IX-XI ғасырларда өмір сүрген қимақ жауынгерінің сауыт-сайманы қалпына келтірілген күйінде бүгінде музей төрінде тұр. Экспонат 2001 жылы археологтар мен этнографтардың жыл сайынғы жазғы маусымда жүргізетін экспедициясы нәтижесінде табылған.

- Аталмыш жәдігер реконструкциядан өтіп, сырт бейнесі біраз жаңартылған. Қазба жұмыстары барысында жауынгердің сауытымен қатар дулығасының бөлшектері, кіреукенің қалдығы, семсерлер табылды. Сауыттың өз салмағы 40 килограмды құрайды. Дулығасында жылқының жалы бекітілген, - дейді музейдің «Өлке тарихы» бөлімінің басшысы Гүлжайнат Әлиева.

Батырдың сауытын қалпына келтіруге бірнеше жыл жұмсалыпты. Ал экспонаттың түпнұсқасы музей қорында сақтаулы. Г.Әлиеваның айтуынша, бұл олжа Қимақ қағанатының Ертіс өңірінде шоғырланғанын тағы бір айғақтайды. Сондықтан ғылыми құндылығы аса жоғары деп танылған.

- Қимақ мемлекетінің орталығы Ертіс өзені бойында орналасқан. Кезінде осы жерге, Ибн-Бахр, ал-Идриси және Гардизи жазбалары бойынша, Орта Азиядан керуен жолдары бағытталған. Гардизи еңбегінде Янгикенттің ұзақ жолынан кейін келе жатқан керуенде: «Қимақ елі басталатын Ертіс өзеніне келеді. Ертіс өзенінен өткеннен кейін қимақтардың шатырларына келеді. Бұл елде қар көп жауады, қардың қалыңдығы найзаның биіктігіне жетеді. Қыста олар жылқыларын алыс елге алып кетеді», делінген. Сондықтан бұл қимақ жауынгері музей қорындағы құнды әрі сирек жәдігер болып саналады, - дейді ол.

Айта кетейік, қимақтар - көшпелі түркі тайпалары - ортаазиялық хунда ұрпақтары. Олар Шығыс және Орталық Қазақстанды мекендеген. VI-VII ғасырларда Батыс Түрік қағанатының дұлы тайпасының одағына енген. ІХ ғасырдың аяғында қимақтардың тайпалық одағы алғашында жеті тайпадан, яғни эймур, имақ, татар, баяндур, қыпшақ, ланиказ, ажлад тайпаларынан құралады. Ал ХІ ғасырдың           30-жылдарында саяси басымдықтан айырылып, қыпшақтарға тәуелді болғандықтан, Қимақ мемлекеті толығымен жойылды.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz