Сұмдық-ай

Қала. Құжынаған тірлік. Аялдамадан сәбиін қолына көтерген аяғы ауыр келіншекті көріп, аяп кеттім. Бір жағынан қуанып та тұрмын.

Кенет маған жақындап келіп: «Ағай, темекіңіз бар ма?» дегенде тапырақтап талып қала жаздадым. Сұмдық-ай! «Жоқ! Темекі шекпеймін!» деген дауысымның қалай ащы шығып кеткенін байқамай да қалдым.

- Айқайламаңыз! Саңырау емеспін. Сізден темекі шегесіз бе деп сұраған жоқпын. Темекі бар ма? дедім, - дейді кекесін үнмен.

- Жоқ!

- Ендеше шылым алатын ақша бар ма?

- Жоқ.

Бұрылып кеткен ол шашы додырап бетін жапқан қызға жақындады. Бойжеткен әп - сәтте қалтасынан шылымның жіңішке бір талын ұсынды.

Жерден жеті қоян табылып, жерік асын жегендей болған келіншек темекіні құштарлана тұтатты. Темекі түтініне тұншыққан қолындағы сәбиі қақалып-шашалды.

- Не болды саған? Жігіт емессің бе? - дейді баласына зекіп.

Тас төбемнен біреу ұрғандай есеңгіреп қалдым. Бұл қалай сонда? Қазақтың бір қызы нан таба алмай намысын сатады. Екіншісі шетелге еліктейді. Қайтпек керек? Қалтамнан қағаз іздей бастадым. Қолыма бес жүз теңгеден басқа ештеңе ілікпеді. (Жаңа ақша сұрағанда беруге намысым жібермеп еді.)

Беу, қарындас, мынау қандай қылығың,

Қолыңдағы неге керек шылымың?

Лайладың ғой жас сәбидің тұнығын,

Азап шекті - ау құрсақтағы құлының!

Жас сәбидің жанын отқа күйгізбе,

Жауыздықты жарнамалап, сүйгізбе.

Нәпсің үшін тірлігіңді шайтани,

Періштеге кесір етіп тигізбе! -

дедім де, өлең жазылған бес жүз теңгені келіншектің қолына ұстата салдым. Содан бері аялдама жаққа әлсін-әлсін қарап қоямын. Келіншек көрінбейді. Кім біледі, бес жүз теңгенің бетіне қарап ойланып жүрген болар. Әлде темекі сатушылардан жазуы бар ақшаны алуды өтініп жүр ме екен? Бәлкім өткен күндеріне өкініп те жүрген болар. Әй, қайдам...

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz