Қайғылы жағдай 7 қыркүйек күні таңғы сағат 8.00 шамасында Ломов- Катаев көшелерінің қиылысында орын алған. 2007 және 2009 жылы туған екі қызды трамвай басып кетті. Оқиға орнына жедел жеткен арнайы қызмет мамандары балаларды арнайы жүк көтергіш трактордың көмегімен трамвай астынан алып шыққан. Өкінішке қарай, олардың үлкені алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Ал екінші қыз облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді.

Аталмыш трамвай №1 маршрут бойынша алюминий зауытына бағыт алған көрінеді. Қоғамдық көлікті бес жылдық тәжірибесі бар 1987 жылғы әйел адам жүргізген. Қала көшесіндегі бейнебақылау камера- сына түсіп қалған жан түршігерлік оқиға әлеуметтік желіде тез тарады. Одан трамвайдың жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтіп бара жатқан қос баланы жоғары жылдамдықпен келіп қаққанын анық көруге болады.

Павлодар қалалық «Трамвай басқармасы» АҚ қозғалыс қызметінің басшысы Антонина Рыбалконың сөзінше, жұмыс күні басталмас бұрын көлік рейс алдындағы арнайы сараптамадан өткен. Жолға шыққанда азаматшаның денсаулығы мен вагонның техникалық жағдайы дұрыс болған. Кәсіпорын маман- дары қайғылы жағдайға душар болған отбасыға қажет көмекті көрсетуге, оның ішінде қаржылай қолдауға да әзір екендерін айтады.

Облыстық ішкі істер департа- ментінің мамандары аталмыш фактіге байланысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабар- лады. Оқыс оқиғаға қатысты сот сараптамасы тағайындалған. Егер жүргізушінің кінәсі толық дәлелденсе, 30 жастағы әйел 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазіргі уақытта трамвай жүргізушісі 3 тәулікке уақытша қамау изоля- торына қамалды.

Апалы-сіңлілі қос жеткіншек қалалық №4 жалпы білім беру мектебінің екінші және төртінші сыныбында білім алған. Мектеп басшылығы олардың оқуда озат болғанын айтады.

- Қайғылы жағдай мектеп ұжымы үшін үлкен соққы болды. Махаббат 4-сыныпта білім алса, Марал 2-сыныпта оқыды. Махаббат өте инабатты, тәртіпті бала еді. Сабағын 4-5-ке оқитын. Мұғалімдер қауымы бұл баланы ерекше жақсы көретін, - дейді Павлодар қалалық №4 жалпы білім беру мектебі директорының орынбасары Зәуреш Абылқасова.

Белгілі болғандай, қос бүлдіршіннің әкесі бірнеше жыл бұрын дүние салған екен. Анасы балаларын жалғыз өзі бағып-қағып келген. Бүгінде кенже баласы небары     2 жаста. «Павлодар мейірімділер клубының» еріктілері әлеуметтік желі арқылы қара жамылған отбасыға көмек қолын созуды сұрап, үндеу жариялады. Облыс орталығының тұрғындары бұл бастаманы қолдап отыр.

Иә, бұл жай ғана қайғылы оқиға емес. Қоғам үшін үлкен мәселе! Күз мезгілінде жаңа оқу жылы басталып, көше бойында жөндеу жұмыстары жиілей түсетіні белгілі. Көлік қатынасы да артады. Тіпті, көше бойындағы бағдаршамдар да істен жиі шығып жатады. Сондықтан ата-аналар мен ұстаздар, тәртіп сақшылары балалардың жолдағы қауіпсіздік шарасын күшейтуі қажет. Себебі, оқушылар жазғы демалыстан кейін өз мектебіне барып-келетін үйреншікті жолда- рына дағдыланғанға дейін біраз уақыт өтеді.

- Қазіргі жасөспірімдер көлік- тен мүлдем қорықпайды. Себебі оңды-солды ағылып жатқан көлік қозғалысына бойлары үйренген. Алайда бұл бейқамдық оларды жол қозғалысының қатерінен сақтамайды. Бастысы, жол жүру ережелерін қатаң сақтауға ерте бастан дағдылануы керек. Оны ата-аналары үйретуі тиіс. Тек айтып қана қоймай, ересектердің жолда жүру ережесін қалай сақтайтынын көрсеткендері жөн. Жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан да балалар байқап өтуі тиіс. Қатты жылдамдықпен келе жатқан көлік уақытылы тоқтап үлгермеуі мүмкін. Сондықтан әркім сақ жүруі қажет, - дейді облыстық ішкі істер департаменті ювеналды полициясының басшысы Бибігүл Қамзина.

Мамандар ата-аналарға өзіндік кеңестерін де айтады. Балаңызды жетектеп, балабақшаға немесе мектепке барғанда бағдаршамның қызметін түсіндіру керек. Жолды кесіп өткенде баламен немесе ұялы телефонмен сөйлесуге болмайды. Бұл әрекеттер қырағылықты кемітеді. Автобустан алдымен ата-ана бірінші түсуі тиіс. Асығып тұрсаңыз да қоғамдық көлікке жүгіруге болмайды. Себебі автобусқа үлгеруді ғана ойлап, барлық қауіпсіздік ережелері санадан шығып кетеді. Мұны көрген бала дәл осы әрекеттерді қайталайды. Оқушылардың жолда жүру ережелерін білуі жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Апаттың айтып келмейтіні белгілі. Жол-көлік оқиғасының орын алуы – көзді ашып-жұмғанша. Жоғарыдағы жантүршігерлік жағдай қайталанбас үшін ата-аналар өз балаларына жауапкершілікпен қарағандары жөн.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

Қара жамылған отбасына қолдау көрсетіп, көмек қолын созғыңыз келсе, «Павлодар мейірімділер клубының» еріктілері ашқан келесі шоттарға ақша аударуға болады.

Каспий Депозит: ИИН 911017450325

Каспий Голд: шот нөмірі 5169 4931 7832 0548

ИИН 801206401619

QIWI кошелек: +77026813230.

saryarka-samaly.kz