Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор екенін атап өтті.

- Елбасымыз рухани жаңғыру міндетін қойып отыр. Соның ішінде жаңа әліпбиге көшу - ол өте маңызды мәселе. Біздің ұлттық сана-сезім, рухани даму, өркендеу жолымыз, осының барлығы қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасау-дан басталады. Себебі Мемлекет басшысы айтқандай, қазақ тілі - рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру - әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Сонымен бірге жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор, - деді ол.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, қазақ тілін жаңғырту оның әлеуетін ашу үшін аса қажет. Яғни латынға көшу алдымен қазақ алфавитін, орфография ережелерін қалыптастыруға бағытталған. Бұл фонетика мен графика арасында сәйкестік орнатуға мүмкіндік береді. Реформаның кезең-кезеңмен әрі жүйелі жүргізілуінің маңыздылығын атап өтті. Реформаны жүзеге асыруға бүкіл азаматтық қоғам атсалысатын болады. Бұл тарихи сәт баршамызға болашақ ұрпақ алдында жоғары жауапкершілік жүктейтінін де тілге тиек етті. Еліміздің рухани-мәдени дамуында айрықша рөлге ие. Н.Нығматулин латын әліпбиіне көшуге еліміз үлкен дайындықпен келгенін де айтты. Ал бастама тіліміздің халықаралық мәртебесін көтереді, сәйкесінше әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі болады. Осыны қоғам түсінуі тиіс, деді Мәжіліс төрағасы.

Сондай-ақ Н.Нығматулин жаңа әліпбиге көшуде ешқандай қателікке жол берілмеуі тиіс дегенді айтты. Әрбір әріп, әр таңба терең талдануы қажет.

Талқылау барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаев Үкіметте латын әліпбиін енгізудің нақты жоспары түзілгенін айтты. Яғни, латын әліпбиінің бірыңғай стандарты бекітілген бойда Үкімет нақты шараларды біртіндеп жүзеге асыруды қолға алады. Жоспар барлық саланы қамтиды. Себебі тіл - қарым-қатынас құралы, деді Е.Досаев. Алдымен мемлекет маман даярлауға кіріседі. Оқу-әдістемелік құралдар, мобильді қосымшалар мен бағдарламалар шығарылады.

Латын әліпбиін әзірлеу жұмысының басы-қасында жүрген мамандар алфавитті ауыстырудан саяси астар іздемеуге шақырды. Бұл тек таза тілдік қажеттілікке тікелей байланысты екенін атап өтті. Мәселен, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек тіл реформасын рухани жаңғыруымыздың өзегіне балады. Ал алфавитті қабылдау – айсбергтің ұшы, қыруар жұмыстың бастамасы, алғышарты, деді Е.Қажыбек.

Ш.Шаяхметов атындағы республикалық орталықтың директоры Ербол Тілешов алфавиттің бірыңғай нұсқасын таныстырды. Жаңа қазақ әліпбиін жасауда «бір әріп – бір дыбыс», «бір әріп – екі дыбыс» және «бір дыбыс» қағидалары қолданылыпты. 25 таңбалы әліпбиге қосымша қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толығымен қамту үшін 8 дыбысты таңбалайтын 8 деграфта ұсынылып отыр.

- Қазақ әліпбиінің латын графикасындағы нұсқасын дайындау бойынша әртүрлі сала мамандарынан, мекемелерден көптеген ұсыныстар болды. Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таңдауда ең алдымен ғылыми принциптер негізге алынды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен практикасына құрылған нұсқа таңдап алынды, - деді Е.Тілешов.

Айтуынша, әліпби жасау және оны енгізумен бірге жаңа жазу ережелері де қабылдануы тиіс. Жаңа әліпби нұсқасы негізінде Ш.Шаяхметов атындағы республикалық орталық қызметкерлері және сырттан шақырылған тұрғындар арасында бірнеше рет апробация жүргізілген. Оған қатысушылардың көпшілігі осы нұсқаға қолдау білдіріпті. Жаңа нұсқада «ә» дыбысы «ae» деграфымен берілсе, «ө» - «oe», «ү» - «ue» деп таңбаланбақ. Мәселен, «әлем» - «aelem», «өркен» – «oerken», «үкімет» - «uekimet» болмақ. Мұндағы айрықша тұрған дыбыс – «ң». Ол - қазақ тіліне тән дыбыс, басқа тілдерде де бар. Бізде «ng» деграфымен беріліп отыр. Осындай деграфпен беру ағылшын тілінде де, басқа бірнеше дыбыс-тарда кездеседі. Сондықтан қабылдау да оңай болады, дейді ғалымдар. Бұдан бөлек, «ғ» - «gh», «ч» - «ch», «ш» - «sh» және «ж» -«zh» болып белгіленуде.

- Ал «ц», «в», «ф» сияқты қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде жоқ дыбыстарды мүлдем алып тастау туралы ұсыныс болған. «Тура осындай мәселе                   1920 жылдары әліпби тақырыбы көтерілгенде айтылған болатын. Жат дыбыстарды кіргіземіз бе, жоқ па, осы мәселе қаралды. Аxмет Байтұрсынұлының әліпбиге қатысты еңбектерін мұқият оқысақ, біз Алаш зиялыларының кейбір кірме дыбыстардың қазақ әліпбиінен орын алуын жақтағанын да көреміз. Мысалы, білімпаздар съезінде Аxмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің сақталуына аз да болса ақысы бар «һ» дыбысы жайында айтқан болатын. Өйткені «һ» дыбысымен айтылатын қазақтың өз тілінде аз да болса сөздер бар дейді. Яғни, Аxаң бастаған зиялылар егер сөздік қорымызда олардың орныққан белгілі бір сөздік қоры болса, ондай дыбысты сақтау қажет деп санайды. Біз де осы принципке келісіп отырмыз. Сондықтан жаңа әліпби нұсқасында осындай дыбыстарға орын бердік, - деп атап көрсетті Е.Тілешов.

Тыңдауға қатысушылар латын қарпін енгізу еліміздің болмысын жаңғыртатынын жарыса айтты. Парламент Сенатының депутаты Дархан Қалетаев бастаманың маңызды екені сөсіз, енді оны тиімді түрде енгізу жолдарын қарастыру қажет, деді.

Яғни реформаны жүзеге асыратын атқарушы биліктің, құзырлы органдардың мойнында үлкен жауапкершілік тұр. Десе де, мамандардың пікірінше, кирилл алфавитімен сауатын ашқан азаматтарға да аса алаңдаудың қажеті жоқ. Себебі «Attila group» компаниясы әзірлеген конвертер жүйесі айтарлықтай көмекші бола алады. Кирилл әліпбиімен оқыған адам «Attila group» компаниясы жасаған конвертер жүйесін компьютеріне немесе ұялы телефонына орнату арқылы кез келген уақытта кез келген мәтінді жаңа әліпби нұсқасына көшіру мүмкіндігіне ие. Интернет-компанияның өкілі Біләл Қуаныштың айтуына қарағанда жүйе өте ыңғайлы. Мәселен, «Абай жолын» 3 секундта жаңа әліпби жүйесіне аударуға мүмкіндік береді. Жүйенің артықшылықтары көп. Мысалы, мамандарымыз он жылдан бері зерттеп келе жатқан қазақ әліпбилерінің конвертер жүйесі - осы күнге дейін әлем қазақтары пайдаланып келе жатқан кирилл, латын, төте жазуларды бір-біріне қатесіз аудара алатын бірегей жүйе. Көпжылдық тәжірибеден өткен осы конвертер жүйесі ендігі кезекте мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиін халық арасында өте ыңғайлы, қолжетімді тұрғыда насихаттап, тез қолданысқа енуіне айрықша қызмет етпек. Ал еуразиялық ықпалдастық институты директорының орынбасары Сергей Селиверстовтің пікірінше, латынға көшу қазақ тілін үйренуге ықпал етеді. Мемлекеттік тілді меңгеруге деген қызығушылық артатынына сенімді.

 

Бекен САҒЫНДЫҚҰЛЫ, филология ғылымының докторы, профессор:

- Кеше мемлекетіміз үшін тарихи сәт болды. Парламент, Үкімет жаңа жазуға көшуге айтарлықтай алаңдап отырғандарын білдіріп, үн қосты. Бұған дейін алфавит арысы 34, берісі 26-28 таңбадан тұрар деп топшылап жүрген едік. Кешегі таныстырғанда жаңа әліпбиде 25 таңба болатыны айтылды. Өте құптарлық таңдау дер едім. Өйткені таңба аз болған сайын оны түсіндіру де, үйрету де тезірек әрі оңайырақ болады. Қазақ тіліне тән төл дыбыстарды да ұтымды таңбалай біліпті. «Ноқат қоямыз ба әлде басқаша қалай ойластырар екенбіз?» деп жүр едім, ғалымдар оның да жолын сәтті тауыпты. Екі таңбамен төл дыбыстарымызды үйлестіре біліпті. Мұндай тәсіл көптеген мемлекеттердің әліпбиінде сақталған. Сондықтан бізде қабылдауда, үйренуде аса қиындық туғызбайды деп ойлаймын.

 

Хабзат БАУЖАНОВ, Халықаралық Қазақ тілі қоғамы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

- Латын әліпбиіне көшу туралы ұсынысты қолдаушылардың бірімін. Елбасымыз латын әліпбиіне көшуді осыдан он жыл бұрын ұсынған болатын.
Президент латын алфавиті коммуни-кациялық кеңістікте басымдыққа ие екенін әрдайым есімізге салып келді. Көптеген елдердің осы қаріпке көшуі де кездейсоқ емес деген болатын. Енді, міне, сол айтылған ойлар іс жүзіне аса бастады. Сондықтан әлемдік тәжіри-беге сүйенетін болсақ, бұл - құптарлық дүние. Бұл - ғылым мен техника тілі. Сондықтан бізге аса қажет. Мәселен, мына екі сөйлемді жаңа әліпбиімізге салып көрсек: Qazaqstannyng latyn aelipbiine koeshwi qaj zhaghynan bolsa da tiimdi aeri qoldawgha lajyq dep bilemin. Zhanga zhazwgha koeshw esh qiyndyq twghyzbajdy dep ojlajmyn.

Байқап көргендей, латынша қазақ сөздерінің оқылуы аса қиындық тудырмайды.

 

Айман ЗЕЙНУЛИНА, С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты:

- Парламентте өткен талқылауды тыңдадым. Өте құптарлық ұсыныстар айтылды. Бұл қадам әлемдегі барша қазақты байланыстырады. Түркі тілдес халықтармен еркін ақпарат алмасуға жол ашады. Әліпбиімізді бірізділікке көшірсек, ұтарымыз көп. Тілдік тазалықты сақтап қаламыз. Бір таңба бір дыбыспен шектелсе, тіліміз шұбалаңқы болып қалар еді. Кешегі отырыста осы олқылық ескеріліпті. Төл дыбыстарымызды қосарланған таңбалармен беру кезінде әліпбиімізде болған. Оны да ғалымдар назарға алыпты. «Латын әліпбиіне көшкенде талай жыл кириллицамен жазылған әдеби қорымыздан айырылып қалмаймыз ба?» деп қауіптенген едім. Кешегі тыңдалымда оның да шешімі бары айтылды. Конвертер жүйесі арқылы 3 секундта «Абай жолын» жаңа алфавитке аудара алады екенбіз. Әріптерді түзуде бірыңғай стандарт енгізу - ең дұрысы. Әйтпесе, әркім өзінше жазса, сауатсыздыққа ұрындырады. Енді осы ретте, алдағы уақытта балабақшадан бастап латын графикасы мен латын тілі пәнін оқыту қажет.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz