Мұндай жайсыз оқиға жуырда Май ауданында орын алды. Аталмыш ауданның тұрғындары полицияға белгісіз біреулердің 30 бас жылқыны ұрлап кеткендігі жөнінде шағым түсіреді. Тәртіп сақшылары іздестіру шарасын күшейтіп, барымташылардың ізіне түскен.

Жедел түрде қолға алынған әрекеттің нәтижесінде құқық қорғау органының қызметкерлері аталмыш іске қатысы бар деген күдікпен Шығыс Қазақстан облысының азаматтарын қолға түсіреді. Олардың бірі - кәмелетке толмаған 17 жасар бала. Екіншісі - бұрын істі болған 55 жастағы ер азамат. Полицейлер күдікті қызмет атқарған аумақтағы құдықтан 20 құлынды тәркіледі. Тергеу амалдары барысында әккі ұрының 21 бас жылқыны Семей қаласының кәсіпкеріне сатқандығы белгілі болды. Қалған 9-ын сойып алған.

Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметінше, 21 жылқыны құжатсыз сатып алған Семей қаласының тұрғыны да жауапқа тартылады. Қазір аталмыш факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қолға түскен ұрылар қатаң бақылауда.

Мамандар мұндай келең-сіздіктерге көп жағдайда тұрғындардың сақтық шараларын дұрыс қолданбауы сал-дар екенін айтады. Жұртшылық кешкілік уақытта малын қараусыз қалдырады. Жоғалған соң, 2-3 күн бойы өздері іздейді. Түлігін іздеп таппаған соң, ішкі істер қызметкерлерінің көмегіне жүгінеді. Тұрғындардың салғырттығы ұрлықтың бетін дер кезінде ашуға кедергі келтіреді.

Осы орайда, құқық қорғау органдары тұрғындарды төрт түлігіне абай болуға шақырады. Малды тұрғылықты мекенжайы бар, келісімшарт негізінде сенімді азаматқа баққызуға кеңес береді. Егер төрт түлігіңіз жоғалса, аумағыңызға жауапты учаскелік инспекторға хабарлаңыз!

Мал ұрлығы жыл сайын қайталанады. Әсіресе, бүгінгі-дей дағдарыс кезеңінде бұл қылмыстың үдемесе, бәсеңде-месі анық. Осы орайда ішкі істер департаменті ауылдық жердегі мал ұрлығын ауыздықтауға бағытталған іс-шараларды күшейтуде.

Жылдар бойы бағып отырған малынан бір-ақ күнде айырылып қалу кез келген ауыл тұрғынына оңай тимейтіні анық. Сондықтан бағып отырған түлігіңізді көзден таса қылмаңыз. Сонда ғана ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, оңай олжаға батқысы келетін барымташы-ларға тосқауыл қойылмақ!

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz