Жазушының «Семей қасіреті» дейтін деректі тарихи хикаяты – Қазақ елінің, Жер-суының, Тағдырының қасіретін толғаған кемел туынды. Бұл энциклопедиялық сипаттағы кесек шығармада қисапсыз мол материалдар, айғақ-деректер жинақталып, жүйеленіп нақтылы баяндалған, тарихи-философиялық жинақтаулар мен тұжырымдар жасалған. Дастанға лайық ауқымды тарауларында замана кейпі, дәуір шындығы, тұтас адамзат қауымына зұлымдық жасаған ел билеушілерінің жыртқыштық, зымияндық, әпербақандық әрекеттері, халық қабырғасын қайыстыруы соншалықты дәйекті, сүйекті дәлелдерімен әңгімеленеді.

Медеу Сәрсекенің инженерлік білігі, ғылыми-жүйелі ойлауы, эрудициясы, ар білімі, интеллектуалдық болмысы, ғылыми-шығармашылық әлеуеті жаратылыстану ғылымының жеткен биігін, әсіресе, атом бомбасының құрылымының қандай екенін түсіндіреді. Ол былайша екен: тротил қоспасы мен гексогеннің өзара мөлшерін 1:1 етіп, бұған тітіркендіру жылдамдығын секундына 7650 метрге жеткізгенде атом ядросы тізбекті реакцияға түседі. Сонда отыз екі нүктеден бір мезетте атқылаған заряд тізбекті реакция тудырып, атомдық жарылыс жасайды екен. Бір килограмм радий 1590 жыл бойы ыдырау реакциясына түсіп, 0,5 кг қорғасынға айналады. 1 кг уран 22900 киловатт қуат бөледі. Бұларды бейбіт мақсатқа жұмсамаса, жанды-жансыз дүниені тозаңға айналдырады. Бұл орайда Медеу Сәрсеке «Семей қасіреті» еңбегінде әлемдік ғылым тарихындағы ұлы оқымыстылар Нильс Бор, Д.Н.Менделеев, Э.Резерфорд, А.Ф.Иоффе, П.Л.Капица, И.Е.Тамм, А.Эйнштэйн, Л.Д.Ландау, А.Д.Александров, Ю.Б.Харитон еңбектеріне ой жарығын түсіріп, атомдық және ядролық жарылыстарды, физикалық құбылыстарды қалай жасалу мәнісіне тоқталады.

Ең бірінші бомбада 7 кг плутоний болған, РДС («Реактивный двигатель Сталина») деп аталған Атом бомбасының Бас конструкторы – Ю.Б.Харитон. 1953 жылдың 12 тамызында сыналған сутегі бомбасының жасаушысы – академик А.Д.Сахаров. Семей полигонында 1949-1989 жылдарда 470 мәрте атомдық және термоядролық жарылыстар жасалды. А.Д.Сахаровтың жазуынша, әрбір термоядролық жарылыс он мың жанды құрбан етеді екен. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Дегелең тауының астында 296 сынақ жасалған. 1961-1962 жылдардың ішінде 68 жарылыс (53-і ауада) болған. Сонда Абай елінде болған 470 дүркін жарылыстан 2500 мегатонна энергия бөлінген. Ал Жапония жеріндегі жарылыстан 30 мегатонна, Чернобыльдан 100 мегатонна бөлінген. Осының өзінен Семей халқы мен даласындағы мыңдаған жылдарға созылатын адамзаттың, жаһанның қасіретін немен өлшеуге болады?

АҚШ 1945 жылы 6 тамыз күні Хиросимаға бомба тастағанда 47 секундта 130 000 жанды ажал құштырған және 200 мың жан иесі зардап шеккен. Міне, адамзатқа, ғаламзатқа, Жер-Анаға жасалған зұлымдық! Деректанушы, жазушы, Семей қасіретінің куәгері Медеу Сәрсеке 1949 жылдың 29 тамызында атомдық жарылыстың жаратылысқа әкелген сойқанын былайша айтады: Бомба қойылған 30 метр құрыш болаттан құйылған мұнараның суша ағып кетуі, топырақ балқып, қалыңдығы бір қарыс күйік қабаттың пайда болуы, жер мен көк от құйынның әлегіне түсуі, аумағы отыз шақырым даланың өртенуі (әскерилер екі тәулік бойы сөндірумен жанталасқан) сиырлар өкірген, бүркіттердің қанаты күйіп, көзі аққан, тау шыңы қаңбақша ұшқан, малдың терісі тырысып-бырысып күйіп, тырапай асқан.

АҚШ 1952-1989 жылдар ішінде ауада, суда, жер қойнауында 900 дүркін атомдық және ядролық жарылыстар жасаған. КСРО-да 1970 жылдарда 50 мыңнан аса бомба әзірленген. Жұдырықтай Жұмыр Жерді бір түйір тозаңға айналдыратын зұлмат. КСРО-да жанталаса қарулану, атом бомбасын қарыштата өндіру, Семей полигонында термоядролық жойқын бомбаларды жер астында, ауада жыпырлата сынау – И.В.Сталиннің, Н.С. Хрущевтің, Л.Н. Брежневтің сойқанды әрекеттері екендігі, биліктің халық пікірімен есептеспегендігі, елді азғын-тозғын күйге түсіргендігі, Абайдың сүйегін Жидебайдан көшірмекші боп қорлағандығы жан-жақты, толық жазылған бұл кітапта. Семей шаһарын мекендеген тұрғындардың 1964-1966 жылдарда КСРО көлеміндегі туыстарына, ата-аналарына шошынып жазған 340 хатын Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің бастығы, «салпаңқұлақ» Мырзамсейіт Жанділдиновтің тұтқындап, Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына «Жергілікті тұрғындардың атомдық сынақтарға жағымсыз көзқарасы» деген атпен құпия жолдауы не деген оңбағандық десеңізші...

Семей ядролық сынақ алаңын жапқан Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегі толғаныспен жеткізілген. «Семей қасіреті» кітабының тарихнамалық және деректемелік арқауы мейлінше шымыр. Дәуірнамалық мәні айрықша. Қазақ қасіретін, жер-судың зар-наласын толыққанды сипаттап жеткізген.

Серік НЕГИМОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

saryarka-samaly.kz