- Райхангүл Қайырбайқызы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлерге жағдай жасау қажеттігіне баса назар аударады. Жақында Бурабай баурайында өткен жиын барысында да инвесторлар тап болатын қағазбастылық пен бюрократияны сынға алды. Осы орайда жергілікті жерлерде кәсібін дөңгелетіп отырған тұрғындар қандай ауырт-палықтармен бетпе-бет келеді және оларды шешудің жолдары қандай?

- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқына Жолдауында бизнесті шенеуніктердің заңсыз әрекеттерінен қорғау қажеттігін айтқан болатын. Сондықтан кәсіпкерлердің құқығын қорғау мен әкімшілік кедергілерді болдырмау кәсіпкерлер палатасының басты міндеті болып саналады.

Көп жағдайда кәсіпкерлер салық, жер, мемлекеттік сатып алулар, сәулет және қала құрылысына қатысты мәселелер бойынша көмек сұрап келеді. Олардың қатарында жүйелі сипатқа ие және тұтас қоғамға қатысты мәселелер кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес отырыстарында талқыланады. Бюрократтық қысым, мемлекеттік органдар мен олардың өкілдері тарапынан жемқорлық әрекеттері байқалған жағдайда бұл жайттар ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Әдеп бойынша кеңесінің отырыстарында талқыланады. Ал сотқа жүгіну қажет болса, палата сарапшылары заңгерлік көмек көрсетеді. Бұл ретте осы жылдың 31 мамырында ҚР Мәжілісінің «Прокуратура туралы» ҚР заңының жаңа жобасын мақұлдауы бизнесті қорғаудағы жетістіктердің бірі болды деп нық сеніммен айта аламын. Себебі бұл заң жобасы тексерістерді азайтуға, бақылау мен тексеру жүйесін жетілдіруге бағытталған.

- Нақты қандай кедергілерді атай аласыз?

- Жер қатынастары саласында құзырлы мемлекеттік органдардың жер комиссиясының шешімін орындамауы, сол комиссия шешіміне қарама-қайшы келетін актілердің қабылдануы жиі кездеседі. Мәселен, «Туреева» жеке кәсіпкерлігі осындай қиындыққа тап болды. Кәсіпкердің наубайхана ашуы үшін жер комиссиясы оң шешім қабылдаған, ал жерді пайдалануға құқық беру туралы қаулы уақытылы шығарылмаған. Салдарынан кәсіпкердің жұмысы тұралап қалды. Осы сияқты жайттар болып тұрады. Жалпы, өткен жылы Кәсіпкерлер палата-сының араласуымен 98 бизнесменнің құқығы қорғалды. Ал осы жылдың алғашқы жартысында палата сарапшылары 46 кәсіпкердің ісі дұрыс екенін дәлелдеді.

- Мұндай жағдайлар қайталанбас үшін қайтпек керек?

- Біріншіден, кәсіпкерлер өз құқық-тары мен міндеттерін жақсы білуі тиіс. Заңға қайшы әрекеттер мен оларға қысымның көрсетілуіне жол бермеуі керек. Қиындықтар кездессе, бірден Кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгінгені жөн. Білікті мамандар мәселені шешуі үшін аянып қалмайды. Екіншіден, біз де жүйелі жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Палата билік пен бизнес арасында диалог орнатудың көпірі саналатындықтан, артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Қазіргі кезде кәсіпкерлер құқығын қорғау жүйесін жетілдіру мақсатында Кәсіп-керлер палатасы жергілікті атқару және бақылау органдарымен меморандумдар жасады. Бұл шаралардың барлығы тұрғындардың өз кәсібін еш алаңсыз жүргізуіне әсер етеді деген сенімдеміз. Шағын және орта бизнес қарқын алып дамыса, еліміздің экономикасының негізі мықты боларын естен шығармаған жөн. Сондықтан кәсіпкерлер жұмысына кедергі болудың емес, керісінше оларға қолдау көрсетудің тетіктерін қарастыру қажет.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz