Магеррам МАГЕРРАМОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты (жиындағы сөзінен):

- Бүгінде республика бойынша алимент төлеуден бас тартып жүрген адамдардың қарызы 2 млрд. теңгені құрайды. Жарты миллионға жуық ана баласын жалғыз өзі тәрбиелеуге мәжбүр. Бұл - сол жалғызбасты аналардың емес, тұтас қоғамның проблемасы. Сондықтан өскелең ұрпақтың қамы үшін мемлекеттік алимент қорын құратын кез келді. Бұл тәжірибе әлемнің озық елдерінде сәтті жүзеге асуда. Латвия, Литва, Польша, Франция мемлекеттерінде дәл осындай қордың жұмысы нәтижесінде мәселе шешіліп келеді.

Біздің елде де осы жүйені енгізер болсақ, алимент төлемей жүрген әкелер мен аналардың қарызын мемлекет өзі өтейді де, кейін борышкерлерден өндіріп алады. Яғни, жалғызбасты аналар немесе әкелер «бұрынғы жұбайым алиментті қашан төлейді?» деп күтпей-ақ, мемлекеттен уақытылы төлемақы алып тұрады. Бұл баланың сапалы білім алуына, өзін-өзі дамытуына, материалдық тұрғыдан қамтылуына оң әсер берері анық. Алайда, былтыр Үкімет бұл ұсынысты қолдаудан бас тартты. Ел билігі жағдайды түсінгенімен, қазіргі уақытта қор құруға мүмкіндік жоқ екенін алға тартты. Десе де, бұл бағыттағы жұмысты жалғастырмақ ойымыз бар. Ажырасқан ата-аналардың жауапсыздығынан бала жапа шекпеуі керек, ал мемлекет мұндай алименттен қағылып отырған балаларға көмек көрсетуі тиіс. Бұл мемлекеттік алимент қорын құрған жағдайда ғана мүмкін болмақ.

 

Серік АХМЕТОВ, Павлодар облыстық прокуратурасы 4-басқарманың аға прокуроры:

- Жұбайымен ажырасып, алиментті төлеуден жалтарып жүрген азаматтар заң алдында жауап береді. Осы мақсатта облыс прокуратурасында «Алименттер. Төлемеуге қарсы 30 қадам» жобасы іске асуда. Бұл ретте жұмыссыз борышкерлерге баса мән беріледі. Себебі алиментті өндіріп алу бойынша 9,3 мың құжаттың 6,7 мыңы бойынша ғана алименттер тұрақты түрде төленеді. Қалған 2,5 мың борышкер жұмыс істемейді. Тұрақты қызметпен қамтылып, ай сайын табыс алатын адамның 1 баласы болса, ол жалақысының төрттен бір бөлігін беруі тиіс. Бұрынғы отбасында 2 баласы қалса, айлықтың үштен бір бөлігін, 3 және одан да көп баласы болса тең жартысымен бөлісуге мііндетті. Бұл ретте «Жұмыссыздар қайтпек?» деген заңды сауал туындайды. Олардың тұрақты табысының болмауынан балалары қаражатсыз қалмауы қажет. Осыны ескере келе жұмыссыз алимент төлеушілерді қызметке орналастыру үшін облыстық прокуратура бірқатар істі қолға алды. Нәтижесінде «Умикум» ЖШС-не қарасты тегін хабарландырулар газетінде, «Навигатор Павлодар» және «Knopka.kz» сайттарында 2 мыңға жуық бос орын жарияланып, прокуратура өкілдерінің тікелей араласуымен 289, жоба басталғалы 1137 алимент төлей алмай жүрген адам қызметке орналасты.

Азаматтардың заң алдында жауап беретінін атап өту керек. Ұзақ уақыт бойы алимент төлемеген 50 азаматқа қатысты Қылмыстық Кодекстің 50-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, баласына қаражат беруден жалтарған тағы 370 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал алименттен қашқан 409 адамға іздеу жарияланды.

 

Ғазиза ӘБЖАНОВА, Қазақ КСР-і оқу-ағарту ісінің үздігі, ардагер ұстаз:

- Қазаққа «алимент» деген ұғымның өзі жат. «Балам – бауыр етім» дейтін дана халқымызда алимент төлеу түгілі ажырасу болмаған. Өкінішке қарай, бүгінгі жаһандану дәуірінде кейінгі ұрпақ аталар салған сол сара жолдан жаңылып, ажырасып жатыр. Тіпті, отау құрғандардан шаңырағын ортаға түсіргендер саны көп пе дерсіз! Жұбайлардың көңілі жараспай, екі жаққа кетті делік, бірақ неге ата-аналардың мұндай шешімінің салқыны балаларына тиюі тиіс? Одан қалды алимент төлеуден қашып жүргендердің қамын неге мемлекет күйттейді? Қазақта «қолымен істегенді мойнымен көтеру» деген жақсы сөз бар. Ана да, әке де баланың тәрбиесіне тікелей жауапты. Мейлі, ажырасып, отбасымен бірге тұрмаса да оған тәлім-тәрбие беріп, қаражатпен қамтуы керек. Егер мемлекеттік алимент қоры құрылар болса, «балама ақша төлемесем мемлекет өзі өтеп береді емес пе?» деген ойдың жетегімен ажырасатындар санының еселенбеуіне кім кепіл? Туған баласынан ақшасын аяп жүргендер кейін мемлекетке қарызын қайтарады дегенге сену қиын. Оған қоса, алимент төлемей жүргендер жұмысқа орналастырылып жатыр. Мұнда да мемлекет көмек көрсетіп, «міне қызметің» деп жұмыс ұсынып отыр. Екі иығы тоқпақтай, жауырыны қақпақтай, тепсе темір үзетін ерлердің «екі қолға бір күрек» таба алмай жүргені ме сонда? Меніңше, бұл - алимент төлемеудің кезекті сылтауы. Бүгінде еңбек етуге ниетті әр адамға табыс бар. Ал алимент төлемеді екен деп әрқайсысына жұмыс тауып берер болсақ, жатыпішерлер қатары көбеюі әбден мүмкін. Сондықтан, менің көпті көрген қарт, ұстаз ретінде айтарым – баласынан безгендерді тезге салу үшін алдымен олардың санасын жаңғырту керек. Олардың ұрпақ алдындағы парызын мемлекет өз мойнына алар болса, «дайын асқа тік қасық» болуға әуес адамдардың көбеюіне ықпал етуі ықтимал.

«Алаңның» үйлестірушісі – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz