Бұл туралы Павлодар қалалық тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңге-рушісі Мейрам Нұғманов айтып берді.

- Мемлекеттік мекемелерде іс жүргізу құжаттарының сауатты түрде жүргізілуін мұқият бақылаймыз. Бүгінде бекітілген термин сөздерді дұрыс пайдалану, терминологиялық комиссиялардың бекіткен жаңа сөздерін қолданысқа енгізу бағытында жұмыстар атқарылуда.

Халыққа мемлекеттік тілді оқыту мен үйрету барысында көрнекі ақпарат құралдарының да тигізер ықпалы зор. Күнделікті көзбен көріп жүрген құбылыс адамның санасына орнығады. Сондықтан да барлық көшелердегі ақпараттардың екі тілде жазылуын қадағалауға тиістіміз. Бұл адамдардың мемлекеттік тілге деген сауаттылығы мен қызығушылығын арттырады, дейді сектор меңгерушісі.

Қазақ тілі мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мәселесі де назарға алынуда.             Ол үшін республикаға белгілі және облыстық деңгейдегі әдіскер мамандар мұғалімдермен жұмыс істейді. Біліктілік арттыру курстары жылына екі мәрте ұйымдастырылады.

Бұдан басқа, қаладағы ірі-ірі 48 кәсіпо-рында қазақ тілі кабинеті жұмыс істейді. Онда жыл сайын он мыңға жуық адам мемлекеттік тілді үйрену мүмкіндігіне ие.

Қазіргі таңда көрнекі ақпарат құралдарындағы қателіктер көше бойында жиі кездесетіні жасырын емес. Мейрам Төлегенұлының айтуынша, әр ай сайын белгіленген көшелерде тексеріс жұмыстары жүргізіледі. Кейбір жағдайда келеңсіз жайттарды көрген тұрғындар өздері телефон шалады. Мұндай кезде сол жерге барып, орынды суретке түсіріп алуға тура келеді. Қате жазылған ақпарат жеке меншік кәсіпорынға тиесілі болса, заң бойынша олқылықты оңалтуды талап ете аламыз. Тұрғын үй болса, тұрғын үй кооперативі және пәтер иелері кооперативтерімен жұмыс жасаймыз, - дейді М.Нұғманов.

Сектор меңгерушісі биыл жарнама және көрнекі ақпарат мәтіндерін тексеру бойынша жүргізілген мониторинг барысында жеті көшедегі 600-дей нысан тексеріліп, 80-нен астам қателік анықталғанын айтты. Ағаттықтардың басым көпшілігі қазақ тілінің төл дыбыстарын қате жазу салдарынан орын алған. Жіберілген олқылықтар бойынша «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңына сәйкес болуы туралы нысандардың иелеріне 60 ескерту хат жіберілді. Нәтижесінде заң бұзушылықтар қалпына келтірілген. Осындай олқылықтардың алдын алу мақсатындағы жұмыстар болашақта да жалғасын табады.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz