Ұялы телефон қылмысқа шақырады

Алғашқы жарты жылда Павлодар өңірінде жасөспірімдерге қарсы 64 құқықбұзушылық орын алған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57,6 пайызға аз. Аталмыш көрсеткішті одан әрі төмендету мақсатында құқық қорғау органдарының мамандары жүйелі жұмыстарды қолға алған. Облыстық ішкі істер департаменті ювеналды полицияның басшысы Бибігүл Қамзинаның сөзіне сүйенсек, жаңа оқу жылында оқушылар сабақ барысында бағалы ұялы телефон қолданбайды. Бұл - былтырдан бері қолға алынып келе жатқан шара. Осы орайда ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бағасы қымбат құрылғылар қарапайым функциялы қалтафондарға ауыстырылған.

- Ұялы телефонға қызыққан бұзақыға құрылғыны баладан тартып алу әлдеқайда оңай. Себебі жас жеткіншек қорғансыз. Қымбат құрылғы ұстаған жасөспірім қылмыскердің көзіне бірден түседі. Сондықтан құны жоғары құрылғыларды білім ордасына әкелуге болмайды. Осы орайда, полицейлер бірқатар мектептерде бағалы ұялы телефонды сақтауға арналған жәшіктер орнатты. Ата-аналардың назарына баланың бағалы құрылғыны мектепке әкелуіне тыйым салынатыны жөнінде ескертпе қағаз ілінді. Жаңа оқу жылында да аталған қағидаларға құлақ түрілсе екен, - дейді Б.Қамзина.

Бибігүл Төлешқызының сөзінше, қазір жасөспірімдер әке-шешелеріне айтып, ұялы телефондарын жиі ауыстырады. Сөйтіп, жаңа телефон қолға түскен бойда, әлеуметтік парақшасы арқылы ескі құрылғысын сату ісімен айналысады. Талай бала осындай әрекетінің салдарынан жапа шеккен екен. Жас баланың телефон сатып жатқанын естіген алаяқ одан телефонды далаға алып шығуын сұрайды екен. Оңаша шыққан соң ойындағысын іске асыру оңай. Осылайша, жеткіншек аңқаулығы салдарынан телефонсыз және ақшасыз қалады. Сондықтан баланың әлдебір заттарын сатумен ата-аналардың өздері айналысқаны дұрыс. Балалардың ермегіне айналған планшет, спиннер сынды заттар да оқушының үйінде қалуы тиіс.

- Спиннер - қолжетімді бағамен сатылатын құрылғы. Бірақ оны сатып алуға қаржысы жетпейтін отбасылар бар. Сондықтан оқушылар әлімжеттік жасап, бір-бірінен тартып алуы мүмкін. Бірақ мұндай әрекеттің өзі қылмыс. Біреудің затын рұқсатсыз иемденген кез келген оқушы есепке алынады. Бұл жерде ұрланған заттың бағасы маңызды емес. Сотталған жасөспірімдер өз болашағына балта шабады. Әлдебір зат үшін жауапқа тартылады. Сондықтан ата-аналар балаларының тәрбиесіне мән бергені дұрыс, - дейді Б.Қамзина.

Жол үсті «еркелікті» көтермейді

Жыл басынан бері Павлодар облысында балалардың қатысуымен 109 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 5 бала бақилық болды. Жаңа оқу жылы қарсаңында «Балалар қауіпсіздігі» шаралары күшейтілген. Себебі, оқушылар жазғы демалыстан кейін өз мектебіне барып-келетін үйреншікті жолдарына дағдыланғанға дейін біраз уақыт өтеді.

Жол қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында жыл басынан бері облыста мектеп пен балабақша аумағында жол кедергілері, билборд және ақпараттық тақталар орнатылған. Олардың сапасы жаңа оқу жылы қарсаңында тексерілу үстінде.

Бүгінде облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің мамандары мектептер мен балабақшаларға барып, жолда жүру ережелері жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Тәртіп сақшылары «Назар аударыңыз, жаяу жүргінші!» республикалық шарасының аясында қаладағы аялдамаларға жол жүру ережелерінен хабар беретін суреттерді ілген. Жыл сайын «Жас полиция көмекшісі», «Жол қозғалысының жас инспекторлары» шаралары барысында өңіріміздің барлық мектептеріндегі оқушыларға жолда жүру ережелері үйретіледі. Бұдан бөлек, 20 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында оқу орындарында «Абайлаңыз, балалар!» жедел алдын алу іс шарасы және көлікте белдік тақпайтын жүргізушілерді анықтауға бағытталған «Сіздің жолаушы - бала!» насихаттық іс-шарасы өткізілуде. Бұдан бөлек, «Ғажайыптар әлемі» қуыршақ театрының ұжымымен бірлесіп, балабақшалар мен мектептерде театрландырылған қойылымдар көрсетілген.

- Қазіргі жасөспірімдер көліктен мүлдем қорықпайды. Себебі оңды-солды ағылып жатқан көлік қозғалысына бойлары үйренген. Алайда, бұл бейқамдық оларды жол қозғалысының қатерінен сақтамайды. Бастысы, жол жүру ережелерін қатаң сақтауға ерте бастан дағдылануы керек. Оны ата-аналары үйретуі тиіс. Тек айтып қана қоймай, ересектердің жолда жүру ережесін қалай сақтайтынын көрсеткендері жөн. Сонда ғана мектептерде өткізілетін аталмыш тақырыптағы ашық сабақтар баланың санасына тез қонады. Жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан балалар байқап өтуі тиіс. Қатты жылдамдықпен келе жатқан соң, тежеп үлгермейді, - дейді Бибігүл Төлешқызы.

Мамандар ата-аналарға өзіндік кеңестерін де айтады. Мәселен, балаңызды жетектеп, балабақшаға немесе мектепке барғанда бағдаршамның қызметін түсіндіру қажет. Балалар бағдаршамның әр жарығына мұқият болулары тиіс. Жолды кесіп өткенде баламен немесе ұялы телефонмен сөйлесуге болмайды. Бұл әрекеттер қырағылықты кемітеді. Автобустан алдымен ата-ана бірінші түсуі тиіс. Асығып тұрсаңыз да, қоғамдық көлікке жүгіруге болмайды. Себебі автобусқа үлгеруді ғана ойлап, барлық қауіпсіздік ережелері санадан шығып кетеді. Мұны көрген бала дәл осы әрекеттерді қайталайды. Оқушылардың жолда жүру ережелерін білуі жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Иә, балалардың қауіпсіздігі, тәртіпсіздікке ұрынбауы тек полицейдің мойнындағы міндет емес. Баланың өмірі мен тәрбиесі ата-аналар мен ұстаздарға да байланысты. Сондықтан мамандардың кеңесіне құлақ түріп, қауіпсіз ортаны бірлесіп қалыптастыруымыз қажет.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz