Май ауданында тұратын сазгер, қолөнер шебері Амангелді Ыдырысовты замандастары мен жергілікті тұрғындар Аман, Әбеке деп атайды. Оның балалық, жастық шағы осы ауылда өтті. 1947 жылдың 13 қыркүйегінде дүниеге келді. Мектепке барды. Көршілес Киров атындағы кеңшардағы орта мектепті бітіріп, Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищеге оқуға түсті. Еңбек жолын аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі міндетінен бастады.      1974-1984 жылдары алдымен режиссердің ассистенті болып, кейін телеоператор болып қызмет атқарды. 1992 жылға дейін «Дарын» кооперативінде қызыл ағаш шебері болып еңбек етті. Өзінің өмірбаяны туралы Әбекең былай деп әңгімелейді:

- 1966 жылы орта мектепті бітіріп, Алматы қаласындағы П.И.Чайковский атындағы музыка училищесінің хор-дирижерлік факультетіне оқуға түстім. 1967 жылдың қараша айында әскер қатарына алындым. 1970-1973 жылдары Көктөбе ауылында мәдениет үйінде қызмет атқардым. Сол кездері сазгерлікпен айналысып, бірнеше әндер жазып, облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болдым. Сол жылдары шыққан «Ақ сәулем», «Мой Павлодар» әндерім Алматыда өткен фестивальге іріктеліп алынған болатын. Ол туралы 1972 жылы В.Семерьянов деген азамат «Звезда Прииртышья» газетінде жазды. 1973 жылы Павлодар қаласына көшіп барып, оқуымды әрі қарай жалғастырдым. Сол тұста Баянауылдың тумасы, домбырашы, сазгер және қолөнер шебері Шәкен Рақышевпен танысып, теміржолшылар сарайында құрған домбыра оркестрінде ойнап, ән айттым. Ол кісі мені алғаш қолөнерге үйреткен ұстазым еді.             1975-1982 жылдары Павлодар облысының телерадио комитетінде телеоператор болып жұмыс істедім. 1976 жылы екінші қызым дүниеге келді. Отбасы және пәтер жағдайына байланысты әртүрлі жұмыстар істеуге тура келді. Сөйтіп 1992 жылы ауылға көшіп келдім. Кооператив ашып, қолөнермен айналыстым. Үй тұрмысына қажет заттармен бірге домбыра, қобыз сияқты музыка аспаптарын жасадым.       2002 жылдан бастап аудандық мәдениет үйінде, 2010 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де сүйемелдеуші болып жұмыс істеп жатырмын, - дейді сазгер.

Бүгінде Аман Ыдырысов ағамыз жетпістің төріне шығып отыр. Аман екеуіміз бірнеше ән жаздық. Сөзін мен, әуенін ол жазған біздің әндеріміз талай той-думандарда айтылып келеді. Ал «Ақ сәулемнің» орны бөлек. Бұл ән дүниеге келген сәтінен бастап ел аузында кеңінен таралып кетті.

Сазгер әннің сөзіне көп көңіл бөледі. Әннің негізі, сүйегі сөз, поэзия деп біледі. Бұл - оның қазақ поэзия-сына деген сүйіспеншілігі, махаббаты. Әсіресе, Мұқағали, Төлеген жырларын қатты құрметтейді. Оларды пір тұтады. Ақындық өнерді бәрінен де жоғары қояды. Содан да болуы керек, әндерінің мәтіндері жоғары деңгейде жазылған, оған деген талғам, талабы өте жоғары.

Жігітке жеті өнер де аз демекші, оның қолынан шыққан домбыра мен қобыздардың аса бір талғампаздықпен, шеберлікпен жасалғаны байқалып тұрады. Шебердің қолы ортақ демей ме?! Оның домбыралары мен қобыздары көркемдігімен көз тартады. Домбырасын қолыңа алып, сөйлеткің келіп тұрады. Әбекең домбырасын құс төресі - аққу бейнесіне ұқсатып жасайды. Яғни аққу домбыра. Бұл оның өзіндік шеберлік қолтаңбасы.

Ардагердің аталары да - Ертіс өңіріне танымал адамдар. Атасы Мамырбай елге белгілі, кісі емдеген бақсы адам болған. Атақты Мәшһүр Жүсіптің өзі Ұлы Абай атамыз бір туысын осы кісіге емдетуге алып келген деп жазып кеткен екен. Мамырбайдың баласы Талас та бақсы болды. Кісі емдеді. Ол - осы өңірге белгілі Қайса бақсымен замандас болған адам.

Әбекең еңбек жолында бірнеше рет Құрмет грамоталарымен, диплом-дармен марапатталған. Республикамыздың 20 жылдық мерекесіне орай өткен фестивальде облыстың ең таңдаулы сазгері атағына ие болды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай өткен музыка аспаптарын жасау байқауында жүлдегер болды. 2001 жылы Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығында медальмен марапатталды. 2007 жылы облыстың мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін оған «Мәдениет қайраткері» атағы берілді. 2012 жылы «Павлодар облысына 75 жыл» медалімен, 2013 жылы «Алға, жастар» және «Желбіре, туы қазақтың» әндері үшін «Қазақстан патриоты» медалімен марапатталды.

Сазгердің қазір жазғанынан жазары мол деп ойлаймыз. Бірнеше тамаша туындыларымен ел-жұртының алғысына, сый-сыяпатына бөленіп жүрген ардагердің шабытынан туған елі мен өскен жерін биіктерге асқақтата жырлаған жаңа әндері, махаббат, отбасы, ұрпақтар сыйластығы тақырыптарымен бірге патриоттық әндері дүниеге келер деп сенеміз. Жетпіс жас – мерейлі жас! Абыз ойлы ер азаматтың ақыл-ой мен ел-жұртына бойындағы жақсы күш-қуатын беретін, қара нардың жүгін қайыспай көтеріп жүре беретін кемел шағы! Ендеше, Әбекеңнің жұлдызды сәттері таусылмақ емес, олар әлі де алдымыздан бізге өз шуағын шашатын болар деп ойлаймын!

Әбекеңе тілек

Құп-құрғақ шығатұғын от пен судан,
Ақ таңда арман-ойын сертпен жуған.
Біз кеше жігіт едік қасқыр жүрек,
Шарқ ұрып күндіз-түні қызық қуған!

Көңілді тартатұғын әрі-бері,
«Ақ сәулем» - сол жылдардың жәдігері.
Кім айтар жазды деп бұл әнді кеше,
Шалдарды таусылмайтын әбігері!

Әбеке, тамаша ән туа берсін,
Көңілден өкпе-мұңды қуа берсін.
Артыңда ағайын-жұрт тілеулесің,
Алдыңда аккордтарың тұра берсін!

Өмірдің өзі ән мен күй емес пе,
Жүрекпен ұққан жанға сый емес пе?!
Хит әндер жазатұғын жасқа келдің,
Шықтың ғой жетпіс деген бір белеске!

Естілмес ағайынға сөзім тосын,
Сүйенер жалғыздықта досың болсын.
Байлықтың мәні бар ма жылуы жоқ,
Айтылар той-думанда әнің болсын!

Туады тәтті әуендер, тілек талай,
Құйылар сол әуеннен жүрекке арай.
Сұлу сөз, әсем әуен қауышқанда,
Алдыңнан ашылғандай патша сарай!

Серік МҰХТАРОВ, ардагер журналист, Көктөбе ауылы, Май ауданы.

saryarka-samaly.kz