Қасиетті жұмада бір-біріне ақ жол тілескен ел азаматтары Ерейментау жеріне бет алды. Жол бойы көпті көрген қариялардың терең мәнді әңгімелерінің желісі үзілмеді. Қазақтың тарихы тереңінен қозғалды. Ру шежіресі тарқатылды. Әсерлі әңгімелер ұзақ жолды қысқарта түскендей. Күн тас төбеге көтеріле бере Екібастұз қаласындағы мешіт жанына тоқтадық. Азаншының әуезді үнін тыңдап, кейбір ағаларымыз жамағатпен жұма намазын оқуға асықты. Содан кейін сол маңдағы асханалардың біріне тоқтап, ас ішіп, ауқаттандық. Қасиетті жұмада көліктен түсіп қауқылдасып жатқан қариялар мен бабалар рухын ұлықтаған ұрпақты көргенде бір жасап қалады екенсіз.

Студент кезімізде де, жұмыс бабымен де талай ел аралап, жер көрдік. Қаншама адамдармен сапарлас, дәмдес болдық. Бірақ қазақтығымыздың қазығына айналған қарияларымызбен бірге жол жүру тіптен бөлек екен. Сан ойдың жетегінде отырған бізді жол жетектеп Ерейментау бөктеріне жеткізді. Бағытымыз - Олжабай батыр ауылы. Ол Ақмола облысы, Ерейментау ауданына қарасты 65 шақырым жерде, Ереймен тауының батысындағы орманды-далалық белдемеде орналасқан екен. Ауылға 2005 жылы Олжабай батырдың есімі беріліпті. Бұл ауылды бір заманда түгелдей дерлік немістер мекендеген. Жергілікті қазақтардың үлесі аз болыпты. Кейіннен шетелден қазақтар көшіп келе бастаған. Қазіргі күні мұнда 360 отбасы тұрады.

Кешқұрым Олжабай батырдың тікелей ұрпағы Айдабол Малқозыдан тараған Балтабай Еркеш атаның шаңырағына келіп түстік. Қара шаңырақта он құрсақ көтеріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Орынбасар апамыз бізді күтіп, бәйек болып жүр. Ет пісірім уақыттан соң кешкі дастарқан басына жиналдық. Берекелі дастарқан басында танымал әнші Асылбек Сапарбекұлының құйқылжыта орындаған «Бабаларым», «Самал тау» әндері көп көңілін бір серпілтіп тастағандай болды. Дастарқанға бата жасалып, ас қайырдық.

Келесі күні таң қылаң ала бере, жиналғандар азан үнімен мешітке асықты. Жұмабек Темірханов ағамыз бастаған біздің топ алыстан ат терлетіп келген қонақтарды құшақ жая қарсы алды. Бұл жиынға негізінен Алматы, Астана, Павлодар, Қарағанды, Екібастұз қалаларынан қонақтар келді. Олардың арасында Олжабай батырдың шөпшегі, академик Әлкей Марғұланның қызы Дәнел апамыз бен Олжабай батырдың алтыншы ұрпағы Мырзакәрім Хақанов, Астана қаласынан арнайы келген тарих ғылымдарының докторы, профессор Қырықбай Аллаберген, Болат қажы Байпақбаев, Баянауылдық топты бастап келген Баянауыл ұлттық паркінің директоры Сүйіндік Ахметжанов, белгілі өлкетанушы Алтынбек Құрманов ағаларымыз бар. Көпшілік алдымен Олжабай батырдың басына барып, құран бағыштады. Ауыл мектебінің асханасында дұға оқылып, ас берілді.

Батыр баба туралы тарихи деректер айтылды. Тарих ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Қырықбай Аллаберген ағамыздың айтуынша, Олжабай батыр туралы тарихи аңыздар өте көп.

- Олжабай батыр - тек бір рудың ғана емес, барша қазақтың батыры. Бабамыз туралы деректер өте көп. Бір ғана мысал, орманшы Сақау ақынның «Олжабай батыр» жыры, Жаяу Мұсаның «Ер Олжабай» дастаны бар. Мәшһүр Жүсіп бабамыздың бірнеше нұсқадан тұратын «Он сан орта жүзге ұран болған ер Олжабай» деген әңгімесі бар. Өткен жылы «Орта жүз: арғын – айдабол тарихы» атты 1200 беттік жылнамам жарыққа шықты. Онда 3 ғасырлық тарих қамтылған. 5-6 жылдай уақытты қамтыған еңбек толықтай нақты деректерге сүйене отырып жазылды, - дейді Қырықбай Мазанұлы.

Иә, кәрі тарих Олжабай Толыбайұлының – Абылай хан заманының батыры болғандығын айтады. Ол 1709 жылы дүниеге келіп, 1783 жылы қайтыс болған. Абылайды жоңғар тұтқынынан құтқаруға атсалысқан Олжабай Түркістан медресесінде оқып, арабша, қалмақша жетік білген. Тарихи деректерде хан Абылай оны «Ер Олжабай, Қу жарғақ (атқан оқ Олжабайға тимегендіктен)» деп атаса, Әбілмәмбет хан оған алтын сапты қылыш сыйлағаны жазылады. Олжабай Абылай ханның мемлекет билігін орталықтандырып, нығайту бағытындағы әрекеттеріне елеулі үлес қосқан. 1741 жылдың шамасында Баянауыл маңында жоңғар әскерлерімен болған шай-қаста («Қалмаққырған») ерлікпен көзге түсті. 1758 жылы Манчжур-Қытай әскерінен ығысып, Абылай ордасын паналаған жоңғар тағының мұрагері Әмірсананы қуып келген қолды талқандауға қатысқан. Академик Ә.Марғұланның естеліктерінде Олжабайдың немере інісі Едіге бимен бірге 1762 жылы ІІ Екатеринаға хат жазғаны атап көрсетілген. Хатта патшайымнан Ертістің шығыс жағындағы қалың орманнан жайылымдық жер сұрағаны айты-лады. Олжабайдың өз қолымен жазып қалдырған қара кітабы болған. Онда соғыстар жайлы әңгімеленіп, Қазыбек би, Абылай, Бөгенбай есімдері жиі аталады. Батырдың туы 1937 жылға дейін сақталған. Әйгілі ғалымдар академик Әлкей Марғұлан Олжабайдың шөпшегі болса, ақын Олжас Сүлейменов - жетінші ұрпағы.

Ауылдан жарты шақырым қашықтықтағы зират маңайы қоршалып, қаңылтырдан жазу жазылыпты. Зират ақ кірпіштен, алты құлақты етіп тұрғызылған. Қара темірден алты бұрышынан күмбез шығарылып, оның басына ай орнатылыпты. Арнайы барған делегаттар баба бейіті маңында жасалған жұмыстарды көріп, алдағы уақытта атқарылар бірнеше шаруаны тиісті орындарға жеткізіп, оның орындалуын бақылайтын болып уағдаласты.

Батыр зиратының қасында Шорман биге ескерткіш тас орнатылыпты. Бұл да тарихтың зерттелмеген бір тұсы. Өйткені «Ерейментау» тарихи-танымдық кітабының авторы Сайлау Байбосынның дерегі бойынша Шорман би Елтай ауылында жатыр. Десе де, бұл тұлғаның жатқан жері туралы 1984 жылы «Жұлдыз» журналына академик Әлкей Марғұлан көлемді мақала жазады. Бидің осында жатқандығы туралы қағазға қалдырылған дерек осы. Ә.Марғұланның дерегіне сүйенген Шорман би әулетіне жиен болып келетін София Кәмилақызы бабасын ардақтап, басына үлкен тас қояды. Таста: «Бұл қорымда Қаржас ұрпағы Шорман (Жұмабай) би (1877-1837) жерленген. Белгі қоюшы Нұрмұхамед немересі София Кәмилақызы» деп жазылған екен.

Бұдан әрі қара жолға түсіп ерекше қасиет иесі, ел-жерді қорғап, атамекеніне жат жұрттықтардың табанын түсірмей, бақилық мекен тапқан Құлболды батырдың басына келіп жеттік. Зиярат еттік. Көп аялдамастан XVII ғасырдың аяғында дүниеге келіп, XVIII ғасырдың екінші жартысында өмірден өткен дала даналарының бірі, қазақ арасында «Ел қамын жеген Едіге» деген атаққа қалған, «Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен» ақылман би, өз заманының айтулы қоғам қайраткері, Тәуке ханның Билер кеңесінің мүшесі болған, атақты «Жеті жарғыны» жазуға қатысқан Едіге Төлебайұлы жерленген зиратқа келіп тәу еттік. Бидің басына ескерткішті 2016 жылы Далба жеріндегі ұрпақтары орнатыпты.

- Елбасының мақсаты – ұлттың ұлы мұраты. Ұлы Дала елінің бойында белгілі тарихи себептермен қалғып кеткен прагматизмді ояту арқылы ұлттық, қоғамдық ойға, іске сілкініс әкелу, тәуелсіз елдің санасы мен ағзасын отаршылдық, кембағалдық, бойкүйездік комплекстерінен тұтастай арылту мақсатында шыққан «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы бізге салып берген сара жолы. Соның нәтижесінде бабаларды ұлықтау мақсатында осы жерге келіп отырмыз. Алдымызда біз атқаруға тиіс жұмыстар өте көп. Діттеген мақсатымыз құран оқытып, ас берумен аяқталмайды деп сенеміз. Алдағы уақытта бабамыздың басына кесене бола ма, я болмаса кешенді дүние орнатып, айшықты жұмыстарды қолға аламыз. Бүгінгі жиында Кереку шаһарынан бір көшеге батыр есімін беру, ескерткіш қою мәселесі сөз болды. Мұның барлығы қаржы мәселесіне келіп тіреледі. Сондықтан да әуелі қор ашуды жоспарлап отырмыз. Соған ағайын, ел-жұрт болып қол ұшын береді деген сенімдеміз. Қордың президенті халқымыздың аяулы ұлы Олжас Сүлейменов ағамыз болады. Мұндай істер де - халқымыздың «өлгені тіріліп, өшкені жанғандығының» көрінісі, - дейді Айдабол Шоң бидің ұрпағы, Павлодар қалалық мәдениет және тілдер дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыман.

Осылайша тарихи сәт таспа бетіне басылды. Ұлыларды ұлықтау мақсатындағы айшықты істер легі жалғасын табатынына бек сенімдіміз.

Мереке АМАНТАЙ

Павлодар - Ерейментау - Павлодар.

saryarka-samaly.kz