Мәселе неден басталды?

Осылайша қасиетті Құрбан айттың екінші күні Астанадан шу шықты. Жергілікті жастар көшеге шығып, Абу-Даби Плазадағы «үнділер қорғанын» алуға ұмтылған. Ресми деректерге сүйенсек, даудың басы құрылыс алаңындағы қазақ күзетшісі мен үндістандық құрылысшы арасындағы кикілжіңнен басталыпты. ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың сөзіне сүйенсек, кезекті жұмыс күні аяқталғаннан кейін шетелдік құрылысшылар арнайы тексеруден өтуден бас тартқан. Кейбір деректерде олардың мас болғаны айтылады. Күзет қызметінің жігіттері оларға ескерту жасаған. Артынша бұл кикілжің төбелеске ұласып, бірнеше үнді қазақ күзетшісін соққыға жығады. Осыдан кейін өзге күзетшілер бірігіп, шатақ шығарған үнділерді тезге салған. Мұның барлығы - айналдырған жарты сағаттың ішінде орын алған оқиғалар. Бұдан кейін құрылыс алаңына құқық қорғаушылар келіп, жағдайды бақылауға алуға тырысады. Бірақ мәселе ушығып кеткен еді. Себебі құрылыс алаңының сыртында тағы екі үнді соққыға жығылды.

Көп ұзамай құрылысшылар тұратын жатақхананың айналасына қаланың жастары жинала бастады. Олар мәселенің анық-қанығына жетуді талап етті. Көпшілігі шыдамай шетелдіктерге лап қойды. Салдарынан Астананың төрт көшесін бес қаруы сай жасақтар қоршап тұрды. Ақыры, әдеттегідей, қазақ жастарын қамаумен қақтығыс зорға басылды. Қ.Қасымов «біздің басқа амалымыз болмады» деп ақталды. Себебі уақыт өткен сайын әлеуметтік желі арқылы бір-біріне хабар таратып, оқиға орнына жүздеген қазақ жастары жинала түскен. Мәселе ушықпас үшін полиция қызметкерлері «бүлікшілікке үгіттеді», «қоғамдық тәртіпті бұзды» деген желеумен 56 азаматты қамауға алды. Дегенмен олардың басым бөлігі босатылғанын атап өткен жөн. Тек 8 азаматқа қатысты әкімшілік жаза қолданылған.

Атап өтерлігі, сол күні шенділердің біразы жедел түрде әрекет етті. Еліміздің Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев дер кезінде мәлімдеме жасады. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев оқиға орнына келіп, жағдайды түсіндіруге тырысты. Елді тыныштыққа шақырды. «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев заңдылықтың сақталуын, кінәлілердің анықталып, жауапқа тартылуын, қазақ жастарының жазықсыз жазаланбауын талап етіп, Бас прокурор Жақып Асановқа шұғыл ресми хат жазғанын да айта кетуіміз керек. Біздің қазақтілді саясаттанушыларымыз, қоғам қайраткерлері өз пікірлерін айқын білдіріп, заңдылықты талап етіп шығуы көңілге демеу, дәтке қуат берді.

Әлеуметтік желіде асыра сілтеулер де болмай қалған жоқ. «Самауыр суалыпты» деген сөздің ақыры «Самарқанды су алыпты» дегенге айналғанындай, сан түрлі дақпыртқа да жол берілді.

Үндінің қолы алтын ба?

Өзге елден жұмысшы күшін әкелу нарық заманындағы барлық елге тән көрініс болса да, оның Қазақ еліндегі салдары алаңдатарлық. Бұл оқиға Қазақстан заңдарының өзге елдермен салыстырғанда әлсіздігін, әсіресе, өз жұмысшыларының мүддесін қорғауда кемшіліктері көп екенін тағы бір дәлелдеп берді. Шетелдіктердің еркіне көнген инвестиция туралы заңдарымыздағы сырттан жұмыс күшін тарту баптарын өз азаматтарымыздың мүддесін қорғауды күшейту үшін қайта қарайтын кез келген сияқты. Өйткені «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген Қазақ үшін ең бастысы – Ел намысы!

Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша, мәселенің түп-тамыры өз азаматтарымыз жұмыссыз жүрсе де, шетелден көптеп жұмыс күшін әкелуге көз жұма қарап отырған ресми органдарда.

- Сауд Арабиясында 500 мың, Араб Әмірліктерінде 400 мың үнді жұмыс істейді. Сондағысы әлгілердің біреуі де жергілікті азаматтардың орнын алмаған – тек олар келіспеген қара жұмыс түрлеріне тартылған. Алайда соңғы оқиғалар желісінде әлдеқайда маңыздысы – араб елдеріндегі үнділер өз орнын біледі, қарсы шықпақ түгілі, дүкенге араб кірсе, оған шеттеп жол береді. Неліктен? Сыпайы болғаннан ғана емес шығар. Жергілікті билік, заң орындары кімнің кім екенін әу баста миларына құйғанынан. Ендеше арабтарда ауыз ашуға дәрменсіз, жергілікті азаматтың көзіне тіке қарауға дәті бармас үнді Астанада неге құтырды? Сайып келгенде, бұл шетелдіктің шектен шыққаны ма әлде соған жағдай туғызған қабылдаушы ел шенділерінің олқылығы ма? Ойланарлық.

Абу-Даби Плазада болған оқиғаға жекелеген үнділер кінәлі де шығар. Алайда басты жауапкершілік - Қазақ жерінде шетелдіктерді кім тайраңдатып қойғанында. Мәселе - өз азаматтарымыз артыла тұра, шетелден жұмыс күшін жалдауға көз жұмған ресми орындарда. Сол арқылы заңның өрескел бұзылып, дискриминация етек жайып, араздықтың туындауында. Бұндай жағдай тек Абу-Даби Плазада ғана пісіп-жетілді деп кім айтты? Бірлескен кәсіпорындардың көпшілігі солай. Сондықтан бірнеше шетелдік жауапқа тартылумен немесе депортациямен түйткіл тарқамайды. Кешенді, қоғам бақылауындағы шаралар керек, - дейді Р.Жұмалы.

Ал саясаттанушы Айдос Сарым көптен бері созылып келе жатқан әлеуметтік ашу-ыза бұл жолы шиқандай жарылғанын айтады.

- Екі адамның арасындағы қақтығыстан басталған дүние айналып келгенде, еліміздегі еңбек нарқындағы барша проблемаларды, оның ішінде шетелдіктерді жұмысқа тарту үрдісі бойынша наразылықты айқайлата, зарлата айқындағандай болды. Құдайға шүкір, қазақ - білегінің ғана күшіне емес, ақылы мен парасатына да арқа сүйейтін ұлт. Бұл кикілжіңнен де, күйзелістен де аман, ауызбіршілікпен өтетінімізге толық сенімдімін. Қазақ өз шындығын дәлелдеу үшін біреудің көзін шығарып, басын жаруға міндетті емес. Менің талап-тілегім де, арман-мұратым да, мұң-зарым да осы қазақ деген ұлттың үнімен үндескені дұрыс деп санаймын. Біреуді жарылқай алсам - тек осы елдің азаматын жарылқай аламын. Ұлтым өркендесе, мен де өркендей аламын. Ұлтым мұңайса, мен жадырап жүре алмаймын. Қазағың күңіренсе, әлемнің шаттанғаны кімге дәру? Қазағың тозақта жүрсе, үндінің жұмағы кімге пайда? Осы мәселені түсініп алғанымыз жөн, - дейді А.Сарым.

Еліміздегі әлеуметтік ықпал ету және коммуникация орталығының басшысы Ербол Ысмаилов Астанадағы оқиға билік үшін қауіпті дабыл деген пікірде. Себебі толассыз ағылып жатқан шетелдік жұмыс күшін реттеуге ұмтылған бірде-бір шенеунік жоқ. Ал мұндай жағдай тек Абу-Даби Плазаның құрылыс алаңында емес, еліміз бойынша көптеген кәсіпорындарда бар. Қазақ азаматтары екі қолға бір күрек таба алмай жүргені, шетелдіктердің басынуы қатпар-қатпар мәселе болып жиналуда. Және оның соңы үлкен дауға ұласуы ықтимал. «Қолымызды мезгілінен кеш сермемесек болғаны», - дейді Е.Ысмаилов.

Ал танымал экономист Айдан Кәріпжанов Астанадағы оқиғада көзге түскен ондаған үнді азаматы қалайша Қазақстанға еш кедергісіз келіп, жұмыс істеп жатқанына таңданысын білдірді.

- Сірә, бұл үнділердің қолы алтын шығар. Олардың істеген жұмысын қазақ азаматтары істей алмайды дегенге еш сенбеймін, - дейді ол.

Осындай тектес пікір көп тарауда. Бұл да болса, Үкіметтің жергілікті халықты еңбекпен, тұрақты табыспен қамтуға көбірек көңіл бөлуді ескертеді. Нарық заманында шетелдік жұмыс күшіне егер жоғары технологиясы болса ғана аздап иек артуға болар. Басқа шаруалар біздің жігіттердің де қолынан келері даусыз. Үкімет те өз азаматтарын еңбекке орналастырудан ұтары хақ. Шетелдіктер ақшаны қалтасына салып, шекара асады. Қалатыны - өзіміздікілер. Әрине, бұл жерде өз азаматтарымыздың күрделі мамандықтарды игеруде, біліктілікті көтеруде өлермендігі, ширақтығы талап етілетіні даусыз!

Тобықтай түйін

Ішкі істер министрлігіндегілер төбелеске қатысқан 30–40 үндіге қатысты депортация, яғни елден шығару мәселесі қаралатынын жеткізді. Біздің күзетшімізді соққыға жыққан шетел азаматтары жазаланады. Үндістаннан келген құрылысшыларды ұрған қазақ жігіттері де жауапқа тартылады. Бірақ мәселе мұнымен шешіле ме?

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz