың 17 тамыз күні Ермек Тоқтағұлов есімді жаңа әкім тағайындалған көрінеді. Бірақ онымен тілдесудің сәті түспеді. Жергілікті әкімдіктегілердің айтуынша, жаңа басшылары қызметке тағайындалғалы бері әлі бір рет болсын жұмысына келмеген.

«Әкімдер заңсыз жұмыс істеуде»

Павлодар аудандық мәслихатының депутаты Бақытбек Баткеевтің айтуынша, ауданда ауыл әкімдерімен жұмыс ақсап барады.

- Ауылға, оның халқына обал болды. Себебі онда ауыл шаруашылығының қыр-сырын білмейтін, бұрын-соңды бұл салада жұмыс істемеген әкімдер келіп жатыр. Соның салдарынан елді мекендерде көптеген мәселелер уақытылы шешілмейді. Тәжірибелі әкімдердің жоқтығынан ондағы проблемалар қордалануда. Әкім өзі қызмет ететін ауылда тұрмаса, халқымен біте-қайнасып жұмыс істемесе, онда одан қандай нәтиже күтуге болады? Соңғы екі жылда Павлодар ауданында 10-ға жуық ауыл әкімі сайланды. Оның 4-уі - ішкі істер саласының зейнеткерлері. Олардың ауыл шаруашылығынан еш хабары жоқ. Әрқайсысы шамамен 200 мың теңге зейнетақы алады. Тұрмысы жақсы. Сондықтан ауыл халқына жіті көңіл бөлмейді. Жұмыс бабымен елді мекендерге жиі барамын. Қанша барсам да, сол әкімдер жұмыс орнында жоқ болып шығады. Үйі, отбасы қалада болғаннан кейін жұмысынан кеткенше асығып отыратыны белгілі мәселе ғой, – дейді Б.Баткеев.

Халық қалаулысының сөзіне сүйенсек, жоғарыда аталған елді мекен әкімдерінің жайбарақат жүруінің себебі бар. Олар «біз заңға қайшы әрекет істеп жатқан жоқпыз» деген ойда.

- Шынымен, заңда «ауыл әкімі қалада тұрмауы қажет» деп ашықтан-ашық жазылмаған. Бірақ тікелей осы атқамінерлерге, олардың жұмысына, жауапкершілігіне қатысты «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң бар. Оған сәйкес, алдымыздағы жылдан бастап әрбір ауылдың өз бюджеті белгіленетін болады. Заңға сәйкес ол қазына қаржысын ауыл әкімі мен жергілікті белсенді азаматтардан құралған қауымдастық ақылдаса отырып үлестіруі тиіс. Ал қауымдастық мүшесі міндетті түрде сол әкімшілік аумақтың, қарапайым тілмен айтқанда, сол елді мекеннің тұрғылықты азаматы болуы қажет. Сонда қалада тіркеуде тұрған, өзі де қалада тұратын әкімдер қазына қаржысын қалай игермек? Оларда мұндай құқық жоқ. Бұл – заң талабы. Сондықтан ауыл әкімдері өздеріне сеніп тапсырылған бюджет қаражатын үлестіріп, жұмсай алуы үшін өзі басшылық ететін ауылда тұруы міндетті. Басқа жол жоқ. Ойлап қараңыздаршы, қалада тұратын азамат бір ауылға барып, сол елді мекеннің қаржысын оңды-солды жұмсап, ресми құжаттарға қол қояды. Бұл өзге облыстың әкімі біздің аймағымызға келіп әкім болғанмен бірдей, - дейді депутат.

Сондай-ақ, Бақытбек Тілеубай-ұлының айтуынша, бұл мәселе шешім табуы үшін сол ауылдың тұрғындары талап ете білуі тиіс.

- Жалпы, ауылдарға сырттан әкеліп әкім тағайындау дұрыс емес. Көбіне «Ауылда әкімдікке жарайтын азаматтар жоқ» деген себеп айтылады. Бірақ бұл нағыз сылтау дер едім. Әр ауылда бас бола алатын, жергілікті тұрғындар сыйлайтын азаматтар бар. Әкім ретінде солар сайлануы тиіс. Бірақ өкінішке қарай, оларды билікке жібермейді. Себебі халықтың мүддесін қорғайды. Бірінші кезекте өз жерлестерінің қамын күйттейді. Ал аудан басшылығына ондай азаматтар қажет емес. Жұмса жұдырығында, ашса алақанында жүретін азаматтар керек. Осылайша, заң талаптары мен аудан әкімдерінің талаптары сәйкес келмеуде. Шенеуніктер заңда анықтап жазылған жайттарды қалауынша бұрмалап отыр. Сондықтан тұрғындар талап етсе, мәселе шешілер еді, - дейді Б.Баткеев.

Түйін:

Біз сөз еткен елді мекен тұрғындары әкімдерінің халықтан мүлде алшақ жүретінін алға тартып отыр. Тұрғындарға көмектеспейтіні былай тұрсын, көп жағдайда қоғамдық шаралардан да тысқары жүретін көрінеді. «Өмір болған соң, қуаныш пен қайғы қатар жүретіні белгілі. Әкімдеріміз тіпті туысқандары дүниеден өтіп, қара жамылып отырған отбасыларға көңіл айтудан қалды» дейді ауылдықтар. Сондықтан тұрғындардың бір ғана тілегі бар. Әкімдер Елбасымыздың жергілікті жердегі өкілдері ғой. Сол атқа сай болса екен дейді.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz