Успен ауданында қарқынды жұмыс істеп, ауыл шаруашылығының әр саласына елеулі үлес қосуға талпынған шаруашылықтың бірі - «БИК» шаруа қожалығы. Биылғы жылы аталған қожалық Ақмола облысынан 200 бас асыл тұқымды Абердин-ангус қара малын әкелген. Қараша айында тағы да осындай 100 бас асыл тұқымды сиыр әкелуді жоспарлауда. Әрқайсысының бағасы орта есеппен 550 мың теңге тұратын сиырларға «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мемлекет 150 мың теңгеден субсидия төлейді. 300 бас ірі қара малды күтуге арналған қораның құрылысы да жуық арада аяқталмақ. Асыл түлік жергілікті табиғатқа бейімделіп, жерсінетін болса, шаруашылық бұл кәсіпті әрі қарай дамытуды көздейді.

«БИК» шаруа қожалығы биыл 19 мың гектар жерге дән сепкен. Оның 12 гектарға жуығы бидай болса, қалған аумаққа майлы дақылдар егілген. Бүгінге дейін шаруашылық өнімнің жартысына жуығын жинап үлгерген. Орташа көрсеткіш гектарына 10 центнерді құрайды.

8400 гектар жерге егін еккен «Штрек НП» шаруа қожалығының басшысы Николай Штрек биылғы жылы өнімнің түсімі орташа деңгейде болады деп болжам жасап отыр. Диқан оны көктем мен жаз айларындағы жауын-шашынның аз болуымен байланыстырады.

Ал «Галицкое» ЖШС-нің диқандары өнімнің сапасы мен мөлшерін арттыру барысында шетел тәжірибелеріне жүгінуді жөн санайды. Мәселен, былтырғы жылы 8 комбайн жаткасы Ресейден сатып алынған.

- Қарапайым комбайндар егінді алдымен шауып, сосын дәнін жинайды ғой. Заманауи технологияның айқын көрінісі болып саналатын жаңа құрылғылар егін масағын тік тұрған бойда жинап алуға мүмкіндік туғызады. Әрқайсысының құны    5 млн. теңге тұратын бұл құрылғылар жанар-жағармайға да, уақытқа да үнем. Ең бастысы шабылмай тік тұрған бидайдың сабағына қыста қар жақсы жиналады. Бұл - келер жылғы егіннің жемісті болуына мүмкіндік туғызатын әдіс, - дейді «Галицкое» ЖШС директорының орынбасары Сергей Рякин. Түрлі дәнді дақылдар егетін серіктестік ауа райы мүмкіндік беретін болса, қыркүйек айының ортасына дейін жиын-терім жұмыстарын аяқтауды көздеп отыр.

Бауыржан Қасенов Павлодар ауданындағы «Луганск» және «Киров» шаруашылықтарының тыныс-тіршілігімен де танысты.

Биылғы жылы Павлодар ауданы бойынша 16 мың гектардан астам аумаққа егін салынған. Бидай, сұлы, қарақұмық жармасы секілді дақылдардың әрқайсысы -     4 мың гектарға егілсе, арпа - 2 мың гектар аумаққа, тары 1,2 мың гектар жерге себілген. Орақ түскен алғашқы өнімдердің түсімі гектарына 9 центнерді құрауда.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz