- «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы балаларға жақсы демалыс сыйлай алатын бірден-бір орын болмақ. Себебі бұл орталық өзінің әмбебаптығымен өзгелерден оқ бойы озық тұр. Сапалы білім де, саналы тәрбие де, спорттық жаттығулар алаңы да, медициналық кабинет те осы орталықтан табылады. Бұрын бұл жерде ата-анасының қарауынсыз қалған балалар интернаты орналасқан еді. Қуаныштысы, өңірімізде жетім балалардың саны азайды. Бұл мекеменің оқу-сауықтыру орны болып қайта ашылғанына көңіліміз толады, - дейді қала әкімі Нұржан Кемерұлы.

Шара барысында Н.Әшімбетов жағалауда орналасқан, табиғаты көз тартарлық оқу-сауықтыру орнында балақайлардың уақытының басым бөлігін табиғат аясында спорттық ойындар ойнауға, кітап оқуға арнау керектігі туралы басып айтты.

Бір мезетте 150 баланы қабылдай алатын демалыс орнында мектептерде оқытылатын негізгі пәндерден дәріс беріледі. Сонымен қатар спорттық жаттығулар залы, ғаламторға қосылған шахмат, робот техникасы кабинеті, компьютерлік сыныптар, бейнелеу студиясы, шаштараз және тігін шеберханасы, музыкалық өнер бөлімдері бар.

Ұлттық нақышта безендірілген киіз үй мен алтыбақан да «Балдәуреннің» ауласынан орын тапқан. Кітапханадағы 3 мың дана кітап қорының 70%-ы мемлекеттік тілде.

Павлодар қаласының білім беру бөлімінің басшысы Гүлжан Қадырбаеваның айтуынша, «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы жылдың төрт мезгілінде де қызмет көрсете алады. Бұл жерге бірінші кезекте оқу озаттары, зияткерлік, шығармашылық және спорттық ойындардың жеңімпаздары, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жыл бойы келе алады. Орталық 15 күн сайын ауысым жасап, жылына үш мың баланы қабылдауды жоспарлауда.

«Балдәурен» ашылғалы бері 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қам-тылған. Балаларға күніне 5 мезгіл құнарлы ас мәзірі ұсынылады. Тәрбиеленуші-лердің жатын бөлмесіндегі жиһаздар да талапқа сай. Салауатты өмір салтын ұстану үшін футбол, волейбол және стритбол алаңдары, тренажер және хореографиялық зал мен бассейн де жұмыс істейді.

Сондай-ақ, 20 тамызға дейін орталықтың ауласына спортттық тренажерлер орнату жоспарлануда.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz