«Туған жер» бағдарламасы және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткен шара қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер қалдырғаны анық. Бес сағат бойы қала тұрғындары мен қонақтары түрлі тілдегі, жанрдағы әсем әуендерге қанық болып, мың бұралған бишілердің өнерін тамашалады. Бұл күні алғаш рет Павлодар жастарының әнұраны шырқалды. «Паприка» тобы мен «Стар Кидс» балалар ән байқауының финалистері орындаған Әнұран көпшілік көңілінен шықты.

Павлодар қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ержан Рахымжанов жастарды айтулы күнмен құттықтап, ел дамуы үшін аянбай еңбек етуге шақырды.

- Біздің аймақ жастары әрдайым бастамашылдығымен, креативті идеяларымен көзге көрініп келеді. Облыстың, елдің намысын түрлі білім, спорт, өнер додаларында абыроймен қорғап, мәртебемізді асқақтатып жүрген жас буын өкілдері аз емес. Елбасымыз «Жастар – біздің болашағымыз» деп, өскелең ұрпаққа зор сенім артады. Сол сенім үдесінен шығып, туған жерді көркейтуге зор үлес қосуларыңызға тілектеспін, - деді Е.Рахымжанов.

Ержан Мэлсұлы талантты, өз сала-сының үздігі саналатын 25 жасқа арнайы марапаттар мен естелік сыйлықтар табыс-тады. Олардың қатарында тәртіп сақшылары, құтқарушылар, өнер өкілдері және тағы басқалары бар. Сонымен қатар бір топ жасқа С.Торайғыров атындағы ПМУ мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты ректорларының білім гранты берілді.

Жастар күніне арналған «Жарқын жаз ғажайыптары» шарасы би кешіне ұласып, көпшілік көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz