- Бүгін біз «Победа» серіктестігінің егіс алқабында тұрмыз. Бұл қожалық бірнеше жылдардан бері астықтың тың түрін өсірумен айналысады. Ол шетелдерде ерекше сұранысқа ие Жасымық дақылы. Жасымықты өсіру - жаңа заман талабы. Мақсатымыз - тәжірибе алмасу, өңірдегі жаңашылдықты көзбен көру. Бәрімізге ортақ егістікке қатысты мәселелерді талқыға салу,- дейді Б.Қасенов.

«Победа» дәнді дақылдардың бірнеше түрін өсірумен айналысады. 50 мың гектар аумаққа егін салатын шаруашылық осыдан бес жыл бұрын асбұршақ тұқымдас жасымық дақылын өсіре бастаған.

- Біз жасымықты алғаш рет Ресейдің Алтай өлкесінен көрдік. Ерекше қызығушылық таныттық. Алтайлық диқандар жасымықты күтіп-баптау оңай еместігін айтты. Алғашында тәжірибе жасап көрмек үшін бір қап тұқым әкеліп егіс алқабына септік. Нәтижесі жаман болған жоқ. Бұрын жасымық еккен былтырғы аумаққа келесі жылы басқа дақылдардың жақсы өскенін байқадық. Демек оның топырақты тыңайтуға тигізер әсері мол деген сөз. Биылғы жылы 3 мың гектар орынға жасымық салдық. Қазірде гектарына 14 центнер өнім жинаудамыз, - дейді шаруашылық басшысы Александр Поляков.

Жасымықтың нарықтағы бағасы бидайдан 4-5 есе қымбат. Әсіресе, Үндістан, Пәкістан, Шри-Ланка елдерінде үлкен сұранысқа ие астықты тұтынуда әлем елдерінің ішінде Канада мемлекеті көш бастап тұр.

Өңір диқандарының тәжірибесіне енді ғана ілініп отырған жасымық дақылы суыққа төзімді. Сондай-ақ ерте жетіліп, пісетіндігімен де ерекшеленеді. Былтырғы жылы «Победа» астықты жинау барысында шығынға ұшыраған. Себеп - тәжірибенің аздығында. Биыл осы олқылықты жою үшін жасымықты сәуірдің аяғында, мамырдың басы мен ортасында үш кезеңге бөліп отырғызған. Мақсат - жаңа өсімдіктің қыр-сырына қанық болу. Бұл бастаманы ары қарай қолға алу үшін шаруаларға өзге өңірлермен тәжірибе алмасу керек.

Алпысбай ХОНЖ
Шарбақты ауданы.

saryarka-samaly.kz