Бүгінде аймағымызда Елбасы-мыздың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген жоба жүзеге асырылуда. Мысалы, аталмыш бағдарлама аясында облыстағы жобалық кеңсе жалпы құны 3,5 млрд. теңге болатын 44 арнайы жоба ұсынды. Олардың басым бөлігі қазірдің өзінде нәтижесін көрсетуде. Атап айтсақ, облысымыздың сакралды орындарының картасы құрылуда. «Атамекен», «Нұрлы қоныс», «Мерей» сияқты жобалар тағы бар. Әр бастаманың өз ерекшелігі бар. Дегенмен, бұлардың қатарынан «Мектебіме тағзым» жобасын ерекше атап өтуге болады. Оның аясында білім ордаларының түлектері өз мектептеріне көмектесуі қажет болған. Нәтижесінде аталған бастаманы облысымыз бойынша 500 меценат қолдап, өз мектептеріне жалпы сомасы 93 млн. теңгеге қолдау көрсеткен. Аймақ басшысы бұл жобаның маңыздылығын атап өтті.

- Мектеп ұжымы өздері тәрбиелеп өсірген, бүгінде ауқатты тұратын түлектерінен көмек сұрауында ешқандай сөкеттік жоқ. Бұл акцияны жыл бойы жалғастыруды ұсынар едім. Әр тоқсан сайын оның нәтижелерін шығарып отыруға болады. Осы жобаның көмегімен Качир ауданының Тереңкөл ауылындағы №1 мектепке жапсарлас құрылыс салмақпыз. Сол арқылы мектепті кеңейту көзделуде, - деді облыс әкімі Б.Бақауов.

Бұдан бөлек Болат Жұмабекұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауқымды, өміршең жобаларды ойластыруды тапсырды. Соның бастамасы ретінде аймақтағы жекелей көптеген шағын музейлердің басын бір ортаға тоғыстырып, үлкен ғимарат салу ұсынылды. Мұны мәдениет саласының мамандары, қоғам белсенділері де қолдап отыр. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайының директоры Роза Игібаеваның айтуынша, жаңа музей заманауи үлгіде құрылуы тиіс. Оның ішінде концерт, компьютер залы, лекторий, интерактивті дерекқорлар құру мүмкіндігі болуы қажет.

Жиын барысында аймақ басшысы «100 жаңа есім» жобасына мұқият болуды тапсырды. Оған шын лайықты деген тұлғалар ғана енуі тиіс. Әзірге бұл тізімге облысымыздың атынан 300-ге жуық үміткер ұсынылыпты. Аталмыш жобаға сәйкес респуб-лика бойынша 100 тұлға ғана таңдалатындықтан, облысымыздан әрі кеткенде 10 адамның есімі енуі мүмкін. Сондықтан жобалық кеңсе өкілдері «Павлодар облысының 100 жаңа есімі» жобасын құруды ұсынды.

Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдар-ламасының жобалық кеңсесінің құрылғанына екі ай болған. Соған қарамастан, мұнда айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Аймақ басшысы кеңсе жұмысына оң бағасын берді.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz