Облыстық мәслихаттың сессиясында қаралған басты мәселе – алты ай аралығында атқарылған істерді қорытындылау. Бұл ретте бірқатар көрсеткіш жақсарып, тіпті республика бойынша үздіктер сапынан көрінгенімізді атап өтпеске болмас. Айталық, жыл басынан бері экономика 5,6 пайызға артып, республикада 12-орыннан 3-орынға көтерілдік. Сол сияқты өзге де макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша ілгерілеушілік байқалады. Осы тұста биыл үш жылдық бюджетті қабылдағанымызды айта кету керек. Оның көлемі 200 млрд. теңгені құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 54 млрд. теңгеге көп. Салыстырар болсақ, былтыр Павлодар қаласының бюджеті небары 41 млрд. теңгені құраса, қазір қазынада 62 млрд. теңге бар.

- Облыстың даму стратегиясындағы басты міндет – инвестиция тарту. Биыл шамамен 443 млрд. теңге қаражат құйылатын болады. Павлодар облысы – Астанадағы ЭКСПО көрмесі аясында инвесторларға арналған көрме орталығын ашқан жалғыз аймақ. Бүгінгі күнге дейін мұнда әлемнің 22 елінің 112 компаниясының өкілдерімен іскерлік кездесулер өтті. Жапония, Түркия, Израиль елдері инвесторларымен өзара келісімдер де бар, - деді Б.Бақауов.

Аймақ басшысы әлеуметтік-экономикалық саланың барлық бағытындағы жетістіктер мен кемшін тұстарды атады. Өз кезегінде халық қалаулылары ұсыныстарын ортаға салып, қоғамдық маңызды мәселелерге қатысты сауалдарын жолдады. Мәселен, депутат Гүлмира Нұрханованы ауылдықтардың маңдай тер еңбегі ақталмайтыны қынжылтатын көрінеді. Дәлірек айтқанда, сүт қабылдау пункттерінің жеке аула иелерінен шикізатты төмен бағамен қабылдайтыны көңіл көншітпейді. Есесіне делдалдардың қалтасы қампиып, шаруа қожалықтары мемлекет тарапынан субсидия алып отыр. Облыс әкімі Болат Бақауов тұрғындардан қабылданған сүттің әр литрі үшін 10 пайыз көлемінде субсидия төлеуге бюджеттен қаражат қарастырылғанын айтты. Ал депутат Светлана Мусинованы «келесі жылы шыбын-шіркейге қарсы күрес жүргізуге әліміз жете ме?» деген сауал мазалайды. Аймақ басшысының айтуынша, бұл бағытта алғашқы қадам жасалды. Яғни, маса мен шіркейге қарсы қандай шаралар мен препараттар қолдану қажет екенін мамандар жақсы біледі. Тіпті, биыл бірінші рет аудандарда да жәндіктердің көбеймеуіне қарсы істер атқарылды. Олар келесі жылы да жалғасын табады.

Балалардың, әсіресе жетімдердің мәселесі де халық қалаулыларының назарынан тыс қалмады. Депутат Марина Стрелковская жыл сайын ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 150 бала баспаналы болғанмен, тағы 15-20 жетім үй-күйсіз қалуға мәжбүр екенін тілге тиек етті.

Ал депутат Қабылқақ Қапенов 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер 100 пайыз мектепке дейінгі білім берумен қамтылғанымен, 2-3 жас арылығындағы балдырғандардың небары 40 пайызы балабақшаға баратынын айтты. Осыны ескере келе, мектепке дейінгі білім мен тәрбие нысандарын көптеп ашу қажеттігін жеткізді. Мәслихат депутаты Орал Сартаев болса, соңғы жылдары балалардың қатысуымен жол-көлік оқиғаларының жиілегенін, мектептерде темір тұлпар тізгіндеудің қыр-сырын, жолда жүру ережелерін үйрететін арнайы курс өткізу туралы ұсыныс білдірді. Болат Бақауов әр ұсынысты назарға алып, жан-жақты саралау қажеттігін айтты. Әсіресе, 2-3 жастағы бүлдіршіндерге қатысты мәселені ата-аналармен ақылдасу керек.

- Байқауымша, 3 жасқа дейінгі балаларын балабақшаға беруге дайын ата-аналар көп емес. Әдетте, аналардың өзі немесе ата-әжелері бала тәрбиесімен айналысады. Бұл ретте облыстық білім беру басқармасына балабақшамен қамтылмаған 2-3 жасар балғындардың ата-аналарымен сөйлесіп, нақты қанша пайызы перзенттерін мектепке дейінгі мекемеге беруге әзір екенін анықтауды тапсырамын, - деді Б.Бақауов.

Жалпы, халық қалаулылары аймақ басшысының атқарған жұмысына оң баға берді. Оған дәлел ретінде әр салада ілгерілеудің барын атап өтті.

- Өткен жарты жылдың есебі осындай. Алға қойған міндеттер айқын, бірақ мұнымен жұмыс бітті деуге болмайды. Атқарған жұмыс аз емес, атқаратын жұмыс одан да көп. Сондықтан да алдағы уақытта сіздермен бірге бірлесе еңбек етіп, биылғы жылды жоғары нәтижемен аяқтаймыз деп сенемін, - деп сөзін түйіндеді Б.Бақауов.

Облыстық мәслихаттың XV кезекті сессиясында бұдан өзге де мәселелер қаралды. Мәселен, 2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет нақтыланды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаев 1,6 млрд. теңге үнемделгенін айтты. Ал облыстық бюджеттік комиссия салалық басқармалар ұсынған қосымша шараларды қолдап, нәтижесінде 3,6 млрд. теңге басым бағыттарға жұмсалатын болды. Олардың қатарында білім беруді дамыту, тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізу, кәсіпкерлікті қолдау, тәртіп сақшыларын қажетті көліктермен, арнайы құралдармен қамту бар.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz