Алқалы жиын барысында «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» сияқты бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысы талқыланды. Бұл ретте, аймағымызда бірқатар ілкімді істердің қолға алынғанын атап өткен жөн. Мысалы, биыл «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында индустриялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 4 жоба жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа тартылған инвестиция көлемі 2371,0 млн. теңгені құрайды.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 5 жоба қолға алынған. Оның 4-уі Екібастұз қаласына тиесілі болса, соңғысы Ақсу қаласының еншісінде. Бұл жобалардың нәтижесінде көмірлі шаһарда инженерлік желілердің 17,2 шақырымы қайта қалпына келтірілмек. Ал Ақсуда кәріз жүйесі суларының басты насос станциясы жаңартылған. Аталмыш бағыттарға бөлінген 1 347 508 мың теңгенің 42 пайызы игерілген. Жалпы, жоғарыда аталған жобалардың нәтижесінде екі қаланың инженерлік желілері біршама жаңарады деп күтілуде.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша да ауыз толтырып айтарлық жұмыстар атқарылуда. ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен Павлодар облысының әкімдігі арасында қол қойылған меморандумға сәйкес, биыл аймағымызда 190,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуі тиіс. Жоспар артығымен орындалмақ. Тамыз айына дейінгі көрсеткішке сүйенсек, облыста жалпы көлемі 108,3 мың шаршы метр болатын баспана салынған. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда 138,8 пайызға жоғары көрсеткіш.

Аймақ басшысы, тұрғындарды баспанамен қамту жұмысын жетілдіру үшін жекеменшік құрылыс компанияларын қолдау шараларына назар аударуды тапсырды. Сондай-ақ, еліміздегі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің несиелеу қызметіне қатысты ақпараттық жұмыстар күшейтілуі керек.

Аппарат жиыны барысында ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері де сөз болды. Бұл ретте, облысымызда астық, жарма тұқымдастар мен майлы дақылдардың егістік көлемі жыл сайын 6-8 пайызға арттырылып отырмақ. Осылайша, 2019 жылы 730,0 мың тонна бидай жинау көзделуде. Биылғы меже 590,0 мың тоннаны құрап отыр.

Алған өнімді сақтау мақсатында облысымыздағы 7 астық қоймасы мен элеватор модернизациядан өткізілмек. Суарылатын жер көлемі де біршама өседі деп жоспарлануда. Мал басы да көбейтіледі. Осы ретте, аймақ басшысы, ауыл шаруашылығына тартылатын инвес-тиция көлемін арттыруды тапсырды.

Жиын соңында облыс әкімі Б.Бақауов «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға жіті көңіл бөлуді ескертті. Әсіресе, қала, аудан әкімдеріне артылар жүк ауыр. Бағдарлама аясында қолға алынған «Туған жер», «100 жаңа есім» жобалары бойынша жұмысты жетілдіру қажет. Бұдан бөлек, аймақ басшысы әрбір қала мен аудандардың жеке сакралды картасы құрылуы тиіс екенін атап өтті.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz