Амангелді Шәпиұлы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің заң факультетін тәмамдағаннан кейін Павлодар қаласының Ильич аудандық халықтық сотына жұмысқа жіберіледі. Бұдан кейін Ертіс аудандық халықтық сотының судьясы, Успен аудандық халықтық сотының төрағасы, Ильич аудандық халықтық сотының төрағасы, Төрелік сотының төрағасы, Павлодар облыстық сотының сот алқа төрағасы, Торғай облыстық сотының төрағасы, Шығыс Қазақстан облысы әділет басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. Сондай-ақ, әр жылдары Ақмола облысының және Ақмола қаласының әділет басқармасының бастығы, ҚР Әділет министрлігінің ішкі әкімшілік Департаментінің директоры, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің соттар мен әділет органдарының сектор меңгерушісі, Алматы қаласы Жетісу ауданының сот төрағасы, Астана қаласы Сарыарқа ауданының сот төрағасы лауазымдарында жемісті еңбек етті. Ал 2007 жылдан бастап 2012 жылға дейін №2 Павлодар қалалық сотының төрағасы қызметінде болды. Егде тартқан шағында да жұмыссыз отыруды мін санады. Павлодардағы Инновациялық еуразия университетінде Қорғаныс кеңесінің төрағасы, құқық, тарих және социология департаментінің директоры қызметінде жұмыс істеді. Заң ғылымдарының докторы, профессор атағы бар. Үлкен әулеттің тірегі. Үш баласы бар.

А.Хамзин - әділдікті ту еткен азамат. Қызмет бабында мансапқа, атаққа құмартпаған жан. Осынау абыройлы еңбегінің арқасында елге елеулі болды. Оның ұйымдастырушылық қабілеттері мен еңбексүйгіштігі бүгінгі ұрпаққа үлгі. Жұмыстан ешқашан бас тартпаған. Қай қалада, қай облыста болмасын біте қайнасып, жемісті жұмыс істеді.

Кейіпкеріміздің бойындағы асыл қасиеттер ата-анасынан дарыған десе де болады. Шәпи және Мүгүлсім Хамзиндер балаларының ел қатарлы білім алуы үшін барын салды. Олардың өздері еңбекқорлықтың, адалдықтың, әдептіліктің, адами мейірімділіктің үлгісі болған.

Атап өтерлігі, Амангелді Шәпиұлы жоғары оқу орнына түскенге дейін автоэлектр слесарі, көлік жүргізуші, аудандық атқару комитетінің нұсқаушысы және аудандық комитеттің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі де болған. Бұл жұмыстардың барлығы оның еңбексүйгіштігі мен ұйымдас-тырушылық қабілеттерінің қалыптасуында маңызды рөл атқарған.

Ол университет қабырғасында жүргенде-ақ қатарластарынан оқ бойы озық болды. Себебі ҚазМУ-дің тарихында студенттік құрылыс отрядтарының штаб командирі ретінде студенттің тағайындалғаны алғашқы жағдай болатын. Оған дейінгі және одан кейінгі жылдары әркез бұл қызметке университеттің оқытушылары тағайындалған.

А.Хамзин еңбек жолында жинаған тәжірибелерінің қорытындысы ретінде «Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының көздері» атты тақырыпта жаңашыл кандидаттық диссертация жазып, оны ойдағыдай қорғаған. Амангелді Шәпиұлы 100-ден аса ғылыми және ғылыми-танымдық мақалалардың авторы атанды. Ал 2010 жылы Амангелді Шәпиұлы «Қазақстан Республикасындағы адамның әлеуметтік-еңбек құқықтарын қамтамасыз етудің халықаралық-құқықтық негіздері» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғаған.

Амангелді Шәпиұлы кәсіби қызметінің арқасында «Үш би», «Қазақстан Респуб- ликасы Судьялар Одағының құрметті Судьясы», «Қазақстан Республикасы сот жүйесінің еңбек сіңірген қызметкері» белгілерімен, сондай-ақ, «Фемидаға адал қызмет атқарғаны үшін» Әділет министрінің белгісімен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен, ҚР Әділет министрінің, ҚР Жоғарғы Сотының сот әкімшілік ету Комитетінің, ҚР Судьялар Одағының және Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы», «Павлодар облысы-ның 75 жылдығы», «Қазақстанның темір жолдарына - 100 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталды. 2002 жылы Жоғары аттестациялық комитеті оған доцент ғылыми атағын, ал 2010 жылы доктор, профессор ғылыми атағын берген.

Амангелді Шәпиұлы өзінің жолын қуып, заңгерлік салаға бет бұрған өзінің Жанна және Лейла есімді қыздарымен бірлесіп, 2005 жылы «Трудовое право РК» атты оқулығын басып шығарады. Бір жылдан соң «Право социального обеспечения Республики Казахстан» атты оқулығын жарыққа шығарады.

Бүгінде отставкадағы судья бола тұра, Амангелді Шәпиұлы сот жүйесіндегі қызметін жалғастырып отыр. Павлодар облыстық сотының соттарымен өзара әрекеттесу бойынша кеңестің төрағасы болып табылады. Амангелді Шәпиұлы сот жүйесінің дамуына айтарлықтай үлес қосқаны үшін, көп жылғы және табысты қызметі үшін «Сот жүйесінің ардагері» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының медалімен марапатталған.

Павлодар қаласы №2 сотының ұжымы үшін Амангелді Шәпиұлы құрметке бөленген тәлімгер болып қалуда.

Жанар ТҰРЛЫБАЕВА, Павлодар қаласы  №2 сотының судьясы.

saryarka-samaly.kz