Қазақ елі басқа халық басым-дығынан мәдени, рухани жағынан түп-тамырымен қол үзуі үшін ұлттық тілдің сақталуы мен дамуын алдыңғы орынға қоюы қажет. Ұлттық тіл өзегі өз аясын сақтағанда ғана ұлттық сана мен тек, ұлттың рухани болмысы жойылмайды. Осыған орай БАҚ-та рухани жаңғыру туралы пікір беру арқылы Елбасы Н.Назарбаев тарапынан қазақ ұлтының жазу таңбасын жаңалау міндеттеліп отыр.

Жалпы алғанда, латын жазба таңбасына көшу мәселесі әр оқыған адам үшін тың, тосын жаңалық емес. Бұл тақырып Тәуелсіздік алған уақыттан бері мемлекет тарапынан көтерілген. Сондықтан Елбасының латын таңбасына көшуге қозғау салуы – әуелде көтерілген мәселенің жалғасы мен түйіні.

Латын жазба таңбасына көшу мәселесін дүниетанымы қазақы қалыптасқан, сауатты, зиялы азаматтың ешбірі жатсынбайтыны анық. Тіпті 1940 жылға дейін сауатын латын графикасымен ашқан қазіргі ақсақалдар мен әжелер бұл таңбаны ұмытқан емес. 29 таңбадан тұратын латынша-қазақша әліпбиді жатқа білетін ата-әжелер арамызда әлі де бар.

Латынша жазу таңбасы қазақ тілінің танымдық сипатын, мазмұндық болмысын тұтас ашып жеткізетіндей етіп жүйеленсе, оның маңызы теориялық, ғылымилық, тәжірибелік, саяси жақтан да көрініс береді. Мәселен, теориялық жақтан алып қарасаңыз, қазақ тілі танымына сәйкеспейтін артық таңбадан арылу мүмкіндігі, қазақ тілінің дыбыстық заңының («Үндестік заңы»: дыбыс үндестігі, буын үндестігі; ерін үндестігі) толық сақталу, қазақша сөйлеу ырғағы мен айтылым ережесінің қадағалануы мен сақталу, жазба тіл мен ауызша тіл заңдылығын, жүйелілігін қазақша сақтап арттыру сынды мүмкіндіктер туады. Ғылыми жақтан қарасаңыз, кірме сөздердің қазақ тілі заңдылығымен жүйеленуі, шетелдік ғылыми аталымдар (терминдер) орыс тілі әсерінсіз қазақ тіліне тікелей енуге мүмкіндіктің болуы, ғылыми байланыс жасауда жеңілдік болуына ықпал етеді. Тәжірибелік жақтан әдеби тіл нормасының бұзылмауына мүмкіндік туады, қазақша сөйлеу мәдениеті артады, сондай-ақ, варваризммен сөйлеу азаяды не жойылады. Саяси жақтан түркі тілдес елдер арасында жақындық қалыптасып, еңбектестік, ынтымақ нығаяды, ғылыми, экономикалық, әлеуметтік ақпараттық алмасу жеңілдейді, тереңдейді, қазақ ұлтының өз ішінде рухани даму кеңістігі өрістейді, ұлттық дүниетаным таза қалыптасып, қазақ болмысы сақталады.

Елбасының латын таңбасы тек қазақ ұлты үшін ғана қажет деген ойы да осы мәселелерді астарлағаннан туып отыр. Егер бұл таңба басқа ұлт өкілдері үшін де міндеттелсе, онда ол да, кириллица таңбасының әсеріндей, сана мен болмыстың ұлттық бояуын, ұлттық дамуын шектейді. Сондықтан латын таңбасының тек қазақ ұлты үшін ғана қабылдануы мемлекеттің жеке дара дамуына өзгеріс береді. Бұл – латындық қазақша таңбаның саяси қызметі. Басқа ұлт өкілдерінің қазақ тілін білуге ұмтылысы артады. Бөлек таңба арқылы тіл үйрену кез келген ұлт, халық үшін қызығушылық тудыратыны анық.

Ырысгүл ШАҚАМАН, филология ғылымының кандидаты, профессор, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты.

saryarka-samaly.kz