Болат Жұмабекұлы алдымен бірқатар кадрлық ауыс-түйістерді жария етіп, жаңа басшыларды таныстырды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы болып Ернұр Дәуенов тағайындалды. Ол бұған дейін облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған. Бұған дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болған Ардақ Райымбеков облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқаратын болды. Құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 2 құрылымға бөлініп, оған жеке басшылар тағайындалды. Мәселен, бұған дейін қос саланың тізгінін ұстап отырған Рүстем Раисов құрылыс саласына жауаптанды. Ал жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдарына облыс бойынша мемлекеттік-сәулет құрылысын бақылау басқармасының бұрынғы басшысы Қанат Қашқыров жауапты деп танылды. Болат Жұмабекұлы жоғарыдағы жаңа басшылардың қызметіне сәттілік тілеп, салалары бойынша жеке тапсырма жүктеді.

Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының алғашқы 15 қадамын кәсіби мемлекеттік аппарат құру мәселесіне арнаған болатын. Облыс әкімдігі аппаратының басшысы Расул Оразғұлов мемлекеттік қызмет саласындағы атқарылып жатқан жоспарлармен таныстырып, бірқатар олқылықтарды ортаға салды. Оның айтуынша, жыл басынан бері өңірде мемлекеттік қызметке 186 адам жұмысқа қабылданған. Дегенмен кейбір аудан басшылары жоғары оқу орнын тәмамдаған жастарды жұмысқа алуға құлықсыз. Мәселен, биыл Ертіс ауданында бірде-бір жас маман мемлекеттік қызмет саласына орналаспаған. Шарбақты ауданында 18 түлек тәжірибелік сынақтан өтіп, 12-сі қызметке тұрған. Мұндай жағымсыз көрсеткіш Ақсу қаласы және Май ауданында да бар. Биылғы 8 айда мемлекеттік қызмет қатарында жұмыс істеуге ниет білдірген 1369 үміткер тестілеуге қатысқан. Оның 701-і шектік деңгейден өтсе, 49 пайызы сынақтан сүрінген. Барлығы 302 ішкі байқау жарияланып, 178 азамат қатарға алынған. Бұл - өте аз көрсеткіш. Сондықтан жергілікті билік өкілдері бұл мәселеге назар аударуы тиіс. Бұл ретте Баянауыл ауданы мен Екібастұз қаласындағы жұмыстар ақсап тұр. Кеншілер шаһарында 19 ішкі байқау ұйымдастырылып, барлығы 6 адам ғана қызметке қабылданған. Бұл бағытта Качир ауданы көпке үлгі бола алады. Бос тұрған 5 жоғары лауазымға жаңа басшылар тағайындалған.

Атап өтерлігі, өңірде мемлекеттік қызмет саласында 250 жұмыс орны бос тұр. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда 43 пайызға көп. Павлодар қаласында - 33, Май ауданында – 24 және Шарбақты ауданында 22 бос жұмыс орны бар. Осы ретте Болат Жұмабекұлы кадр мәселесін оңтайлы шешуді тапсырды.

- Мемлекеттік қызмет саласында 250 жұмыс орнының бос тұрғаны үлкен мәселе. Бұл аз сан емес. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, тұтастай Екібастұз қаласы мемлекеттік органдарсыз жұмыс істеп жатқандай. Себебі бұл қаладағы қызметшілердің саны 242-ні құрайды. Сондықтан бос вакансиялардың орнын толтыруды жүктеймін, - деді аймақ басшысы.

Ұлт Жоспарында жергілікті полиция қызметінің міндеттері нақты аталған болатын.

Өңірде қоғамдық құқықбұзушылық пен тәртіпсіздік оқиғалары 20 пайызға азайып отыр. Жол-көлік оқиғасы 4 пайызға төмендеген. Десе де, жергілікті полиция қызметінің басшысы Юрий Колесников бірқатар мәселені ортаға салды. Аймағымызда ішімдікке тәуелді азаматтарды сауықтыру орталығында орын саны жыл сайын қысқартылып келеді. Мысалы, 2015 жылы 120 орын болса, бүгінде екі есеге азайып отыр. Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мұны орталыққа келіп түсетін адамдар санының азаюымен түсіндіріп отыр. Алайда Юрий Колесниковтің ұсынған дерегі басқаша. Ол аталған мекемедегі орын тапшы дейді. Аймақ басшысы бұл мәселе бойынша арнайы жиын өткізіп, анық-қанығын білуді тапсырды. Бұдан бөлек, облыс аумағында 182 учаскелік полиция бөлімшесі бар. Бірақ олардың көпшілігі күрделі жөндеу жұмыстарына зәру. Болат Жұмабекұлы аудан-қала әкімдеріне бұл бағыттағы жұмысты қолға алуды жүктеді. Сонымен қатар, өңір басшысы мал ұрлығы мәселесіне көңіл аудару қажеттігін айтты.

Облыста жол-көлік оқиғасының саны азайғанымен, жол үстінде қаза тапқандардың саны артқан. Мұндай көрсеткіш Баянауыл, Ертіс және Шарбақты аудандарында көп орын алған. Аталмыш аудандар басшылары қайғылы жағдайларды жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс асыруы- мен байланыстырады. Сонымен қатар, Қалқаман ауылының маңындағы тас жолдың біраз бөлігінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда көлік қозғалысына шектеу қойылмас үшін айналма жол салынған болатын. Бүгінде тұрғындар тарапынан аталмыш айналма жолдың сапасына қатысты көп сын айтылуда. Көлік қозғалысына қауіпті болып саналады. Облыс әкімі айналма жолдың жағдайын түзетіп, тиісті жол белгілерін орнатуды ескертті.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz