Мүшәйраға облысымыздың әр ауданынан 40-қа жуық талапкер ниет білдірсе, соның ішінде 9 ақын ақтық кезеңге жолдама алған. Соңғы кезеңде олар әйгілі көсемге арнаған бір өлеңі мен еркін тақырыптағы бір өлеңін оқыды. Сөз саптаулары өзіндік бояумен қалыптасып келе жатқан жас өрендер тыңдаушылардың ықыласына бөленді.

- Бұл шараны Алаш көсемінің мерейтойына аз да болса үлес қоссақ екен деген оймен ұйымдастырдық. Мақсатымыз - Алаш ардақтысының мол рухани мұрасының, өшпес идеяларының қазақ қоғамы үшін құндылығын жоймайтындығын дәріптеу, сол арқылы Әлихан Бөкейхановтың ұлт көсемі деген атқа сай екендігін, тарихи тұлғаның көп қырлы тұстарын аша алсақ деген оймен ұштасып жатты. Осы орайда ел ішіндегі балғындардың өнер өлкесіне деген құлшынысын арттырып, тарихи танымдарын кеңейту. Шараға қазылық етуге халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, қоғам қайраткері Арман Қани, белгілі абайтанушы, жыршы, көркемсөз шебері Даниял Әсенов арнайы шақырылды, - дейді Лебяжі аудандық өнер мектебінің директоры Қанат Әлтаев.

Мүшәйра аудан азаматтарының демеушілігімен өткізілді. Ұлт көсемін ұлықтауға келген жас өрендер де аянып қалған жоқ. Жырға сусап қалған жұртты өлеңмен сусындатып, төгіліп сала берді. Ұлт асылын ардақтап, ұлағат тұту - парызымыз, - дейді жас ақындардың бірі Марғұлан Жанбау.

- Қазақ жері - Алаш арыстарының бізге берген аманаты. Біз үшін, болашақ ұрпақ үшін тәуелсіздіктің алғышарттарын жасап кеткен еңбектері еліміздің қалыптасуының негізін қалауға мүмкіндік берді. 100 жыл бұрын құрылған Алашорданың бүгінгі бейнесі – Тәуелсіз Қазақстан. Ал біз - сол Тәуелсіз елдің ертеңіміз. Тарихымызды танып, оның парақтарын ақтару, ұлтық тарихты білу – ұрпақ парызы. Сондықтан бүгінгі мүшәйраға қатысып, бағымды сынадым, - дейді ол.

Мүшәйраның қорытындысы бойынша бас жүлдеге Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия–интернатының оқушысы Марғұлан Жанбау лайық деп танылды. 1-орын Диас Байкинге бұйырса, 2-орын Тілеген Айбек пен Мұқасан Хадырға берілді. 3-орынды Ершуақ Солтанбай, Мирас Қапаш, Бауыржан Саябеков иеленді. Ал қалған қатысушыларға атаулы бағалы сыйлықтар табысталды.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz